Экология

Су айдындарын тазартты

Балық шаруашылығы саласында су айдындарын тазарту мақсатында «Таза су айдындары» табиғат қорғау акцияларын өткізу туралы бұйрық шыққан болатын. Соған орай акция өткізу мерзімдері тағайындалып, аталған акция жер-жерде ұйымшылдықпен жүзеге аса бастады.

Біздің облысымызда бұл мерзім 15 сәуірден 31 мамырға дейінгі аралыққа белгіленген болатын. Соған орай Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық инспекциясының басшысы С.Кітапбаев Күршім ауданына арнайы келіп, Зайсан көлінің жағалауындағы ауылдарда үш күн бойы тазалық шараларын ұйымдастырды. Алғашқы қадамды ол Ақсуат ауылынан бастаған болатын.

«Төретоған» және «Дигам» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшылары, облыстық мәслихаттың депутаты Н.Қасымханов, Amanat партиясы Күршім аудандық филиалының атқарушы хатшысы А.Әбілмәжінов, аудандық балық инспекциясының инспекторлары Балықшы ауылдық округінің орталығы Ақсуат ауылына ертелетіп келіп жеткен-ді. Таңертеңгі сағат тоғызда ауыл тұрғындары өз техникаларымен шығып, жағалауды тазарту жұмыстарын бастап кетті.

– Нұр Зайсаннан маржан сүзген бейнетқор қауым, бүгін біз ерекше бір жауапты да сауапты науқанда бас қосып отырмыз. Олай дейтінім, өзіміздің кәсібімізді айырып, нәсібімізді теріп отырған асыраушымыз – көл айдынын тазарту үшін тізе қоса қимылдап, ұйымшылдық пен берекенің нағыз үлгісін көрсетіп жатырмыз. Бұл – білген адамға үлкен адамгершіліктің, ұқыптылықтың, бізді, біздің неше буын ата-бабаларымызды асыраған шалқар айдынға деген шынайы қамқорлықтың белгісі. Көл айдынын, оның жағалауын алуан түрлі қоқыстардан тазарта отырып, біз ішер су мен өзіміз еңбектенетін, балаларымыз асыр салып ойнап, жаз бойы суға шомылатын құмды жағаны абаттандырып қана қоймаймыз, таза суда өсіп-өніп, келешекте өзімізге азық болатын балық тұқымының молайып өсуіне де жол ашамыз, – деді балық инспекциясының басшысы.

Осыдан кейін жиналған қауымның бір бөлігі жағадағы қоқыстарды жинауға кірісті де, моторлы қайыққа мінген екінші топ көлде қалып қойып, балықтардың босқа қырылып, ысырап болуына әкеліп соғатын ескі ауларды, арнайы сүзгілерді сүйрете жүріп, жинақтай бастады. Бұл өте нәтижелі жұмыс болды, үш-төрт  сағаттың ішінде көл табанында жатқан тоннадан артық ау қалдықтары жиналып, оны әдейілеп қойылған көтергіші бар трактор  тіркемелерге тиеп жатты. Бұдан соң жағадан жиналған қоқыстар мен әлгі зиянды аулар бір жерге үйіліп, өртелетін болады. Осылайша, балықшы қауым өздері күнделікті тірлік жасайтын аумақты мұқият тазалап, қараған көз қуанатындай қалыпқа келтірді.

Келесі күні осы науқанға әдейілеп келген тілектес қауым Жолнұсқау ауылына аттанды. Ол жерде бұларды асыға күтіп отырған жергілікті жұрт тиянақты да берекелі бірліктің үлгісін көрсетіп, тазалыққа белсене атсалысты. Одан кейін ат басын тіреген Аманат ауылының жұртшылығы да ортақ іске барынша түсіністікпен қарап, жұмыла еңбектенді. Ауылдастарының ширақ қимылдарына оң бағасын беріп, ризалық білдірген Санақбек Қанапияұлы олардың барлығына алғыс айтып, келешекте де осы биіктен көрінулеріне тілектестік білдірді.

Барша жұмыс мәреге жеткен соң алдағы күндерге болжам жасап, жоспар құрған инспекция басшысы бұл шараның мамыр айының соңына дейін жалғаса беретінін ортаға салды. Ал оған жетекшілік жасау үшін бұдан былай Күршімдегі мекеменің алты инспекторы екі-екіден үш ауылға бөлініп, көппен бірге жұмыс жүргізетін болады.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button