Журналистік зерттеу

Соғымға әркімнің қолы жете ме?

Қазаққа ғана тән соғым сою дәстүрінің заман құбылған сайын мәні мен мазмұны өзгеріп келеді. Бұрын қазақ қыстан қытымыр хабар жетсе, соғым сояр сәт келді деп қуанатын. Ал қазір сол берекелі науқан талайға уайым болып жүр. Қалай десек те, қалалық болып, басқа құндылықтарға біртіндеп мойын ұсынсақ та қанымызға сіңген қасиеттен арыла қоймағанымыздың белгісі болар бұл.

Соғымға әркімнің қолы жете ме?

Тіске кіруін қоймаса да,
түске кіруін сиретті

«Соғымға сиыр сойғаны ұят болған екен», «соғымының қазысы бес еліден айналыпты» деген тіркестер ауылдағы ағайынның әл-ауқатынан хабар берер кілт сөздер еді. Бұрын соғымға неше ірі мал, неше ұсақ мал сойдың деп сұрайтын қазақ, бүгін «Соғым сойдың ба?» деп сұрайтын болдық. Өйткені, ет қазақтың тісіне кіруін қоймаса да, түсіне кіруін сиреткен. Олай болуына қазақтың қалаға қотарылуынан бөлек ет бағасының қымбаттығы да себепкер болып отыр. Қазір қаланы былай қойғанда, ауыл-аймақтың өзінде соғымды сатып алушылар бар. Күнұзақ қызметтен қолы босамайтын отбасылардың көбі соғым түгіл сүтті де сатып алуға машықтанған. Заманның озықтығы дейміз бе, әлде, тозықтығы дейміз бе, бүкіл әлем табиғи өнімнің артықшылығын асыра мақтап жатқанда қазақ дайын фабрикаттарға тәуелді бола бастады.

Солайша соғыммен бірге тұтас бір салт-жоралғылар жиынтығы ұмытыла бастады. «Қазақ неге соғым соймай жүр?» деу аттаншылдық болар. Өйткені, қысты қызылсыз өткізетін қазақ қалай десек те саусақпен санарлық. Бұлай деп кесіп айтуымыздың да себебі бар. Таныс адамдардың бірталайына сұрау салған едік, соғым соймайтындары жоқтың қасы болып шықты. Бәлкім ортамыз осындай болар, тамырын ауылдан ерте үзген елдің тіршілігі басқа шығар деген ой келді. Ой келді де, Өскемендегі базарларды жағалап, ондағылардың тамырын басып көрдік.

Қалаға жөңкілген алғашқы лекпен облыс орталығының іргесінен қоныс тепкен отбасының отанасы Айнұр Сағиева бұл күнде Глубокое кентінде тұрып жатқанын, соғым мәселесін қарашаның алғашқы суығы түскен кезде шешіп алғанын айтады.

– Екі жанұя бөліп аламыз. Баға қымбат болған соң жақындарыңмен жалғасуға тура келеді. Мұның да өз берекесі бар. Қысты соғымсыз өткерген кезіміз болған емес. Әр жылы әрқалай ретін тауып отырамыз. Мәселен, былтыр бір туысқандарымыз ақшадан қысылып, сиырын 75 мың теңгеге сатқан болатын. Бағасы келісті болғандықтан соғым науқаны түгіл күз келмегеніне қарамастан сатып алдық. Биыл 160 мың теңгеге бір құнажынды сатып алып сойдық, – дейді.

Соғымды тауып сою бар да, оны сақтай білу бар. Әсіресе, қала тұрғындары үшін бұл әжептәуір бас ауыртар мәселе. Қалаға көшіп келе қалған жылдары соғымның зары өткен бір ағамыздың тұтас бір сиырдың етін сатып алып, оны қайда сақтарын білмей шақша басы шарадай болғанын өз аузынан естіген едім. Ет бұзылса, тұз себу керектігі есіне кеш түскен әлгі ағамыз ақыры қып-қызыл ақшаға сатып алған соғымын жақындарына таратып беруге мәжбүр болса керек. Ал Айнұр Сағиева соғымның етін сыйғанынша тоңазытқышта сақтайтынын айтады.

– Тоңазытқышқа сыймағанын балконда кептіреміз. Соғым етін ептеп жүріп үш айға жеткіземіз. Кей жылдары онымыз қыстың аяғына жетпей, қой етіне ауыз саламыз. Балаларымның атасы ауылдан қой сойып әкеп тұрады. Соның арқасында базарға ет алу үшін келетін кездерім сирек. Базардан ет алмауға тырысам. Адал сойылған атамыздың етіндей қайдан болсын. Тұрақты баспанасы мен табысты кәсібі бар адамдарға соғымды сақтау әлдеқайда жеңіл деп ойлаймын. Ал пәтерден-пәтер жалдап, күні көшумен өтетін жас отбасыларға соғым түгіл баспана қайғы ғой. Ондай қонары мен ұшарын пәтер иесінің көңіл күйі білетін жанұялар соғым сойған күннің өзінде оны жарытып сақтай да алмайды. Сондықтан қысты қызылсырап өткізетіндердің саны қалалы жерлерде әлдеқайда көп, – дейді ол.

Қысты қызылсыз өткізетіндер де бар

«Соғым деген не керек?» деп ойлайтын қазақтар да бар екен. Базар маңынан кездескен электрик ағамыз сондай ойдағылардың бірі болып шықты. Өзін Елдар Айдархановпын деп таныстырған жігіт ағасы соғымға сойылған ет ескірген соң құнары жоғалып, жаңа сойылған кезіндегідей дәмді болмайды деп ойлайтынын айтып берді.

– Соғым союдың қаншалықты қажеті бар екенін түсінбеймін. Керісінше ерте сойып алған ет ескіріп кетпей ме? Мәселен, дүкенде айлап сақталған алма мен ағаштан жаңа ғана жұлып жеген алманың айырмашылығы жер мен көктей. Сол сияқты қанша бұзбай сақтады деген күннің өзінде ерте сойылған малдың еті жас еттен әлдеқайда сапасыз болады. Сондықтан өз басым соғым іздеп бас қатырмаймын. Үнемі аз-аздан сатып алып отырамын. Апта сайын өтетін жәрмеңке тұрғанда еттен қысыла қоймаспыз, – дейді ол.

Ауылдағы ағайын соғым кезінде бұрынғыдай аста-төк берекеден бас тартып, үнемшілдікке бейімделе бастағаны да жасырын емес. Бірі осындай томаға-тұйық үнемшілдіктің кесірінен соғымға қатысты салт-жоралғының ұмытылып, адамдардың жатбауырланып бара жатқанын алға тартса, енді бірі өз үйішіңмен ғана сойған соғымның «тентек судың көмегімен» сойылған соғымнан әлдеқайда берекелі екенін айтады. Соғымды ішімдіксіз сою расымен де қоғамдағы жақсы өзгерістердің бірі. Бұрынғыдай соғымның соңы жанжалға айналатын жағдайлардың сиреуі расымен қуанарлық жайт.

Соғым қанша тұрады? Дәл қазіргі сәтте Өскемен базарларындағы ет бағасы соғым науқаны келді екен деп бәлендей қымбаттай қоймаған. Мұнда сиыр етінің бір келісі 1000 теңгеден 1600 теңгеге дейін барады. Жылқы етін 1200-1500 теңгеге алуға болады. Ал қазыға деген сұраныс өзгеше. Оның келісі 2500 теңгеге дейін жеткен. Алайда бұл – қаладағы баға. Соғым науқаны қаладағы ет бағасына айтарлықтай әсер етпегенімен, ауылда соғымға жарамды малдың пұлы қымбаттайтыны шындық. Амалын тауып, жалықпай іздеген адам 150 мың теңгеге бір отбасыға жетер соғым таба алады.

Ал өңірдегі ет бағасына тұрақты мониторинг жасап, оның себептерін зерделеп отырған «Қазагромаркетинг» акционерлік қоғамының облыстық филиалының директоры Жомарт Хамзин ет бағасы биыл жыл бойында тұрақты сақталғанын айтады. Бағаға мониторинг жасаушы мекеменің басшысы әр ауданда ет бағасы қанша екенін нақты айта алмайтынын мойындады. Себебі, аталмыш мекеменің өкілдері барлық аудандарда қызмет атқармайды. Көптеген аудандардағы бағаны орталық екі арадағы делдалдардан сұрап білетінін де айтып қалды. Нақты ресми мәлімет ретінде Өскемендегі орташа бағаны ғана бере алатынын айтқан Жомарт Хамзин барлық аудандар осы бағаға қарап бой түзейтінін қайталаумен болды. Оның айтуынша, Өскеменде сиыр етінің орташа бағасы 1155 теңгені құраса, қой етінің бір келісі 1130 теңге көлемінде

Мекеменің мәліметіне сенсек, дәл қазір облыс орталығында қой бағасы орта есеппен 29150 теңгеге жеткен. Сиырдың «ересек» санатына жататын жастағыларының орташа бағасы 178500 теңге болса, осы санаттағы жылқының орташа бағасы 259 мыңның үстінде.

– Ауылда да дәл осы баға тұр деп айтудан аулақпын. Мал иесінің өзінен алса, бұдан арзанға түсетіні рас. Делдалдар осы іспен айналысып жүргендіктен баға қосатыны жасырын емес. Алайда «олар бағаны аспаннан алады, ойларына келген баға жасап, өндірушіні қанайды» деген түсінік жаңсақ. Нарық заңдылығына орай олар да елдің тұрмыс деңгейін, табыс мөлшерін назарға алуға мәжбүр. Соғым науқанының тұсында мал қымбаттайды десеңіз, қателесесіз. Өйткені, сатушы да, алушы да бұл кезеңге ерекше дайындықпен жетеді. Керісінше, мал бағасы соғымға сойылған ет түгесілер шақта қымбаттауы мүмкін, – дейді ол.

«Қазагромаркетинг» АҚ таратқан ресми мәліметтен өзге өңірлердегі мал бағасын салыстырып көрген едік. Біздегі қой мен сиырға деген сұраныстан тек Ақтау қаласы ғана асып тұр. Ал ішсең, сусын, жесең, ет, мінсең, көлік болған қылқұйрыққа деген сұраныс бойынша алдымызға қостанайлықтарды ғана жіберіп тұрмыз. Тіпті, соғымға жылқыдан басқаны жаратпайтын Арқа өңірі де бұл бәсекеде бізге жол берген. Ал қуырдақтың көкесін көргіңіз келсе, 395 мың теңге төлеуіңіз қажет. Қазақстандағы түйенің бағасы осындай.

«Соғымға бас қатырған кезім жоқ»
дейді Секен Тұрысбеков


Соғым науқаны алдындағы халықтың әрекетін бақылай жүріп қалаға құйылған көштің ауылдан іргесін әлі де болса ажырата қоймағанына көз жеткіздік. Бірінің ата-анасы, бірінің аға-інісі аузына дайын соғымды тықпалап отырмаса да, арзан мал қарастырып қою сынды көмегін аяп отырған жоқ. Соғым тұсында қаладағы ет бағасының қымбаттамауы да осыған байланысты-ау деген ойда қалдық.

Ауылдан іргесін ажырата қоймаған азаматтың бірі – танымал күйші, Үржар ауданының тумасы Секен Тұрысбеков. Жаз жайлауда қымызға бөгіп, қыс болса соғымның қызығын көрген қазақи тұрмыстың ортасында өскен сазгер алты ай қыста екі малдың етін жейтінін айтады. Танымал өнерпазға соғым атап, уәде берушілер көп болғанымен, сөзінде тұратындары сирек екен.

– Жылына 40-50 адам соғым атап жатады. Өздері сұранып тұрғасын мекенжайды қалдырып кетем. Алайда солардың ішінде сөзінде тұратындары некен-саяқ. Соғымға аса бас қатырған кезім болған емес. Кейде қалталы азаматтар қамтамасыз етіп жатады. Ондай істің сәті түспесе, өзім сатып аламын. Әсіресе, өзім туып-өскен Үржар, Семей өңірінің азаматтары соғымнан тарықтырмайды. Биыл күзге қарай ірі қараны жығып алған едік. Ал соғымға жылқы соймақпын. Бағасы 350 мың теңгеге шықты, – дейді Секен Тұрысбеков. Ағамыз соғымды сойып қана қоймай, онымен байланысты жоралғылардың барлығын ұстануға тырысатынын айтады. Әсіресе «соғымбасын беруге» асқан ыждаһатпен қарайтын домбырашы осы сыйлы асқа жыл сайын шақыратын тұрақты қонақтары бар екенін де жасырмады.

– «Соғымбасын беру», «шеке жегізу» деп жатамыз, осы бір салтты қатты сақтаймын. Жыл сайын өзім сыйлайтын ақсақалдар мен әпкелерімді шақырып, соғымнан дәм татқызып, бата алуды дәстүрге айналдырғанмын. Әбіш Кекілбай, Қуаныш Сұлтанов, Фариза Оңғарсынова сынды жасы үлкен адамдарды шақырамын. Марқұм Ақселеу ағамыз ылғи төрімнен табылатын. Соғым сойып, бірі-бірімізге содан дәм татқызып жүргенге не жетсін, – дейді сал-серілік дәстүрдің бүгінгі мұрагері.

Түлкі заманды тазы болып шалуға құлықты қазақ бұл күнде бір соғымды бірнеше отбасына бөліп алуды әдетке айналдырған. Қаладағы бала-шағаның ауылдағы кемпір-шалдың соғымына ортақтасуы бүгінде қалыпты жағдай болып кеткені жасырын емес. Қарашаның аяғы мен желтоқсанның басында ауылдағы ағайынға ісі түсетін қалалықтар да, сойғанын орталықтағы отауларына үлестіріп беруді әдетке айналдырған ауылдықтар да соғым союмен қатар оған қатысты салт-жоралғыларды ұмытпаса қанеки. Соғым – халықтың әлеуметтік жағдайының көрінісі. Ендеше, қазақты құдай соғымнан айырмасын.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button