Журналистік зерттеу

Сергелдеңге салған демалыс орыны

Сергелдеңге салған демалыс орыны
Жаз – бір уақ арқаны кеңге салып, демалатын, жолға шығып, қыдырып, қонаққа баратын маусым. Базардың бәрі жаңа піскен жеміс-жидек, көкөніске толып, қоғамдық тамақтандыру орындарына келетін кісі қарасы үсті-үстіне молая түсетін шақ та осы мезгіл. Көптен күткен демалыс көңілдегідей өтіп, ақысын төлеген қызмет пен сатып алған өнім өкінішке қалдырмас үшін6 тұтынушының қаперінде жүруі тиіс талай жайт бар.

Кәуап жасайтын орындар тексеріліп жатыр
Сергелдеңге салған демалыс орыны
2017 жылдың өткен бес айында облыстағы қоғамдық тамақтандыру нысандарына келуші тұрғындардан түскен шағым бойынша қалалар мен аудан орталықтарындағы 24 тамақтандыру нысаны тексерілген.
Ыдыстарының шала жуылғандығына, тамақ сапасының нашарлығына, нысан ішінің тиісті гигиеналық талаптарға сай болмауына байланысты тұрғындар шағымданған бұл қоғамдық нысандардың көбісі Семей мен Өскемен қалаларында халыққа қызмет көрсетіп жатыр.
Шығыс Қазақстан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары тұрғындардың шағымы бойынша тексерген осы 24 нысанның жетеуінен бұзушылықты анықтап, оларға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы жеті хаттама толтырып, айыппұл салған.
Сонымен, Өскемен қалалық прокуратурасының ұсынуымен биыл облыс орталығындағы 11 кәуап жасау нысандарына тексеру жүргізіліп, оның онында бұзушылық анықталып, айыппұл салу түрінде әкімшілік шаралар қолданылған. Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен бөлімдерінің мамандары кәуапханалар қызметіне жүргізген тексерулері кезінде кәуапханаларда пайдаланылып жатқан азық-түліктердің мерзімі өтіп кеткендігі, тағамдардың сапасы туралы анықтамалық құжаттардың жоқтығы, онда жұмыс істеп жатқандарда тазалық медициналық кітапшасының болмауы тәрізді түрлі бұзушылықтар тіркелгендігін айтады.
-Жаз – демалыстар мен көкке шығудың, қала сыртындағы сауықтыру ұйымдарында демалудың, топтық мерекелер өткізудің уақыты. Бірақ бұл жұқпалы аурушаңдық пен тағамнан уланудың (жұқпалы және жұқпалы емес этиологиясы) кезеңі екенін ұмытпау керек.
ҚР ДСМ ҚДСК ШҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті қолайсыз кезеңнің басталуына байланысты қалалық және аудандық қоғамдық денсаулық басқармаларына жұқпалы аурулар мен тағамнан уланудың алдын алу мақсатында халық арасында санитарлық-ағарту жұмыстарын күшейту туралы тапсырма берді,-дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүләйім Тағаева.
Жоғарыдағы 24 қоғамдық тамақтандыру орындары тұтынушылардың жазған арыз-шағымдарына ғана байланысты тексерілген. Ал жұрт көңіл бөлмей, адам денсаулығына төніп тұрған қауіпке көз жұма қарап жүрген жағдайлар қаншама. Елімізде соңғы жылдары шыққан заңдар бойынша мұндай нысандар жарты жылда немесе бір жылда бір-ақ рет тексеріледі. Яғни, тексеру уақыты жеткенше арыз түспесе бір кездердегідей оларды ешкім тексермейді.
«ҚР ҰЭМ 30.05.2015 жылғы №414 «Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға және қадағалауға жататын эпидемиялық маңызы бар объектілер» бұйрығы бойынша тамақ өнімдерін өндіретін, қайта өңдейтін және өткізетін қоғамдық тамақтану нысандары 2017 жылдың 1 жартыжылдығындағы жоспарлы кестеге сәйкес, эпидемиялық маңыздылығы жоғары нысандар алты айда бір рет және эпидемиялық маңыздылығы орташа нысандар жылына 1 рет ерекше тәртіп бойынша тексеріледі» делінген облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің редакция сауалына берген мәліметінде.

Балды байқап жеңіз
Сергелдеңге салған демалыс орыны
Таза бал ешқашан сұйық болмауы керек. Табиғи балды қоспа қосылған жасанды балдан ажырату үшін қолыңызға бір таяқша алып, балды араластырып көріңіз. Егер араласпай, айналмай тұрса, демек оның нағыз бал болмағаны.
Өскемендегі «Айтас» бал орталығының өндірістік меңгерушісі Светлана Горбунова сапасыз балдың пайдасынан зияны көп екендігін айтады.
-Нағыз балдың хош иісі бұрқырап тұрады. Күнбағыс, орман шөптері балдарының мұндай ерекше иісі болмағанымен, бәрібір ыдыстағы балдан табиғи сапалы балға тән болар-болмас өзіндік иіс шығып тұруы керек. Бал қатты сұйық болмауы керек, балды шай қасықпен алып, төгіп, қасықты қайтадан аударып өз қалпына әкелген кезде бал оған оралып, төмен қарай ақпауы керек. Маралды жақтың балдары жергілікті жердің өсімдік түріне қарай сәл де болса сұйықтау келеді. Балды жеген кезде оның дәмі, жағымды иісі тамақты аздап күйдіргендей, қарығандай болып әсер етуі тиіс,-дейді Светлана.
Онымен қоса, балды саусаққа жағып көріңіз. Біраз уақыттан соң саусағыңыз бір-біріне жабыса бастаса, демек балға қант қосылғаны. Нағыз балдың бір тамшысы саусақ ұшында жайылып кетпеуі керек.
«Ұлттық сертификаттау және сараптау орталығы» АҚ облыстық филиалы сараптау орталығының басшысы Алмагүл Өтешованың айтуынша, Шығыс Қазақстан балының сапасы өте жоғары. Балдың халықаралық сапа көрсеткішінің диастаздық саны стандарт бойынша жеті бірліктен кем емес көлемде болу керек болса, біздің облыстың балының сапасы 19 бірлікке дейін де барады.
-Балды 60 градустан жоғары температурада жылытуға болмайды. Ондай жағдайда қандай жоғары сапалы деген балдың өзінің құрамы бұзылып, қасиеті кеми түседі. Тұтынушылар арасында бізге сатып алған немесе алатын балдарын, майларын, тауарларын, мысалы, тот баспайтын болатты, құрыш өнімдерін растауға әкеліп, сапасына күмәнданып, тексертіп жатқандар болады, біз өзіміз де бал сатып алғанда зертханалық тексеруден өткізіп тұрамыз. Бір ыдыстың ішіндегі бал сұйық, қатты болып екі күйдегі жағдайда болмауы тиіс,-дейді орталық филиалының маманы.

Шымкенттік қонақтар қайтып келместей боп кетті

«Аманат» облыстық тұтынушылар құқығын қорғау бірлестігінің төрайымы Гүлнар Оразаева жұрт жаппай демалыс деп ағылатын жаздыгүні тұрғындарға туристік базалар мен демалыс орындарын дұрыс таңдау керектігін ескертеді. Өйткені, өңірімізде тамақтандыру, тамақ өндірісі, тұрмыстық қызмет көрсету нысандарымен қатар, демалыс орындарының ойдағыдай болмай отырған қызметтері де халықтың көңіліне қаяу түсіріп келеді.
Жалпы, еліміздегі демалыс базаларының бағасы қымбат, жоғары, қызмет көрсету деңгейі төмен, сапасыз екендігі көпшілікке баяғыдан бері белгілі жайт. Алты сағаттап, он сағаттап ұшқаның ғана болмаса, Қазақстандағы ортанқол демалыс орнына кетірген қаржының тең жартысына шетелге барып демалып келуге болады.
Екінші Швейцариямен салыстыратын біздің Шығыс Қазақстанның керемет табиғатындағы, Алакөлдей айдынындағы туристік базаларға бүгінде шетелдіктердің өздері де қаптап демесек те, көптеп келіп жатыр. Бірақ бағасы қымбат, олардың сервистік қызметі әлі жақсармай отыр. Былтыр Шымкент пен Алматы қаласынан біздің облысқа демалуға келген бірнеше тұрғын аты дырдай, жайлылық, тазалық дегеннен жұрдай сондай бір демалыс орнына келіп «демалып», біздің жақты «ұмытпастай» болып қайтыпты.
Аудандық жерде орналасқан ол демалыс базасы алыстан аңсап жеткен шымкенттіктер мен алматылықтарды алқам-салқам жиһаздарымен, бөлме кезіп, жорғалаған жәндіктерімен, талапқа сай емес тазалығымен қарсы алып, шығарып салыпты. Демалыс базасынан мерзімінен бұрын кетуге мәжбүр болған қонақтарымыз сапасыз қызмет көрсеткен база әкімшілігінен төлеген қомақты қаражаттарын қайтарып беруді талап еткен, әрине.
-Бірақ демалыс базасы оларға ақшасын қайтарудан бас тартып, қысқасы, қайда барсаңыздар онда барыңыздар деген. Әділдік іздегендер ақырында бізге келді. Бірнеше айға созылған сергелдеңнен кейін сот шешімімен демалыс үйінің иесі оңтүстіктен келген демалушыларға барлық шығынын қайтарып, моральдық шығынды да қоса төлеп берді. Мұндай сергелдеңге салынбас үшін демалуға бара жатқандар демалыс орынымен отырған келісімде барлық жағдайды анықтап жазып, көрсетуді талап етіп, орналасқан демалыс орнының жағдайын шымкенттік қонақтарымыз сияқты видеоға, суретке түсіріп, басқа да жеткілікті дәйектер жинап алғаны дұрыс, сапасыз қызметке байланысты кикілжің туып жатса, жергілікті полицияға хабарласу керек,-дейді «Аманат» тұтынушылар құқығын қорғау бірлестігінің төрайымы Гүлнар Оразаева.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button