Ұлттық рухани жаңғыру

Шіліктінің жәдігері темір теңгеде бедерленді

Ұлттық құндылықты дәріптеуді дәстүрлі үрдіске айналдырған Ұлттық банк «Сақ стилі» биколорлы монеталар сериясын айналымға шығарды. Осылайша олар археологиялық жәдігерлерді жұртқа насихаттауды мақсат еткен. Монеталардың қатарында археологиясы алты құрлыққа танылған Шығыс Қазақстан өңірінің жәдігерін арқау еткен «маскалы» монета да бар.

Ұлттық банк бұған дейін де бірнеше түрлі монеталар сериясын жасаған болатын. Қазақ хандығының 550 жылдығы сияқты мерейлі мерекелер мен мерейтой иелеріне арнап монеталарды айналымға шығарғаны жұртқа мәлім. Бұл жолы археологиялық жәдігерлерді монетаға арқау еткен. Осылайша олар халықты монеталар коллекциясын жинауға белсенді түрде тарту, мәдени-тарихи және ағартушылық құндылықтарды насихаттауды көздеген. Сан ғасырдан бері сақталып келе жатқан сақ стилі – Еуразия даласының кейінгі қола және ерте темір дәуірі мәдениетіндегі жануарлардың бейнелерін орындаудың ерекше тәсілі һәм үлгісі.

Бұл жолы Ұлттық банк бес түрлі монетаны айналымға шығарған. Олар – «Бұғы» мен «Бұғы түріндегі алтын әшекей» (Жетісудағы Жалаулы көмбесі), «Қанатты барыс» (Есік қорғаны), «Бүктетілген барыс» (Орталық Қазақстандағы Талды қорғаны).

Ең ерекше монета – «Маска» (Шілікті қорғаны). Ол отбасын қорғайтын үш кескіннің біріктірілген бейнесі – мысық тектес жыртқыш, екі арқар және ұшқан құс. Бұл – Алтайды әлемге танытқан, біздің дәуірімізге дейінгі VIII-VII ғасырларға тиесілі археологиялық жәдігерлердің бірі.

Нибрасс-нейзильбер қорытпасынан жасалған, номиналы 100 теңгелік, массасы 6,45 грамм, диаметрі 24,5 миллиметр болатын әр монета бір миллион данамен таралды.

Шығыс Қазақстан өңірінде археологиялық құндылықтарды насихаттау жоғары деңгейде қолдау тауып келеді. Соның бір дәлелі ретінде жыл сайын өтетін «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық конференцияны атауға болады.

– Бұл өлке – қасиетті мекен. Осы  жердің қасиеті бізді жыл өткен сайын таңғалдырып, шабыттандырып келеді. Меніңше, осы жерді ата-бабаларымыз «Патшалар алқабы» деп бекер атамаған. Табылған тарихи жәдігерлер қазақтың тамырын тереңге тартқан іргелі ел болғанын айғақтайды. Ғалымдарымыз табылған жәдігерлерді мұқият зерттеп бұрын осы өлкені мекендеген тайпалардың жартылай ғана көшпенді болғанын анықтағанын естідім. Ұдайы көшіп-қонып жүретін ру-тайпалар мұндай күрделі дүниелерді жасай алмауы мүмкін. Мұндай заттарды жасау үшін тұрақты шеберханалар керек. Алдағы уақытта біздің археологтарымыз сондай маңызды шеберханаларды тауып, құнды археологиялық бұйымдарға қол жеткізетініне сенімдімін. Осы құндылықтарды насихаттау мақсатында «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық конференция өткізіп келеміз, – деген облыс әкімі Даниал Ахметов.

Енді, міне, археологиялық жәдігерлерді насихаттау монета шығару арқылы жалғасын тауып отыр. Осылайша Қазақстан теңге сарайында дайындалған сақ стиліндегі бес түрлі монета тарихты арқалап жұртшылыққа жол тартты.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button