Ауыл шаруашылығы

Шалабайдың шаруасы шалқып тұр

«Шалабай асыл тұқымды мал зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тартылған инвестицияның көмегімен қайта жаңғырып, осының нәтижесінде асыл тұқымды ірі қара малының, қойдың, жылқының саны көбейіп келеді.

Шалабайдың шаруасы шалқып тұр

Техникаларын жаңалап,
жемшөптің берік қорын жасамақ

Зауыт ұжымы алғашқы жылы қазақтың ақбас сиырының 150 құнажынын өсіріп, мал қыстату науқанын ойдағыдай өткізді. Шаруашылықты өркендету, түліктерді өрбітумен түбегейлі айналысып, былтыр мал санын 2500 басқа жеткізсе, қазір өз төлі есебінен жалпы саны үш мыңнан асып кетті.

Былтыр 350 ірі қара малын бордақылап, 60 тоннадай ет өндірді. Биыл 200-дей асыл тұқымды құнажын сатуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда 1300-дей төлдейтін сиырды бағып күтуде. Енді осы қарқынды баяулатпай 2015 жылы мал санын бес мың басқа жеткізуді межелеп отыр.

Шаруашылық басшылығы осыншама малды өсіру үшін жемшөптің берік қорын жасау жұмыстарымен айналысып жатыр. Жайылымдық, шабындық, егістік алқаптарының көлемін ұлғайту бағытын мықтап қолға алып, алғашқы жылы 300, екінші жылы 900, биыл 2600 гектарға жеткізді.

Зауытты техникалық жарақтандыру жұмыстары да шешімін тауып, соңғы екі жылдың ішінде 89 миллион теңгеге жаңа техника сатып алынды. Бұл күндері төрт комбайн, алты «К-700», жиырма шақты «МТЗ-82» трактор шаруашылықтың сан-салалы жұмыстарында кеңінен қолданылуда.

– Жарма ауданының Бірлік ауылы мен Ұлан ауданынан екі ферма аштық. Ұланда биыл екінші жыл жұмыс істеп жатырмыз. Семіртіп етке өткізетін 300 бас өгізшені Шалабайдан айдап апарып, қыс бойы бордақылауға қоямыз. Малды өсіру, бордақылау үшін көбірек жер керек. Мәселен, ертеректе бір сиырға үш гектар жер бөлінетін. Қазір шөп шығымы сұйылып барады, – дейді «Шалабай асыл тұқымды мал зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Қуаныш Сүлейменов.

Қазіргі уақытта зауытта жалпы жиыны 148 адам жұмыс істеп жатыр. Жазғы науқандық жұмыстар кезінде 165-ке дейін көбейеді. Соларға төленетін орташа айлық жалақы 55 мың теңгеден айналуда. Бақташылар 55-65 мың теңге алады. Шопандардікі – 80 мың теңге. Бір қойға айына екі жүз теңгеден есептеледі. Бір отарда 1200 қойға дейін бағылады. Жыл сайын еңбекақыларын үстемелеп көтеріп отыру да қалыптасқан дәстүрге айналып келеді.

Ірі қара малын жазда жайылымға шығарып жаяды. Ал қыста қараша айының аяғынан бастап, наурыздың басына дейін мал қол күтімінде тұрады. Малды байламай ұстайды, далада еркін жүре береді. Төлді аяқтанғаннан кейін далаға шығарады.

Биыл біржылдық, көпжылдық шөп, күздік қара бидай өсіріп, мал азығының берік қорын жасау бағытында тиімді жұмыс істеп жатыр. Суармалы алқапта жасалған сараптама бойынша сиырлардың азығында қант жетіспейтіні анықталды. Биыл қанттың орнын толтыру үшін суданка шөбін өсірумен айналысуда. Ал келешекте жүгері егуді көздеп отыр.

Былтыр қолдағы малға азық ретінде 800 мың тонна шөп, 1000 тонна түйіршіктелген кебек, өздері өсірген арпадан 300 тонна жұмсалды. Сол жылы 600 гектар арпа алқабынан 850 тонна өнім жинап, биылғы маусымда 400 тонна арпа тұқымын сұрыптаудан өткізіп, басқа шаруашылықтарға сатты. Өздері өсірген күнбағыстың тұқымдық қорының тең жартысын сатуға шығарып, қалғанын мал азығына қолданды. Зауыт ұжымы үнемі ізденіс үстінде жұмыла жұмыс істей жүріп, күрмеуі қиын проблемалардың бірі болып келген жемшөп мәселесінің шешімін тапқан сыңайлы.

Шаруашылықта сиырлардың сапалық құрамын жақсарту бағытында небәрі үш жыл ішінде ауқымды шаруаларды атқарды. Былтыр шаруашылық өз қаражатына Павлодар облысындағы Успенский ауданынан асыл тұқымды он бұқаны 6,5 миллион теңгеге сатып әкелді. Енді Ресейден бұқа жеткізіп өсірмекші.

Елімізде қазақтың ақбас сиырының саны 88 мың болса, соның 18 мыңы біздің облыста өсіріліп жатыр. Мал саны жылдан-жылға азайып барады. Шалабайлықтар қазіргі уақытта ауа райына төзімді, ет бағытындағы өнімділігі жоғары осындай сиырдың санын көбейтуге түбегейлі бетбұрыс жасады. Қазақтың ақбас сиырының артықшылығы бап тілемейді, тебіндеп жайыла алады, Тіпті, қыстағы қысылтаяңда бұл сиырлардың ондаған келіге дейін салмағы азайып кеткен жағдайда көктемде көкке шыққанда бір айдың ішінде қоңын қалпына келтіріп алады. Тәулігіне 1-1,5 келіге дейін салмақ қосып отырады.

Малды өз төлі есебінен көбейтіп, іріктеуден өткізгеннен кейін бір бөлігін асыл тұқымды бұқа ретінде өсіреді. Мұндай малды Алматы, Павлодар және басқа облыстардан келгендер сатып алып жатыр.

«Жыл жомарты» атанды

Зауытта өндірілген етті Өскемен, Семей, Алматы қалаларындағы базарлардың өкілдері өздері келіп, алып кетеді.

– Еттің сапасы өте жоғары, өзіндік құны қазіргі шетелдерден әкелініп жатқан еттен қымбатырақ. Оларда қосындылар көп. Ал Еуропада жайылымда еркін жайылған біздің малдың етінің бір келісі 40-50 еуро тұрады, – дейді Қуаныш Сүлейменов.

Сондай-ақ, 2008 жылдан бастап, асыл тұқымды байыс қойын өсіріп жатыр. Қазіргі кезде саны үш мың басқа жетті. Қойдың сапасын жақсарту үшін 30 асыл тұқымды гисар қошқарын әкеліп отарға қосты. Ұрғашы қозыларды шаруашылықта қалдырып, қалғандарын жылда күз айында сатуға шығарады. Биылғы маусым айына дейін созылатын төлдемеде жалпы жиыны 1500 қозыны отарға қосу межеленген. Бұған қоса 3-4 тонна қойдың жүнін Семейдегі кәсіпорынға өткізбекші.

Зауытта 500 жылқы бар. 2007 жылы бұл шаруаны 57 жылқы сатып алып бастаған. Енді асыл тұқымды шаруашылыққа айналдыру жағын да қарастыруда.

2010-2011 жылдары «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі конкурсына қатысқан Шалабай асыл тұқымды мал зауытының еңбегі аталып өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды. Жарма ауданы бойынша «Жыл жомарты» номинациясын иеленді. 2008 жылы облыстық шағын және орта бизнес конкурсының жеңімпазы, 2011 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің үздік ұжымы атанды.

Бұл серіктестік ауылды абаттандыруға, тұрғындардың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға зор пайдасын тигізіп келеді. Былтыр меморандум бойынша 6,5 миллион теңгенің көмегін көрсетті. Биыл 8 миллион теңге бөлініп, соның 2,5 миллион теңгесі қыста жол тазалауға жұмсалды Көктемде ауыл ішін тазартып, қиратылған ғимараттардың қалдықтарын шығарып жатыр.

Шаруашылықта жұмыс істеп жатқан жас отбасыларына арнап 16 тұрғын үй сатып алып, келісімшарт бойынша тегін берді. Бұл үйлерде мал дәрігері, агроном, зоотехник және механизаторлар мен малшылар тұрып жатыр. Жеті жыл тұрақты жұмыс істегеннен кейін үйлері өз аттарына аударылады.

Мал өсіріп отырған өз жұмысшыларына қолайлы жағдай жасап жатыр. Былтыр 450 тонна көмірді Қаражырадан тасып жеткізіп, арзандатылған бағамен таратты.

Соңғы екі жылдың қысқы айларында Алматыдағы «Алтын қарғалы» шипажайына 45 адам шаруашылықтың жолдамасымен барып, 12-14 күн емделіп, демалып қайтты. Жыл cайын серіктестік мүшелерінің айлық жалақыларын үстемелеп өсіріп жатыр.

Ауылдағы мектепке жыл сайын 500 мың теңге бөліп отыр. Санитарлық тазарту жұмыстарына техникасын бөледі. Былтыр 350 мың теңгеге 100 түп шырша көшетін сатып әкелсе, биыл 290 мың теңгеге 650 түп көшет алдыртып, екі шақырымдық белдеуге отырғызып, өздері суарып жүр. Ал ауылдағы алаңның айналасын қоршап, ағаш көшеттерін екті. 70 орындық кафе, бильярд ойнайтын бөлме және сауда дүкенін ашты.

Әлімжан Қадылбекұлы

Осы айдарда

Back to top button