Мәдениет

Тарбағатайдың тумасы «Қыз Жібек» фильміндегі басты рөлге шақырылыпты

Редакциямызға «Дидар» газетінің байырғы оқырмандарының бірі, Өскемендегі №8 орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы, запастағы капитан Асылан Күжібаев ұсынған мына фотосуреттің тарихы қызықты деуге болады.

Тарбағатайдың тумасы «Қыз Жібек» фильміндегі басты рөлге шақырылыптыСурет 1960 жылы Мәскеу қаласында ДОСААФ-тың кезекті съезінде түсіріліпті. Оның оң жағындағы алдыңғы қатарда бірінші тұрған – Тарбағатай ауданының тумасы Күлсира Долданова. Ал суреттегі әскери формадағы адамдар сол замандағы даңқы жер жарған Совет Армиясының маршалдары С.Буденный мен В.Рокоссовский.

– Күлсира апайым ол кезде он сегіз жастағы бойжеткен екен. Ол кісі 1958-1962 жылдары Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы қазақ педагогикалық училищесінде оқып жүріпті, – дейді осы орайда Асылан Долдаұлы. – Апамыз оқудан қолы бос уақытында парашют спортымен шұғылданып, ДОСААФ ұйымының белсенді мүшесі болыпты. Кеңес өкіметі кезінде Армияның ерікті көмекшілері саналатын сондай қоғамдық әскери-спорттық ұйымның болғандығын аға ұрпақ жақсы біледі.

Күлсира Долданова ауылда жүрген бала кезінде аттың құлағында ойнайтын шабандоз болыпты. Әрі мылтықты да жақсы ататын. Әкесі Долда аңшы болғандықтан қызын да ер балаша тәрбиелеген көрінеді. Жас кезінде шашы тілерсегіне түскен, әрі көрікті қыз болғандықтан, оның үстіне атқа шауып, мылтық ата білетіндігі қосылып, алғаш «Қыз Жібек» фильмі түсірілер кезде Жібектің бейнесін сомдайтын актерлікке де шақырылып, конкурстан өтіп, талай үміткерлер арасынан жеңімпаз болыпты. Алайда отбасылық жағдайға байланысты ол киноға түсе алмапты.

– Күлсира апайым қазір аман-сау, Қызылорда қаласында отбасы, бала-шағасымен бірге тұрып жатыр. Міне, осыдан 52 жыл бұрын түсірілген бұл суреттің тарихы осындай, – дейді бауыры Асылан Күжібаев.

Еркінбек Асқарұлы

Осы айдарда

Back to top button