Қоғам

Өскеменде әлеуметтік монша неге жоқ?

Өскеменде жекеменшікке қарасты үш-төрт монша жұмыс істегенімен, олардың барлығы дерлік қаланың шеткері шағын аудандарында орналасқан. Ал жұрт қызметін көбірек пайдаланатын Белинский көшесіндегі қалалық әкімдікке қарасты шаруашылық есептегі мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының моншасы, міне, бір жылға жуық уақыттан бері жабық тұр. Моншамен бірге осы кәсіпорынға қарасты кір жуу комбинаты да қалт-құлт етіп күн кешуде.

Өскеменде әлеуметтік монша неге жоқ?

Қыруар қарыз
тығырыққа тіреді

Соңғы он жылдан бергі уақытта жаз шыға тоқтап, күз келе қайта ашылатын №1 қоғамдық-көпшілік моншасының мүлде тоқтауына оның жылу берушілер алдындағы қарызының төрт миллион теңгеге жетуі себеп болыпты. Ақысын төлемесең, бір күн артық қызмет көрсетпейтін монополист мекеме – «Өскемен жылу жүйелері» акционерлік қоғамы 2011 жылдың маусым айынан бастап кәсіпорынға бу беруді тоқтатқан екен. Қарыздың мұншалықты көп жиналып қалғандығын комбинат директорының міндетін атқарушы Елена Чертолясова жылу берушілердің тарифті тым жоғары қойып отырғанынан әрі ақыны толық тәулік үшін талап ететіндігімен түсіндіреді.

– Жылу берушілер оған қоса бізден ақыны босатылған бу үшін емес, ыстық судың жоғары тарифімен талап етеді, ­– дейді Елена Ивановна. – Ал бу болса ыстық суға қарағанда арзанырақ түсер еді.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, тартылған құбырдың үш жүз метрін жөндеу де даулы мәселе болып отыр. Моншашылар ол жылу берушілердің жұмысы десе, жылу берушілер басқа пікірде.

Мәселенің мәнісіне тереңірек үңілсек, кезінде жылу берушілердің осы аумақтағы қызметін жеті бірдей ірі кәсіпорындар пайдаланғанын көреміз. Алайда олардың барлығы өз күндерін өздері көріп кеткен соң басқа амалдары жоқ монша-кір жуу комбинаты кәсіпорны жалғыз қалыпты.

­– Жылу берушілердің жалғыз кәсіпорын үшін бу беруге құлқы жоқ. Шыққан шығындарын толық талап етеді. Ал оған біздің мүмкіндігіміз жоқ, – дейді бұл орайда Елена Чертолясова.

Бу бір кәсіпорын үшін ғана келуі үшін құбырларды қайта тарту қажет. Ал ол өз кезегінде үлкен шығынды қажет ететін шаруа.

– Біз жылына 35 миллионға дейін кіріс кіргізсек, соның 15 миллионы қызметкерлердің еңбекақысына кетіп отыр (19 адам жұмыс істейді). Қала әкімдігі жоқ дегенде осы шығынды өздеріне алатын болса, қалған мәселелерді біз өз күшімізбен-ақ біртіндеп шешер едік, – дейді осы орайда кәсіпорын жетекшісі. – Монша қызметінің бағасы да халықтың қалтасы көтерерліктей болып ардагерлерге үлкен жеңілдіктер жасалар еді.

Ғимаратқа күрделі жөндеу керек

Қалалық коммуналдық-шаруашылық бөліміне қарасты шаруашылық есептегі кәсіпорынды бұрынғы қалпына келтіріп, моншаны іске қосу жайы соңғы бір жыл ішінде бірнеше жиындарда талқыланыпты. Қаланың бұрынғы әкімі Ислам Әбішев арнайы келіп көріп, тиісті бөлімдеріне тапсырма да беріпті. Алайда одан әзірге өзгеріп кеткен ештеңе жоқ. Моншаның есігінде қара құлып тұр, кір жуу орны қалт-құлт қызмет көрсетуде.

Монша ғимаратының өзі тарихи ескерткішке жатады. Үнемі дымқыл ауа мен ыстық будың салдарынан оның қабырға сылақтары түсіп, шатыры жұлынып, құбырлары шіріп, кез келген жерден жарылуға шақ тұр. Оларды толық ауыстырмаса болмайды. Жалпы ғимарат 1953 жылы салынған. Соңғы рет оған күрделі жөндеу 1987 жылы жасалыпты. Ал 2000 жылы комбинат өз күштерімен ағымдағы жөндеу жүргізген.

– Монша ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу үшін біздің есебіміз бойынша тек жобалау-сметалық құжаттарына, техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға, басқа да құжаттарын әзірлеуге қыруар қаржы керек. Күнін әрең көріп отырған кәсіпорынның оған шамасы жетпейді. Сондықтан барлық үмітіміз қала әкімдігінде, – дейді Елена Чертолясова.

Тұрсынғали ЖҰМАҚАНОВ, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
– Ардагерлер тегін болмаса да жеңілдікпен пайдаланатын муниципалдық монша керектігі жөнінде қалалық әкімдіктің алдына мәселе қойып жүргенімізге біраз болды. Кезінде Белинский көшесіндегі монша осындай қызмет көрсететін. Кейіннен тоқтап, моншаның өзі жабылып қалды. Соны қайта ашып, ардагерлерге жеңілдік жасаған жөн. Әлеуметтік дүкен, базар болғанда, сондай монша да керек. Меніңше оны ұстауға көп шығын кетпейді.

Еркінбек Омар

Осы айдарда

Back to top button