Денсаулық сақтау

Өскеменге ота жасайтын робот келді

Өскеменге ота жасайтын робот келді


Өскемен қалалық №1 ауруханасына еліміздегі тұңғыш ота жасайтын робот қойылды. Аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің бастамасымен әкелінген құлтемірді арнайы барып көрді.

2018 жылдың наурызына қарай Күленов кентінде күніне 212 адам қабылдайтын емхана қолданысқа берілмек. Жалпы. бұл ауданға жеке емхана қажеттігі 2013 жылдан бері айтылып келеді. Осы аралықта валюта бағамы бірнеше рет көтеріліп, ғимаратты қайта жарақтау сметасына өзгерістер енгізу талабы туындаған. Ғимаратты қайта жаңғырту жобасы да бастан-аяқ өзгеріске ұшырапты. Бәрінен бұрын сол кезде сатып алуға ұсынылған қондырғылар бүгінде Қазақстан аумағында қолдануға жарамсыз деп танылса керек. Сондықтан жаңа талап бойынша алынатын қондығылардың тізімін жасақтап, қайтадан бекіту қажеттігі туындаған екен. Ол үшін қосымша 110 млн. теңге бөлу көзделіп отыр.

-Алғашқы жоба бойынша көптеген кабинеттер қарастырылмаған болатын. Жаңа жобада ең қажет деген кабинеттер мен бөлімшелердің барлығына орын қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, күленовтықтар денсаулығын тексерту үшін орталыққа барып әуреленбей, осында толықтай тексеруден өтетін болады – дейді бас дәрігер Екатерина Татикова.

Аймақ басшысы осыдан екі жыл бұрын бұл арада сауда үйі болғанын, елдің тілегі бойынша оны емхана етіп қайта жарақтау туралы шешім шығарылғанын айтты. Мердігер «СтройЭлитРиэлти» ЖШС-не ғимараттың ауласындағы көлік қаңтаратын алаңды кеңейте түсу тапсырылды.

-Бұл компания бұған дейін медицина қызметкерлеріне арналған тұрғын үйді уақытында салып бітірген болатын. Одан кейін жарықсыз отырған №20 шағын ауданның тұрғындарына электр тартып берді. Өзге құрылыс компаниялары біз талап еткен мерзімде мұндай ауқымды жұмыс тындыру мүмкін еместігін айтып, бастарын ала қашқан болатын. Ал «СтройЭлитРиэлти» жүктелген міндетті уақытында әрі сапалы орындап шықты. Сондықтан бұл нысанды да наурыз айына дейін аяқтайтынына сенемін, – деді облыс басшысы.

Материалдық-техникалық базасы жаңартылып жатқан №1 қалалық аурухана ұжымы облыс басшысын алғыспен қарсы алды. Өйткені, елімізде теңдесі жоқ ота жасайтын робот алуға облыс әкімі тікелей қолдау көрсеткен болатын. Бас дәрігер Юрий Старокожевтің айтуынша, құлтемір ауруханада жасалатын барлық отаның 30-40 пайызын өз мойнына алмақ.

-Хирургиялық, урологиялық, гинекологиялық отаның барлығын жасай береді. Ота денені кескілемей, бірнеше жерден тесу арқылы жасалады. Ресейде Да Винчи маркалы роботтар бар. Оның құралдары бір отадан кейін жарамсыз болып қалады. Жаңалап отыру қажет. Ал біз алған робот ұзақ мерзімге арналған. Сондықтан бағасы да қымбат, – дейді дәрігер.

Жедел жәрдем ауруханасы да осында көшірілгелі бері мұнда көптеген заманауи қондырғылар орнатылуда. Науқасқа арналған төсектен бастап ұсақ құралдардың өзі жаңаланыпты. Халықаралық стандарт бойынша жабдықталған бөлмелерді аралаған облыс әкімі әрлеу жұмыстарының да сапалы жасалғанын атады.

Өскеменге ота жасайтын робот келді

-Жаңа қондырғылар, еден мен қабырғаның жабыны, төбедегі жарықтандыру құралдары медициналық талапқа сай. Кірген сәттен бастап жоғары деңгей байқалады. Мұндай әсер науқастың тез жазылуына да ықпал етпей қоймайды. Біз қашанғы қуып жетушінің рөлін сомдай береміз? Прогресс болсын десек, қуып жетушінің рөлінен бас тартып. көш басына шығу қажет. Сол себепті де біз Қазақстан бойынша бірінші болып ота жасайтын робот алдырдық. Бұл дегеніңіз – жаңа өмір сапасы, – деді Даниал Ахметов.

Дәрігерлер науқас төсектерінің әмбебаптығы жұмыстарын жеңілдеткенін айтысты. Электронды дисплей арқылы төсекті науқастың ыңғайына қарай қозғап, баптауға болады. Исульттен айыққан адамдарды оңалтатын жаттығу құралдары да алыныпты. 128 қиықты магнитті-резонанстық томограф та ұжым үшін ең қажет қондырғының бірі болған сыңайлы.

-Бұрынғы томаграф қос қиықты ғана болатын. Ал мынау одан ондаған есе тиімді, -дейді Ю.Старокожев.

Облыстық онкологиялық диспансер де материалдық-техникалық базасын нығайтуда. Аймақ басшысы мұнда жаңадан алынған аппараттардың қаншалықты жұмысқа тартылғанын қадағалап, шетелден білімдерін жетілдіріп қайтқан мамандармен кездесті.

-Біздің диспансерге шамамен екі миллиард теңгенің заманауи қондырғылары қажет. Әзірге соның ең қажет дегендеріне ғана тапсырыс беріп отырмыз, – дейді бас дәрігер Гүлмира Сағидуллина.

Бұл мекеменің алты қызметкері бас дәрігермен бірге Лондонда үш ай бойы білімдерін жетілдіріпті. Аймақ басшысымен кездесуге Еуропада біліктілігін арттырған өзге де дәрігерлер қатысып, әсерлерімен бөлісті.

-Біздің облыстық ауруханадан 13 адам Германия мен Англияда білімдерін жетілдіріп қайтты. Менен басқасының бәрі 30-35 жастағы мамандар. Батыстан үйренетін басты дүние – ұзын-сонар кезектің жоқтығы. Мұндай жүйе біздің диагностикалық орталықта бар. Сол тәсілді облыстық ауруханаға да енгіземіз. Оларда шұғыл түскен науқастар бөлек қабылданады. Қалған науқастар «жоспарлы госпиталь» бөлімінде қаралады. Біз де жаңа модуль салып, шұғыл медициналық көмек блогын ашпақпыз, – дейді облыстық аурухананың меңгерушісі Жайық Жұмаханов.

Облыс әкімі Даниал Ахметов бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайтынын айтып, санитарлық қызметкердің де еуропалық медицина деңгейімен танысуы керектігін атады. Медицинаның сапасын көтеру үшін заманауи құралдар алу жеткіліксіз. Сондықтан бұл жұмыс жалғасады. Енді өздеріңіз оқып келген жетекші клиникалармен әріптестік байланыс орнатыңыздар. Олардың білікті мамандары осында оталарға қатысып, практикалық сабақ жүргізсін. Болашақта Зырян, Аягөз қалаларында, Үржар ауданында инсульт орталығын ашуымыз мүмкін. Онда да соңғы үлгідегі құралдар мен шетелден білімін жетілдірген мамандар жұмыс істейтін болады. Дәрігерлерге үлкен мүмкіндік ұсынып отырмыз. Оған ілесе алмағандар көштен қала береді, – деп түйіндеді Даниал Ахметов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button