Мәдениет

Өскеменнің театры жаңа спектакльмен толықты

Көптен бері жақсы бір қойылымды тұщынып көріп, рухани ләззат ала алмай жүрген өскемендіктер бұл күні көңіл көкжиектерін бір кеңейтіп, ерекше тыныстағаны даусыз. Өйткені, бұл күні, мамырдың 28-інде облыстық Жамбыл атындағы драма театрының қазақ труппасы қазақтың белгілі қара сөз зергері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтың «Мұрагерлер» атты екі бөлімді драмасын сахналаған.

Өскеменнің театры жаңа спектакльмен толықтыАлдымен жалпы оқырманға қойылымның желісінен аз-маз хабар бере кетейік. Онда облыс орталығы болып саналатын шаһардың шеткері жағында орналасқан қарапайым ғана үйде арыстай екі ұлы соғыстан қайтпай қалған, ол аз болғандай жалғыз қызының етегінен ұстаған күйеуі де соғысқа кетіп, мүгедек болып оралса да, баспана тұрғызуға ғана шамасы жетіп, көз жұмған (оның әйелі де баладан қайтыс болған) соң даңғарадай үйде жалғыз қалған кейуана Салиханың тірлігі суреттеледі. Ана жүрегі бар қасіретке шыдап бағып, күйбең тірлікке енді бастығып келе жатқанда оның шырқын сонау Ресейден жымысқылап (қонақшылап!) келіп, соңынан әпербақан күйеуін шақырып алып, ештеңеден хабары жоқ жалбырақтаған кемпірдің бар байлығы – күйеубаласы «немерелеріңе» деп салып берген үйін тартып алмақшы ниеттегі құдашасы бұзады. Одан соң-ақ қойылымның күрделі тұстары басталған…

Бұл жерде жалпыға түсініктірек болсын деп, айтқанымыз болмаса, біздің мақсатымыз – ондағы актерлердің рөлдерді сомдауына өзіндік баға беру. Алдымен қойылымның бар жүгін бастан-аяқ көтеріп шыққан Салиханың (Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Майра Арғынбекова) нанымды ойынын айтқан жөн. Бір адам арқылы небір зобалаңды басынан өткерген бүкіл қазақ әйелінің тағдырын көрсете білген драматургтің де, адамның тірлігін көрсете білген режиссердің де (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерсайын Тапенов), қоюшы-суретші Н.Зинченконың да алғыр ізденісіне тәнті болмау мүмкін емес. Ал озбыр Сызғановтың жағымсыз кейіпкер бола тұра өте нанымды шығара алған рөлінің өзі актер Қамит Қалықтың ерекше талантын көрсетсе керек. Оның әйелі Сызғанованың (актриса Мадина Исина) соншалықты сендіре ойнаған рөлі жек көрдірсе де, көрерменді жалықтырмайды.

«Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма» дегендей, мақсатымыз жаңа қойылымды көріп қана қайту емес, оның кей тұстарын (кемшін соққан) айта кету болғанын жасырғымыз жоқ. Көп елдің қалай қабылдағанын қайдам, дәл өзіме қойылым бастан-аяқ жылаңқы болып кеткен сияқты болып көрінгені. Содан соң жоғарыдағы Қамит Қалық шығарған Сызғановтың бей-берекет қылығы, орынды-орынсыз жүгіре беруі, тіпті, өте қатты айғайлап сөйлеуі көңілге қонбағаны бар. Мұнымен қатар Сызғанова – Исинаның үйді кемпірімен қоса сатып жібермек ниетпен, екпіндетіп келіп, аяқ астынан жуаси қалуы еш сендірмегенін айтпасқа болмады. Бұл, әлде, режиссердің өзіндік ұстанымы болды ма екен?

Осыларға жауап іздеп, біз қоюшы-режиссерді сөзге тартқан едік.

– Бұл – бар-жоғы бір айдың ішінде дайындалған дүние. Бәлкім, олқы соғып жатқан тұстарының болуы содан да болар. Меніңше, алға қойған талабымыз жүзеге асқан сияқты, – деді қойылым режиссері Ерсайын Тапенов. – Ал дәл осы қойылымды таңдауымыз, қазақ үшін алапат болған қуғын-сүргіннің кеселін көрсету болды. Екіншіден, бір үйді көрсету арқылы бүкіл елдің тағдыры сөз болғандықтан, әр буын арасындағы түсініспеушілік, көре алмайтын қызғаныш көрсетілді бұл драмада. Ал басты рөлдегі Майра Арғынбекованың талантына мен ғана емес, барлық көрермен риза болды-ау деймін. Бұл Майраның оң жамбасына келген рөл болғанын айтар едім. Шынын айту керек, қойылымның әлі де толықтыратын жерлері көп. Осы жерде театр директоры Руслан Қайырсыновтың тың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Қазақ труппасының болашағы зор екен. Әсіресе, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ театрға ерекше көңіл бөлетінін де байқадым. Жаңадан салынып жатқан театр ғимаратының келесі жылы пайдалануға берілуі мұндағы талантты актерлерді алдағы уақытта тіптен шабыттандырады деп сенемін.

Әркімге ой салған, әркімнің көңілін босатқан, сөйтіп, әр адамда қайырымдылық деген үлкен қасиет болуын мақсұт еткен қойылымның соңында оған әдейілеп келген Дулат Исабеков оқырмандарға спектакль мен әртістердің ойыны жайында әңгімеледі.

Ал көрермен қауым көптен күткен қонағымен қауышқандай ерекше сезімге бөленіп, әртістерге орындарынан тұрып құрмет көрсеткен тұста оларға облыс және қала әкімінің ықылас гүлі ұсынылды.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button