Қоғам

Шыбындыкөлге шалдықпай жетер күн жақын

Шыбындыкөлге шалдықпай жетер күн жақын


Шыбындыкөл жағалауы заманға сай абаттандырылуы мүмкін. Аймақ басшысы Даниал Ахметов облыс әкімдігінің кеңейтілген аппараттық кеңесінде осындай тапсырма берді.

Селекторлық режимде өткен жиында ең әуелі биылғы жол жөндеу жұмыстарының нәтижесі мен қысқа дайындық барысы туралы ақпараттар тыңдалды. Облыстық жолаушылар көлігі жәні автмобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаевтың мәліметіне сүйенсек, биыл облыстық маңыздағы жолдарды жөндеп, ұстауға 4,6 млрд теңге қарастырылған екен. Оның бір бөлігіне 112 шақырым жол орташа жөндеу көрген.

-Негізгі басымдық Алакөл, Марқакөл, Бобровка, Жидебай сияқты туристік елді мекендерге берілді. Сондай-ақ Күршім өткелінің екі жағы мен Бородулиха-Шемонайха бағыты орташа жөндеуден өтті. Ал Мақаншы-Жалаңашкөл бағытындағы жөндеу жұмыстары битум тапшылығына байланысты кестеден сәл кешікті, – деді М.Мұсатаев.

Қысқа қарай қар құрсауын болдырмас үшін ең ұрымтал деген тұстарға жалпы ұзындығы 22 шақырым болатын қалқан кереге орнатылыпты. Сондай-ақ 330 шақырым бөлікке шоғырсымнан қоршау тартылмақ. Бұл шараларды болашақта мемлекеттік сатып алу жүйесінен жолдарды күтіп ұстау жүйесіне ауыстыру жоспарланып отыр. Өйткені, жыл сайын конурс өткізіп, мердігер тағайындау көп уақыт алатын көрінеді.

Басқарма басшысы болашақта жол жамаудың жаңа тәсілі пайдаланылатынын айтады. Ағынды-инъекциялық тәсіл деп аталатын технология уақыт үнемдеу жағынан өте тиімді. Өйткені, шұқанақты жамау үшін бүлінген бөлікті қопсытып, қопару қажет емес. Әуелі шұқанақты ауа қысымымен үрлеп тазалайды да, ішіне битум мен қара қиыршық төселеді. Кеуіп үлгермеген битум көліктерге жұқпас үшін жамалған бөліктің беткі қабатына ақ ұнтақ төгілуі де мүмкін. Биыл Өскемен қаласындағы Ворошилов көшесінің 150 метрі осы тәсілмен жамалған екен.

-Әзірге жөнделген бөлік сыр берген жоқ. Ол сынақтан сәтті өтсе, келесі жылы жаңа тәсіл жаппай қолданысқа енеді, – деді басқарма басшысы.
Мұрат Мұсатаев жол бойындағы суағарлардың көбін жаңалау қажет екенін айтады. Бұл мәселені шешуге де тың технология ұсынылып отыр. Қатпарлы металл құбырларын пайдалану арқылы суағар салуға кететін жұмысты 20-40 пайызға, шығынды 10-15 пайызға азайтуға болады.

-Бір суағарды орнату үшін 1-4 ай ғана кетеді. Ең бастысы, көпір үшін іргетас құюдың қажеті жоқ. Зауыттан дайын күйінде келетіндіктен, монтаждау да оңай болады. Сейсмикалық тұрғыдан темірбетоннан әлдеқайда төзімді екені дәлелденген, – деді М.Мұсатаев.

Облыс басшысы бұл екі ұсынысты да қолдауға әзір екенін жеткізді. Ал Өскемен қаласындағы Бажов көшесінің асфальтын қайта төсеу қажет.

-Бажов көшесі өте сапасыз жөнделген. Мердігер компания жіберген қателіктерді түзетсін. Қажет болса, комиссия құрыңыздар, – деді облыс әкімі.

Облыс басшысы облыстық туризм басқармасына Өскеменнен 85 шақырым қашықтықта жатқан Шыбындыкөлді Сібенің Шалқар көліндей абаттанған жағажайға айналдыру туралы тапсырма берді. Ол үшін Тайынты ауылы мен көлдің арасын жалғайтын бес шақырымдық жолға асфальт төселуі мүмкін.

-Шыбындыкөл – Сібе көлдеріне балама болатындай орын. Сондықтан, оны да абаттандыру қажет. Облыстық туризм басқармасы бұл көлді туристік орын ретінде дамыту бойынша жоба дайындасын. Жоба дайын болған жағдайда, жол төсеуге қаржы бөлеміз, – деді облыс әкімі.

Шыбындыкөлге шалдықпай жетер күн жақын

Ал республикалық маңызға ие жолдарға келер болсақ, 2018 жылы ең әуелі Шемонайха-Глубокое, Жалаңашкөл-Қабанбай аралықтары орташа жөндеу көруі тиіс.

Облыста шағын және орта бизнесті қолдау үшін «бір терезе» жүйесі енгізілетіні көптен бері айтылып келеді. Алайда, оның тиімділігі әзірге байқалмай тұр. Әкім сала басшыларына бұл жүйені қайта құруды тапсырды.

-«Бір терезе» жүйесі жемісін беру үшін оған мемлекеттік органдардан шешім қабылдауға құзыретті өкілдер енуі керек. Қазіргідей жанама өкілдер отыратын болса, елге пайдасы болмайды. Әсіресе жер қатынастары, мемлекеттік кіріс, әділет және прокуратура саласының жетекші мамандары отыруы тиіс, – деді аймақ басшысы.

Жиында кейпі әлем-жәлем жарнамалардың мәселесі де сөз болды. Бұған дейін аймақ басшысы Өскемен мен Семейдің көшелеріндегі қаптаған жарнама билбордтарын ретке келтіруді тапсырған болатын. Сол тапсырманың қалай жүзеге асқанын облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов пен қос шаһардың басшылары баяндады. Өскеменнің әкімі Қуат Тұмабаев бір ғана Тәуелсіздік даңғылының бойында 48 жарнама тұғыры болғанын айтады. Соның 21-і жойылыпты. Осы күнге дейін облыс орталығында 80-ге жуық жарнама билборды алынған. Қазіргі таңда қала аумағында жаңадан жарнама тұғырын орнатуға рұқсат бермеу туралы шешім шығыпты. Дәл осындай шешім Семейде де күшіне енген. Ермак Сәлімовтің мәліметінше, шаһар аумағында 97 жарнама билбордының көзі жойылыпты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Даниал Ахметов бұл олқылық қайталанбас үшін көшеге жарнама орнатудың ережелерін бекітуді тапсырды.

-Облыстық мәслихат бұл мәселеге қатысты ереже бекітсін. Көшедегі жарнама жол қозғалысына кедергі келтірмеу керек. Оның мазмұны мен көркі еуропалық деңгейге сай болуы шарт. Бұл талаптар аудан әкімдеріне де қатысты. Семейдегі алып көпірді жарықтандыру жүйесін жаңалау қажет. Қала басшылығы оған қатысты жоба ұсынсын. Облысты қойып, еліміздегі бірегей көпір саналатын бұл нысанды атына сай етіп ұстауымыз қажет. Бұл да қаланың эстетикалық келбетін аша түсетін жоба болсын, – деді аймақ басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button