Экономика

Тельман ҚАБЫКЕНҰЛЫ, кәсіпкер: – Туристердің жайлы демалуына жағдай жасауға тырысып келеміз

Катонқарағай ауданындағы «Екі дос» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Тельман Қабыкенұлы Жаментиковқа жолығып, шаруашылықтың бүгінгі тынысы мен ертеңгі болашағы туралы әңгімелескен едік.

Тельман ҚАБЫКЕНҰЛЫ, кәсіпкер: – Туристердің жайлы демалуына жағдай жасауға тырысып келеміз

Әуелі жергілікті тұрғындарды
жұмысқа алдық


– Катонқарағай өңіріндегі қадамдарыңыз сәтті басталды. Шығыс Қазақстан туризмін дамытуға екпін қосқан екенсіздер. Қазіргі кезде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Досым Нұржан Жұмағұлов екеуміз үш жыл бұрын Катонқарағай өңірінде болып, туризм бизнесімен айналыссақ деген тоқтамға келдік. Жергілікті басшылықтың келісімімен аудандағы ірі марал шаруашылығын, «Ақсу-Дэен» кәсіпорнын сатып алдық. Бұрынғы алған несие қарыздары, салықтары, жұмысшылардың жалақылары төленбеген, соның бәрін өтеп, жаптық. Жұмысшылардың еңбекақысын өсірдік, ақшаларын уақытында алып отырады. Ел риза. Туризмді дамыту бағытында ғана емес, марал мен ара шаруашылығын өркендетуді қолға алдық. Енді осы шаруашылықтарға аса қажетті жабдықтарды алмастыруға, жаңа өнімдер шығаруға талпынып жатырмыз.

– Өткен жылы еліміздегі ең таңдаулы кәсіпорындар байқауына қатысып, лауреат атағын иеленген едіңіздер.

– Үкімет бизнестің белсенділігін арттыру бағытында үлкен шаралар атқарып келеді. Елімізде жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентінің сапа саласындағы жетістігі үшін берілетін «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауарлары» атты байқаулары өткізіліп тұрады. Былтыр «Алтын сапа», бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі саласындағы «Парыз» байқаулары бойынша сыйлықтарының және Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсіміне қатыстық. «Халық үшін үздік тауарлар» аталымы бойынша «Ақсу-Дэен» ЖШС және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауында «Екі дос» ЖШС лауреат атанды.

– Өз істеріңізді неден бастадыңыздар?

– Біз табиғаты тамылжыған таңғажайып Катонқарағай өңірінде туризмді дамыту мақсатында «Екі дос» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрдық. Ал туризмнің ілгері басуы марал шаруашылығымен тікелей байланысты. Жоспарымызды ойдағыдай орындау үшін алдымен жұмысшыларымызға, жергілікті тұрғындарға барынша жағдай жасаумен айналыстық. Топқайың ауылының тұсында «Нұрбұлақ» емдеу-сауықтыру кешенін салудан бастадық. Құрылыс жұмыстарын жүргізу, қажетті материалдарды алыстан тасымау үшін Белқарағай ауылында ағаш өңдейтін, кірпіш құятын цехтарды аштық. Құрылысқа өз ұжымымыз шығарған өнімдерді пайдаландық. Өндіріс орындарына арнап бұрынғы мал бордақылайтын қораларды қайта жөндедік. Құрылыс материалдарын шығаруға қажетті әртүрлі 20 станок әкеліп орнаттық. Ағаш өңдеу цехына жергілікті 25 тұрғынды жұмысқа алдық. Сондай-ақ, құлағалы тұрған қораның төбесін алып тастап, қабырғаларын жөндеп, жабдықтарын жеткізіп, үй салуға өте ыңғайлы кірпіш зауытын іске қостық. Онда 5 адам жұмыс істеп жатыр. «Нұрбұлақта» сырты қазақтың киіз үйі үлгісінде жеті үй, ағаштан 20 үй салынды. Үйлерді өзгешелендіріп, өз жобаларымыз бойынша салып, шипажайды халық игілігіне бердік. Оларда қонақтардың қалауына сай қызмет көрсетудің барлық мүмкіндіктері жасалған. Қазіргі кезде бір мезгілде 150 адамға дейін демалып жататын орын бар. Бұған қоса емдеу-сауықтыру кешендерін салдық. Бұл күндері біздің фирмада пантымен емдеу-сауықтырудың төрт демалыс орны жұмыс істеп тұр. Жаз маусымында панты бұлауымен емделуге келушілердің легі жыл сайын көбейіп келеді. Жапониядан, Түркиядан, Араб елдерінен, Германиядан, Ресейден, Украинадан туристер келіп жатыр. Соларды қарсы алып, көлігімізбен апарып, демалғаннан кейін Өскеменге жеткізіп саламыз. Әуе, теміржолдарына билеттерге тапсырыстарын орындаймыз. Біз демалушыларға барлық жағдайды жасап, лайықты қызмет көрсетпесек, өңірдегі туризмді дамыта алмайтынымыз баршаға аян.

Екі жарым мың маралымыз бар


– Тельман Қабыкенұлы, саланы дамыту үшін тағы қандай жұмыстар атқарылғаны жөн. Бұл бағытта қолға алынып жатқан шаруалар бар ма?

– Төрт жерде марал өсіретін шаруашылығымыз бар. Қазіргі уақытта жұмысымызды ары қарай кеңінен өрістете жүргізу үшін марал басын көбейтуге жағдай жасау шараларымен айналысып жатырмыз. Бұл күндері марал саны екі жарым мыңға жетті. Былтыр маралшыларымыз төл алу науқанын ойдағыдай өткізді. Олар қарамағындағы әр жүз маралдан 40 қозықа алды. Мамандар мұны бұрын-соңды болып көрмеген жақсы нәтиже деп отыр. Жануарлар табиғи жайылымдардағы азығына қосымша жеммен, шөппен қоректендірілуде. Маралшылар үшін таулы жерден шөп дайындау да оңай шаруа емес. Өткен жылы маралдың қысқы азығы молынан дайындалды. Маралдың жеміне арнап 150 гектар жерге сұлы егілді. Жануарлар қыстан күйлі шықты. Енді маралдың тұқымын жаңартуға көңіл бөліп жатырмыз. Келешекте асылдандыру және көбейту мақсатында Ресейден бұғы сатып алмақпыз. Марал шаруашылығында елу адам жұмыс істеп жатыр. Марал мөлдір суы бар, құнарлы шөбі мол, биік таулы аймақтарда жыл бойы жайылып мекендейді және осындай жағдайда ғана өсіп-өнеді. Марал мүйізінің – пантының сапасы ұлан-ғайыр жердегі жайылымдарға байланысты. Қар жауғаннан кейін маралдар қосымша азықтандырылып, қыс бойы жемі мен шөбі беріледі. Келешекте «Нұрбұлақтың» іргесіне де марал жайылымын ашу жоспарланып отыр. Ол үшін жанында 10 гектар жайылымдық жер бар. Ақсуда ара өсіріп жатырмыз. Ақсудың балы – ең таза, сапалы, әзірге 15 ара шелек ұясы бар. Шаруашылықты өркендету үшін бес жаңа «Беларусь» тракторын, автомобильдер, тауда жүретін төрт жеңіл машина сатып алдық. Картоп өсірумен де айналысып жатырмыз. Сондай-ақ, бүгінгі таңда 400 адамды жұмыспен қамтып отырмыз.

– Пантыдан түрлі дәрілерді жасап шығаратын «Ақсу-Дэен» кәсіпорнында қандай жаңалықтар бар?

– Біздің бірлескен кәсіпорында марал мүйізінің негізінде аса бағалы бал, сандаған емдік шөп араластыра отырып жасалған фармакологиялық дәрі-дәрмек шығарылады. Пантыдан жасалған өнімдердің адам ағзасына пайдасы ерекше. Ағза шаршаған кезде күш-қуатты күшейтеді. Халықаралық стандарт сертификатымен 35 түрлі дәрі-дәрмек, бес түрлі бальзам, пантокрин, пантогематоген шығарылуда. Алтайдың маралынан алынған пантының тиімділігі өте жоғары. Дәрілердің жаңа түрлерін шығаруды қолға алдық.

– Жергілікті тұрғындарға қандай қайырымдылық көмек көрсетіп жатырсыздар?

– «Нұрбұлақта» Голландияның жасыл жамылғысы төселген үлкен теннис пен футбол алаңдарын, хоккей кортын салдық. Демалыс үйінде тренажер, бильярд залдары, ашық суда жүзетін 25 метрлік үлкен және жабық екі бассейн, би алаңы бар. Топқайың, Катон ауылдарынан балалар келіп, бассейнге суға түседі. Жазда футбол, қыста хоккей ойнайды. Балаларды спортқа тартып жатырмыз. Спорт жарыстарын жиі өткіземіз. Болашақта ауыл спортын дамытып, балаларды баулу ойымызда бар. Жергілікті тұрғындар келген қонақтарын әкеліп, шипажайды аралатып көрсетіп те жатыр. Шипажайдың өзі қазір үлкен ауыл болып кетті. Сондай-ақ, Ақсу ауылында да жасыл төсенішті футбол, волейбол және жастардың би алаңын, балалар қалашығына әртүрлі ойын алаңшаларын салып бердік. Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің аты-жөндері жазылған ескерткіш орнатып, ардагерлер аллеясын аштық. Балалардың бос уақыттарын көңілді өткізулері үшін музыкалық орталық, спорт жабдықтарын, спорттық командаларға арнайы үлгідегі киім-кешектерін алып бердік. Мереке күндері ардагерлерді марапаттап, концерттік нөмірлерді ұйымдастырып отырамыз.

– Жергілікті халықтың әл-ауқатын арттырудағы туризмнің әлеуметтік рөлі қандай болмақ? Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Туризм саласын дамыту жолдарын қарастырып жатырмыз. Кешенді жоспарлар баршылық. Ақсуда халықтың сұрауы бойынша жанар-жағармай құятын стансаны салып бітірдік. Енді соны іске қосамыз. Жүн түтетін цех салып жатырмыз. Тігін цехына қажетті жабдықтарды сатып алдық. Ақсуда өз өнімдерімізді сататын дүкен салып жатырмыз. Ұстахана ашпақпыз. Жабдықтарын алдық, соны жеткізіп, «Ақсу» деген шипалы су шығармақпыз. Туризммен айналысқаннан кейін туристер шаршамай жетсін, қона жатып бір күн суға шомылып, демалсын деген жоспармен Бұқтырманың жағалауында демалыс орнын салмақпыз. Содан кейін ары қарай су көлігімен серуендетіп, межелі жерге дейін апарып, ары қарай автобуспен жеткізіп салмақпыз. Глубокое ауданы, Степное ауылында фанера шығаратын, жиҺаз жасайтын зауыттарды салып бітірдік. Жабдықтары дайын тұр. Соларды жеткізіп, орнатып, бір айдың ішінде екі зауытты да іске қоспақпыз. Онда 100-150 адам істейтін болады. Жүз адамға арнап, жатақхана типтес үй салдық. Өңірімізде қалыптасып келе жатқан оң үрдiстер саланың ұзақ мерзiмдi мiндеттерiн шешуге де мүмкiндiк бередi. Қазақ жерінің тартымды табиғатына ықыласы құлай ауған шетелдік саяхатшылардың қатары жылдан жылға ұлғайып келеді. Қазір солардың көбі ат басын төр Алтайға бұра бастады. Біз бәсекеге қабілетті туристік индустрияны қалыптастыру бағытында бүгінгі талғам деңгейіндегі демалыс орындарын ашып, сол туристердің жайлы демалуына жағдай жасаумен айналысудамыз.

Cұхбаттасқан – Әлімжан Қадылбекұлы

Осы айдарда

Back to top button