Қоғам

Тексерулердің заңдылығын қадағалайды

Тексерулердің заңдылығын қадағалайды


Еліміздің экономикасының гүлденуіне жеке кәсіпкерліктің қосар үлесі ауқымды. Сол себепті де бүгінгі таңда мемлекет бизнестің өркендеуіне ерекше жағдай жасап, оларды аяқтан шалатын әртүрлі жөн-жосықсыз тексерулерге жол бермеуді көздейді.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша басқармасы ұйымдастырған дөңгелек үстелде заңсыз тексерулерге жол бермеу мәселелері талқыланды. Жиынға шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер, мемлекеттік қадағалау органдарының мамандары, облыстық кәсіпкерлер палатасының, «Нұр Отан» партиясының өкілдері жиналды.

Аталмыш басқарманың арнайы есепке алу бөлімінің прокуроры Динара Игенованың мәліметтері бойынша, жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру былтырғы жылмен салыстырғанда 5617-ден 4762-ге немесе 15,2 пайызға кеміген. Басқарманың өкілетті прокурорлары тексерулердің негізділігін және заңдылығын қадағалап отырады. Жыл басынан бері негізсіз тағайындалған 65 тексеру тіркеуден бас тартылып, төрт заңсыз тексеру әшкереленді. Заңға қайшы тексерулер Семей қалалық ветеринария бөлімінде, байланыс инспекциясында және екі тексеру ІІД-де жүргізілген. Мысалы, байланыс инспекциясының басшысы «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-не 80 АЕК көлемінде айып салу туралы заңсыз әкімшілік хаттамасын шығарғаны анықталды.
Қызмет бабын пайдаланған басшының тәртібі кейін мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кеңесінде талқыланып, тәртіптік жауапқа тартылды.

-Біздің басқарма барлық мемлекеттік қадағалау органдарының тексерулерін тіркеп отырады, – деп атап өтті басқарма бастығы Мұрат Құсайынов. – Егер тексерулерді тағайындау тәртібінде заңбұзушылық анықталса, тіркеуден бас тартамыз. Өйткені, біз бизнес пен мемлекеттік органдардың арасындағы көпірдің рөлін атқарамыз.

Бүгінгі таңда құқықтық статистиканы жүргізудің Бас прокуратура мен комитет деңгейінде қабылданған инновациялық шешімдері бар. Олар бизнес пен кәсіпкерліктің мүдделерін қорғауға бағытталған. Сондай жобалардың бірі – былтырғы сәуір айынан енгізілген ЕРСОП ( ТСОБР, тексерудің субъектілері мен объектілерінің бірыңғай реестрі) жүйесі.

Динара Игенованың түсіндіруінше, бұл бағдарлама әлеуетті құқықбұзушыларды өзі іріктеп, кімді, қашан тексеру қажеттігін де өзі анықтайды. Осылайша, тексерулердің кезектері мен тізімі адам факторының қатысуынсыз бекітіліп, жүзеге асуға тиіс.

Үстіміздегі жылдың 31 наурызынан кәсіпкерлерге көмекші ретінде іске қосылған «Qamqor» мобильді қосымшасы да өте тиімді екенін дәлелдеп үлгерген. Алда тексеру жоспарланса, бизнесменнің қалта телефонына «Сізге тексеру келеді!» деген рuch-хабарлама түседі. Кәсіпкер тексерушілер туралы мәліметтерді, олардың келетін мерзімін, тексерудің қаншалықты заңдылығын, негіздемесін осы қосымшадан біліп отырады.

Қолданушы тексерудің қалай өтіп жатқаны, қандай заңсыздықтардың орын алғаны жайында хабарлама жолдай алады. Барлық мәліметтер бірден комитеттің аумақтық басқармаларына түседі де, толық жауаптар қайтарылады. Сонымен қатар, қосымшада ең жиі қойылатын сауалдар мен олардың жауаптары орналастырылған. Ұйымдастырушылар мобильді қосымшаның республика көлемінде жыл аяғына дейін толық жұмыс істеп кететініне сенімді.

Кәмәл Естай

Осы айдарда

Back to top button