Журналистік зерттеу

Семейдегі аспалы көпірдің жөндеу көрмегеніне – 16 жыл

Семейдегі аспалы көпірдің жөндеу көрмегеніне - 16 жыл

Адамзат баласы ХХІ ғасырға аяқ басқан жылы ел игілігіне пайдалануға берілген Семейдің әйгілі аспалы көпірі – сөз жоқ күллі қазақ мемлекетінің мақтан тұтар, бүгінгі заман талабына сай және дер кезінде сәтімен салынған құрылыс нысандарының бірегейі.

Ол көпірдің құрылысына қанша қаражат, қандай жолмен құйылғандығы, құрылыс қай жылы басталып, қай жылы аяқталғаны, негізгі құрылысын жапондық «Аячай» фирмасы салса, көпірге келімді-кетімді ұзындығы 16 шақырымдық тақтайдай (бір кездегі) тас жолдың құрылысын түріктің «АлсимАларко» фирмасы жүргізгендігі жайында айтудай-ақ айтылып, жазудай-ақ жазылған. Көзі ашық газет оқырмандарына оның бәрін қайтадан тәптіштеудің қажеті шамалы. Содан бері де 16 жылдың жүзі болған екен.
Жалғанда, қараусыз қалған дүние оңушы ма еді. Осыдан біраз жыл бұрын көпшіліктің көзайымына айналған әйбәт көпіріміздің жыл өткен сайын кетеуінің кетіп бара жатқандығы туралы журналистердің бірінен соң бірі дабыл қаққандары да есімізде. Алайда, «Баяғы жартас бір жартас» дегендей, өкінішке қарай журналистер қауымының көпірдің кейінгі жылдардағы апатты ахуалы жайында жарыса да, жар сала да жазған-сызғандарына елең еткен ешкімді көре алмадық.
Семейге барған сапарымызда «Атқаратын рөліне қарай ерекше міндет жүктелген, стратегиялық маңызды нысан саналатын сол көпірдің бүгінгі жайы-күйі қалай екен? Не істесе де сапалы істейтін жапондықтардың: «Күтіп ұстасаңыздар 60-70 жыл қызмет етеді» – деп кепілдік беріп кеткен бұл көпірі қалайша мезгілінен бұрын сыр бере бастады? Дәл осындай жобамен, дәл сол күншығыс еліндегі шебер халыққа тапсырыс беріп көпір салдырған өзге мемлекеттер де дабыл қағып жатқан жоқ па екен?» деген сауалдардың жетегінде Семей көпір басқармасына бас сұққан едік.
Бізді алаңдатқан сауалдарға осы саланың тәжірибелі мамандары Серікжан Рахметов пен Төлеген Жайсаңбаев сынды азаматтар аталмыш нысанның ішкі бөлігіндегі отсектерінен бастап, үстіне шығарып та, астына түсіре жүріп те, мейілінше қанағаттанарлықтай жауап берді.
– Әу баста осы көпірді пайдалануға өткізгенде, көпірден ары-бері өтетін барлық көлік түрлерінің салмағына, ауқымы мен двигательдерінің көлеміне қарай жүріп-тұру ақылы болатын. Сол кездегі өлшеммен бағасы да аса қымбат емес еді, – дейді бір кездегі Өскемен құрылыс жол институтының түлегі, көпірлерді күтіп ұстау саласының бас маманы Серікжан. – Бұл әлемдік тәжірибеден алынған үрдіс. Кез келген мемлекеттегі ірі-ірі жол немесе көпір құрылыстары секілді стратегиялық маңызы бар нысандардың халыққа ақылы қызмет көрсетудегі басты мақсаты – аталмыш нысанды күтіп ұстау, дер кезінде ақауларын түзеп, ағымдағы кішігірім жөндеу жұмыстарын уақытында жүргізіп отыру. Өйтпегенде кез келген нысан өзінің қызмет көрсетуі тиіс кепілдік берілген уақытқа жетпей қалары сөзсіз.
Семейдегі көпірдің де алғашқы уақытта ақылы болуы осындай мақсатты көздегені белгілі. Алайда, басыңа тартсаң аяғыңа, аяғыңа тартсаң басыңа жетпей жататын кедейшілік оған жол бере ме. Ондай ақылы қызмет көрсетуі тиіс кез келген нысанның сол маңда, яғни, сол елді мекенде, көлемі жағынан да, ауыр салмаққа шыдас беру сынағынан да және тағы да басқа сол сияқты техникалық талаптарға толық жауап бере алатын, ақысыз қызмет көрсететін альтернативасы яғни, баламасы болуы керек екен.

«МЫҢ ШҰҢҚЫРҒА» АЙНАЛҒАН МҰҢЛЫҚ НЫСАН

Семейдегі аспалы көпірдің жөндеу көрмегеніне - 16 жыл

Ал Семейде Ертіс өзенінен өтетін екі-ақ көпір болса, соның бірі – біз айтып отырған жаңа көпір де, екіншісі – жаңа көпірден сәл жоғарырақ орналасқан, осыдан 30-40 жыл бұрын салынған ескі көпір. Ескі көпір деген аты ғана емес, бұл құрылыс нысанының заты да көнеріңкіреп қапты. Бетіне төселген бетонының кәдімгі «мың шұңқырға» айналып, кетеуінің әбден кетіп тұрғандығын айтпағанда, ары-бері өткенде байқағанымыздай көпірдің қазіргі жағдайы күндердің күні толассыз көлік салмағынан опырыла құлайтындай, адам бойына біртүрлі үрей ұялатады екен. Ертеректе, көліктің аз кезінде салынғандықтан ені де тар. Қарама-қарсы бағытта қозғалған көліктер бар болғаны екі қатар жолмен ғана жүре алады. Оның өзі шұрық-тесік. Ойдым-ойдым шұңқырлардан көлігін ала қашқан жүргізушілердің қайсыбірі бір-бірімен қақтығысып қап жатқандарының да куәсі болдық. Әсіресе, таңертеңгілік, түскі және кешкі уақыттардағы кептеліс кезіндегі көне көпірдің мүшкіл халін үстінде тұрып көзбен көрген адамның бойына жоғарыда айтқан үрейдің ұялары сөзсіз.
Ал енді соңғы демінің үзілуін күтіп жатқан науқас қарияның күйін кешкендей, адам аярлық күйі бар көне көпір, жаңа технологиямен жабдықталып, халықаралық стандарттарға сай, салынғанына бар-жоғы 16-ақ жыл болған жаңа көпірге қайтіп балама болмақ? Сол себептен де семейліктердің ғана емес, бүкіл қазақ елінің мақтанышына айналған аспалы көпіріміз өзінің қауіпсіз болашағы үшін халыққа ақылы қызмет көрсете алмай, пүшәйман күй кешуде.
Мамандардың айтуларынша, егер бұл көпір ақылы болғанда, одан түскен қаражат оның жыл сайынғы күтім жұмыстарына да, көпірге келіп-кететін жолдарын жөндеуге де, бір сөзбен айтқанда, өкіметтің бюджетіне телміртпей-ақ, талапқа сай ұстап тұруға жетеді екен. Әуелдегі есеп те осыған құрылған ғой. Кейін балама көпірлер жоқ деп, ақылы қызмет түрін тоқтатып тастаған. Одан кім ұтып, кім ұтылғаны белгісіз. Белгілісі, содан бергі 16 жылда осы көпірге балама бола алатын бір емес, бірнеше көпір саларлық уақыт өтті. Басқасын айтпағанда, жаңа көпірдің болашақ қауіпсіздігі үшін, ескі көпірге тым болмағанда күрделі жөндеу жүргізуге болатын еді ғой. Ол да жоқ.
– Негізі бұл көпір құрылысының бүкіл есеп-қисабына сәйкес көпір 60 жылға шыдас береді деп көрсетілген. Егер балама көпір болмаса көрсетілген уақытқа дейін қызмет көрсетуі екіталай. Сосын, көпірдің болашағына шынымен де жанымыз ашып, алаңдасақ, ең алдымен осы бастан көпір құрылысының қыр-сырын меңгерген мамандар әзірлеуіміз керек, – дейді өз мамандығын жетік меңгерген Серікжан замандасымыз.
– Менің айтып тұрғаным қыста көпірдің қарын күреп, жазда сыпырып, әне-міне темірлерін краскелейтін қатардағы жұмысшылар емес. Арнайы көпір құрылысының мамандары болады. Олар көпірдің свет, лифт, желдеткіштерін айтпағанда, іші-сыртындағы механизмдерін, атап айтқанда, тростардың босап немесе шамадан тыс тартылып кетпеуін, ішкі отсектардағы тепе-теңдіктердің ауытқымауын, әртүрлі размердегі болт-гайкалардың тот басып немесе босап қалмауын, түскен күштерді азайтатын серіппелі тетіктердің, т.б.с.с. толып жатқан механизмдердің талапқа сай, бір ырғақта жұмыс істеп тұрғандықтарын үнемі қадағалап, күн сайын тексеріп, әлдебір ақау байқалса, дереу жоғары жаққа дабыл қағулары керек. Ал мұндай мамандықтың дефициттігі соншалық, біздің Қазақстанда жоқ. Оны дайындаса Ресейде немесе осы көпірді салған Жапонияда ғана дайындайды. Сосын, көпір құрылысында бетон да, металл да, басқа да неше түрлі құрылыс материалдары пайдаланылады. Олардың барлығын қанша күтіп ұстасаң да, уақыт өте келе сапасы нашарлап, тоза бастайды. Сол кезде қай жерге қандай темірді сваркалау және қалай сваркалау керектігін, қай болтты немесе тросты шешпес бұрын, қай трос пен болтты бекіту керектігін жетік білетін маман болмаса, мына көпірдің бір жеріне болмаса, бір жеріне зақым келеді. Ал күні-түні, жылдың 365 күнінде пәлен мыңдаған салмақ түсіп, үнемі тербелісте тұрған көпір үшін бұл апатты жағдай. Біз қазір осы салада Төлеген екеуіміз ғана жүрміз. Енді бір үш-төрт жылда мен зейнетке кетем. Төлегенге де көп қалған жоқ. Ал әзірге осы бастан оқытылып, даярланып жатқан жас маман бар деп естіген де, көрген де жоқпын. Сонда бұл көпірдің болашағы не болмақ?

ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН ҚҰНДЫЛЫҚ «ҚАП!» ДЕГІЗІП ЖҮРМЕСІН

Семейдегі аспалы көпірдің жөндеу көрмегеніне - 16 жыл

(Семей көпір басқармасының кәсіби мамандары С.Рахметов (сол жақта) пен Т. Жайсаңбаев).

– Әлгінде көпір күні-түні тербеліп тұрады деп қалдыңыз. Тербеліп тұрғаны несі? Бір жеріндегі, өзіңіз айтқан тросы болмаса болттары босап кеткен жоқ па?
– Жоқ. Жалпы, көпірдің конструкциясы мен инструкциясында, сосын жұмыс істеу жүйесінде кез келген аспалы көпір белгілі бір мөлшерде баяу ғана арлы-берлі тербелісте тұруы керек. Ол осы саланың талабы. Егер көпір тербелісін тоқтатса немесе шамадан тыс қатты шайқалып кетсе, онда апатты жағдай деп есептелінеді. Қазір қаншама жылдан бері көпірдің үстіндегі асфальтқа дені дұрыс жөндеу жүргізілмей келеді. Ал қардың, жаңбырдың суы өзіңіз білесіз, міндетті түрде саңылау тауып бір жаққа ағып кетуі керек. Ол су – алдымен осы көпірдің негізгі корпусы мен тірегі саналатын астыңғы бөліктің ішкі жағын алдымен буландырып, суландырып алады да, біртіндеп-біртіндеп тростар мен басқа да атқарушы механизмдер орналасқан отсектегі темір конструкцияларды таттандырып, бүлдіре бастайды. Уақытты соза бермей жас мамандарды даярлау керектігін де, жауған жауын мен қар суларының ертеңгі күні көпірдің ішкі бөлігіне тигізетін зардаптарын да айтудай-ақ айтып келеміз. Әзірге өзгерген де, көзкөрген де ештеңе жоқ, – дейді өз ісіне жан-тәнімен берілген маман.
Иә, өз мамандығының жілігін шағып, майын ішкен Секең секілді кәнігі мамандар айтқан қарапайым болса да, аса маңызды мәселені күн тәртібіне қоймай, жоғары жақтағыларға осы бастан тапсырыс бермей, қара көзілдірік тағып ап, қара мәшинеге мініп жүретін басшы-қосшылардың не білген ойы бар? Түсінсек бұйырмасын. Әлде олар, бар көпірді жыл сайын жөндеп, кеткен жерлерін жамап-жасқап, қайта-қайта шығындалғанша, әбден тозғасын жаңасын салып аламыз деп ойлай ма? Біле білген адамға, өзге мемлекеттер дәл осындай көпір салдыруға мүмкіндіктері болмай, «Әттең, шіркін!» – деп армандап жүрген жайлары бар. Ал біз болсақ, қолымыздағы баға жетпес алтынымыздың қадір-қасиетін білмей, бір сөзбен айтқанда, барымызды базарлай алмай отырмыз. Бұл не қылған жауапсыздық, не қылған немқұрайлылық?
Немқұрайлылық демекші, 2012 жылы осы көпірді салған компанияның өкілдері жолдары түсіп Семейге кеп қалмай ма. Содан, өздері салған нысан көздеріне оттай басылып, көпірдің асты мен үстін, ішкі механизмдерінің жұмыс істеп тұрған ахуалын арнайы тексеріпті. Сонда сонау 2000 жылдан бері тым болмаса жеңіл-желпі болса да бірде-бір күтім жұмыстарын жүргізбей, жайбарақат қол қусырып отырған жергілікті билік өкілдерінің тірлігін көріп жағаларын ұстаған көрінеді.
Көпір басқармасындағылардың айтуларынша дәл бүгінгі таңда аталмыш көпіріміз стратегиялық маңызы зор нысан саналғанымен не жағалауына күзет қызметі, не бейнебақылау камералары қойылмаған. Қысқасы, соңғы бірнеше жылдар бойы ешкімге керексіз боп, қараусыз тұрған жайы бар.
– Бұл көпір пайдалануға берілген алғашқы жылдары екі жағындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолдарда қолдарына рация ұстап, форма киген күзет қызметі жүретін. Кейін солар көрінбей кетті. Ал көпірдің маңындағы тіршілік жанға жайлы, мамыражай деп ойласаңыз қателесесіз, – дейді Төлеген Жайсаңбаев. – Мұнда неше түрлі оқиғалар орын алып жатады. Ішіп ап, сүйіктісімен ренжісіп қалған жастар, шегіп ап, бір-бірімен шекісіп қалған мастар дейсіз бе, қысқасы, тірліктен түңілгендердің біразын осы көпірдің маңынан кездестіруге болады. Қит етсе көпірден секіріп өлетіндіктерін жариялап, биліктегілер мен полиция қызметкерлерін, қала берді қарапайым жұртты дүрліктіріп жататындары да бар. Ондайлардың талайына куә болғанбыз.
«Көпірден секіріп өлем» – деп жүргендердің түпкі мақсаттары не екенін қайдам. Қазақ «Жаман айтпай, жақсы жоқ» – деген. Қазір жер-жерлердегі атыс-шабыс, жарылыстарды екі күннің бірінде теледидардан көріп, баспасөзден оқып жүрміз. Кімнің ішінде қандай ит өліп жатқанын қайдан білеміз. Дегенмен, «сақтықта қорлық жоқ» екендігін ерекше ескергеніміз абзал. Сондықтан, сөз соңында өткен жылдан бері осы көпірді балансына алған облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына болашақта көпірдің айналасын тәулік бойы назарда ұстап отыратын бейнекамералар қойылса немесе күзет мәселесі қарастырылса деген алаңдаушылықтан туындаған ұсынысымызды жеткізгіміз келеді.
P.S.Көпірдің ұшар басына дейінгі биіктік 100 метрдің о жақ, бұ жағы екен. Осы биіктіктен төменге көз тастап тұрмыз. Бүкіл дүние алақаныңда тұрғандай, ғажап көрініс. Кешегі Алаш арыстарының басын бір тудың астына біріктіріп, адасып келген талайларға пана бола білген Семей шаһарының бұл күндері тозыңқырап бара жатқан ажарын сәл болса да қалқалап, 16 жылдан бері көрген жандарды өзіндік ерекшелігімен тамсандыра білген ғажайып туынды – көне шаһардың әйгілі аспалы көпірі баяу тербетіліп тұр. Ылайым, шайқалып кетпесе екен…

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button