Мәдениет

Шығыста Шәмші әндерінің фестивалі дәстүрге айналады

Үш күнге созылған Шәмші Қалдаяқов атындағы ІІІ халықаралық «Менің Қазақстаным» ән фестивалі өз мәресіне жетті. Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ фестивальдің қорытынды концертіне қатысып, байқау жеңімпазына сайыстың бас жүлдесін тапсырды.

Шығыста Шәмші әндерінің фестивалі дәстүрге айналадыЖиырма үміткер үш күн бойы Металлургтердің мәдениет сарайын әнмен тербеп, жүректерге сыршыл да сазды әуенмен нұр құйды. Тек мәдениет сарайы ғана емес, бүкіл Алтай Шәмші әндерінің әлдиіне бөленіп, Өскемен бір сәт ән шаһарына айналғандай болды. Осыған дейін де хабарлағанымыздай, байқауға еліміздің барлық өңірлерімен қоса Моңғолия, Қырғыз, Қытай елдерінің үміткерлері бақ сынап, Шәмші әндерін түрленте шырқады.

Олардың өнерін қазақ музыкасының қазіргі корифейлері саналатын сақа композиторлар мен ән әлемінің жарық жұлдыздары таразылады. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, композитор Жоламан Тұрсымбаев төрағалық етіп, халық әртісі Ескендір Хасанғалиев, сазгердің ұлы, Шәмші Қалдаяқов атындағы музыка қорының директоры Әбілқасым Қалдаяқов, елімізге еңбегі сіңген қайраткер Толқын Забирова, Мәдениет және ақпарат министрлігінің музыка өнері басқармасының бастығы Нұрболат Ахметжанов үш күн бойы әділдік үшін шүмектеп тер төкті. Бірінен бірі асып түсетін тамаша дауыстардың, нақышын келтіре шырқаған шеберліктердің куәсі болдық бұл күндері.

Жүйріктердің де ішінде дүлдүлі болатыны сияқты Өскеменнің талғамы биік, құймақұлақ әнсүйер қауымы дауысының табиғилығымен ерекшеленген үміткерлерді қошеметтің астына көміп, қатысушылардың шабытын шарықтата түсті.

Сайыстың соңғы күнінде байқаудың көрігі одан бетер қыза түсті. Фестивальдің жоғары деңгейде өткені соншалық, кімнің жеңімпаз атанып, кімнің жүлдеге ілінетіні соңғы сәтке дейін белгісіз болды. Ақыры бұл думанға да нүкте қояр кез жетті. Қорытынды концерт басталардан бірер сағат бұрын Шәмші әндерінің қарға тамырлы қазақ дейтін халық жер бетінде жасап тұрғанда ешқашан өлмейтініне көзіміз жетті. Олай дейтініміз, Металлургтер мәдениет сарайына ағылған жұртта қисап болмады. Іште ине шаншар орын қалмай, сыртта да қалың халық қаңтарылды.

Байқау ережесіне сай тағайындалған үш бірдей үшінші жүлдеге Алматы облысынан келген Гүлбану Лахаева, елорданың намысын қорғаған Бәтима Изенаева, Қырғыз Республикасының туын ұстаған Азамат Сарыбаев ие болды. Екінші орынның жүлделері Оңтүстік Қазақстан облысының үмітін арқалаған Біржан Сапарбеков пен өскемендік Нұргүл Қабдоллаеваның қанжығаларында кетті.

Бірінші орын тағы бір астаналық жас әнші Ғани Бекмұрзаевқа бұйырды. Қазақ музыкасының алыбы, алаш сахарасындағы сал-серілік сарқынның жиынтық жұрнағы болған Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» атты үшінші халықаралық фестивальдің бас жүдесі сазгердің туған топырағына жол тартты. Жеңімпаз Мәдіхан Дүйсеевке облыс Әкімі байқаудың бас жүлдесін табыс етіп, қарағандылық Арайлым Абдибековаға арнайы сыйлықты ұсынды.

– Қазақ үшін Шәмші әндерінің орыны әрдайым ерекше. Әр қазақтың жүрегінде Шәмшінің әндері жатталып тұр. Үш күннен бері облысымызда Шәмші әндерінің байқауы өтіп жатқаны біздер үшін үлкен ғанибет. Шығыста Шәмшінің әндері жаппай айтыла бастағаны қуанарлық жәйт. Шәмші бүкіл қазақ үшін мәңгі-бақи Шәмші болып қалады. Бұған дейін Шәмші әндерінің байқауы Шымкентте немесе Астанада өтіп келді. Шығыстың халқы да Шәмші әндерінен қуат алып, оның құдыретіне бөленсін деген оймен Мәдениет және ақпарат министрлігіне өтініш білдіргенбіз. Сол өтінішті жерге тастамаған министрлікке алғыс айтуымыз керек. Әрине, осындай тамаша кешке келушілердің барлығы залға сия алмағаны өкінішті. Сыртта қаншама адамның кіре алмай қалғанын көрдік. Сәтін салса, Шәмші әндерінің келесі байқауын бүгінгідей жеті жүзге жуық адам емес, мың көрермен емін-еркін отыратындай жерде өткізетін боламыз. Әрине, жыл сайын осылай республикалық, халықаралық деңгейде өткізе бермеспіз. Біз Мәдениет және ақпарат министрлігіне өтініш жасадық. Шығыста Шәмші әндерінің фестивалі дәстүрлі түрде, жыл сайын өтіп тұратын болады, – деп аймақ басшысы шығыстың бекзат өнерді бағалай білетін жұртын тағы бір қуантып тастады.

Шаттыққа толы шараның шарықтау шегі тіптен тамаша өрілді. Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары мен классикалық музыканың жас перілері көрермендердің көзайымына айналды бұл сәтте.

Қазақстанның халық әртісі Ескендір мен Біржан Хасанғалиевтер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері Алтынай Жорабаева, Толқын Забирова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Медеу Арынбаев, «Орда» тобы, «Арнау» дуэті, Азамат Жылтыркөзов бастаған классик әншілер Шәмші әндерін шарықтатты. Бұл кеште біздің облыстың өнерпаздары Вячеслав Ткач, Альмира Нұрғожина, Арыстанбек Кәкиев, Берік Омаров, Гүлдана Ноғайбаева да өнер көрсетті.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button