Денсаулық сақтау

Тегін дәрі-дәрмек алу жайы сөз болды

Тегін дәрі-дәрмек алу жайы сөз болды


Облыстық ардагерлер кеңесі президиумының кезекті отырысында зейнеткерлерді тегін және қолжетімді бағадағы дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі қарастырылды. Бұдан бөлек, Өскемендегі екі ардагерлер ұйымының атқарып жатқан жұмыстары жөнінде кеңінен әңгіме өрбіді.

Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова баяндама жасап, ардагерлерді жеңілдікпен дәрі-дәрмек алу мәселесін бірлесіп шешуге шақырды.

– Өскемендегі барлық дәріханада тегін медикаменттер берілмейді, себебі дәрі-дәрмекті тегін босататын мекемелердің арнайы тізімі бекітіледі. Осы орайда, қаладағы «Медик» дәріханалар жүйесі мен «Ремедиум» дәріханасынан ғана дәрігердің нұсқауымен жазылған тегін медикаменттерді алуға болатынын айта кеткен орынды. Алдағы уақытта жеңілдікпен дәрі-дәрмек алуға байланысты мәселелер туындаса, біздің басқармаға хабарласыңыздар, – дейді Райфа Сафиоллинова.

Жиында №5 қалалық ардагерлер ұйымының төрайымы Наталья Уколова сөз алып, ағымдағы жыл басынан бері атқарған жұмыстарын қорытындылады. Биыл Соградағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған 39 отбасыға көмек көрсетілген. Сонымен қатар төрт зейнеткер қарттар үйіне орналастырылып, 15 ардагер мен тыл еңбеккері тегін профилактикалық ем қабылдаған.

– Мереке сайын зейнеткерлерді құттықтап, демеушілердің көмегімен оларға сый-сыяпаттар беріп тұрамыз. Жалпы, біз жалғызбасты қариялар мен күнкөрісі төмен отбасыларды еш уақытта назардан тыс қалдырмаймыз, – дейді Наталья Уколова.

Жиын барысында Үлбі металлургиялық зауытындағы ардагерлер кеңесінің жетекшісі Владимир Ломов қарттарға әлеуметтік жағынан көмек көрсету мәселесі жөнінде әңгіме қозғады. Бұдан бөлек, басқосуда зейнеткерлердің көкейінде жүрген басқа да сұрақтар төңірегіндегі мәселелер талқыланды.

Ажар Мұратқызы

Осы айдарда

Back to top button