«Дидардың» қонағы

Саят МЕДЕУОВ, әнші: – Ағаштан түйін түйетін шебер екенімді жұрттың бәрі біле бермейді

Қазақ эстрадасында өзінің қарапайымдылығымен ерекше көзге түсетін әншілердің бірі Саят Медеуов екені рас. «Жұлдыз» ауруы жұқпай, «аман» жүрген әншілердің бірі де – осы Саят. Жұлдыз дегеннен гөрі оған танымал деген сөз көбірек ұнайды. Таяуда Өскеменге келіп, өзінің жеке концертін өткізген сол танымал әншімен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

Саят МЕДЕУОВ, әнші: – Ағаштан түйін түйетін шебер екенімді жұрттың бәрі біле бермейді

Продюсерсіз де күнімді көріп жүрмін


– Саят, сіз Өскеменге жалғыз келдіңіз бе?

– Иә. Тағы да жалғыз келдім. Өйткені, менің жеке продюсерім жоқ. Әнші де, продюсер де, басқасы да – бәрі де бір өзіммін. Соңғы кездері менен сұхбат алушы журналистердің барлығы «Продюсеріңіз неге жоқ?» деген сауалды қоятын болып жүр. Бағыма жақсы продюсер кездеспей жүрсе, оған мен кінәлі емеспін ғой. Иә, «продюсерің болайын» дейтін жігіттер жоқ емес, бар. Осы таяуда ғана бір жігіт: «Сенің продюсерің болайын, барлық ұйымдастыру жұмыстарын қатырамын, әндеріңді халыққа таратып, қарық қыламын» дегесін, келіскен болатынмын. Ештеңеге де қарық болған жоқпыз. Нақты ісінен гөрі сөзі көп продюсерді қайтемін. Қояйық дедім. Одан да өз мәселемді өзім шешкенім мың артық деп ойладым. Оның үстіне осы жасқа келгенде продюсерге бағыну деген де оңай емес. Қазір өзім әншімін, өзім продюсермін дегендей. Осылай ақырын жүріп жатқан жайым бар.

Бұрындары Өскеменге келгенімде алдымнан жарқылдап марқұм Рүстем Есдәулет бауырым шығатын еді. Сырласып, мауқымызды басып, қуанып қалатынбыз. Міне, Рүстемнің өмірден озғанына да үш жылдың жүзі болды. Байқағаным, жақсы достың жаныңда жоқтығы бәрібір білініп тұрады екен. Десе де құдайға тәубе, мұнда да менің әнімді сүйіп тыңдайтын көрермендерім бар екен. Соны көңіліме медеу тұтамын.

– Айтыңызшы, сіз әнші болмағанда қандай мамандықтың құлағын ұстар едіңіз?

– Өмірімді әнсіз, күйсіз елестете алмаймын. Кім болсам да, қандай мамандықтың құлағын ұстасам да өмірімді әнмен өрнектер едім деп ойлаймын. Ауылда домбырасының құлағын бұрап, күйге келтіріп, қос ішегін ақырын ғана баппен қағып отыратын шалдар болады ғой. Сол секілді қазақтың қасиетті қара домбырасы менің де сенімді серігіме айналушы еді. Әнші болмасам, әрине, кәсіпсіз қалмас едім. Қазақта «жігітке жеті өнер де аз» деген сөз бар. Көп жұрттың сахнада жүрген жігіттердің қолынан ән айтудан басқа ештеңе келмейді деп ойлайтынын да жақсы білемін. Бірақ менің ағаштан түйін түйетін шебер екенімді сол жұрттың бірі білсе, бірі біле бермейді. Әншілік жолға түспегенде, менен жақсы, шебер ұста шығушы еді. Өйткені кішкентайымнан әке тәрбиесін көріп өскен баламыз ғой. Әкем он саусағынан өнер тамған өте шебер адам. Қолынан келмейтіні жоқ. Әсіресе, ол кісі ер-тоқым жасаудың шебері. Әрі өнерден де қара жаяу емес. Біздің кішкентай кезімізде үйде баянмен қосылып ән салатын. Қоңыр ғана әдемі дауысы тыңдаған адамның жанын елітіп, еліктіріп әкететін. Қазір қойды, көп ән салмайды. Міне, мен үшін сол әкемнен артық адам жоқ еді.

Иә, мен бала кезімде тентек болдым. Бірақ ақылды тентек едім. Қанша бұзық болсам да әкемнің іс-қимылын бақылап жүретінмін. Тегінде мен барлық ұл балалар өз әкесіне еліктеп өседі деп ойлаймын. Сондықтан да ер бала үшін отбасындағы әке орны қашан да ерекше. Мен де сол әкеме еліктедім. Оныншы сыныпты бітіргеннен соң, өзім де әке жолын қумаққа бекіндім. Сөйтіп, Алматыдағы №7 кәсіптік лицейде білім алдым. Ұлттық аспаптарды жасаудың қыр-сырын үйрендім. Кейде қолым қалт еткенде сол жаққа барып, студент кезімде өзім жасаған ағаш бұйымдарын көріп, қуанып қайтатыным бар. Осы лицейді оқып жүріп «Жас шебер» оркестрінің белді мүшесі болғанымды да айтып, мақтанып қояйын. Қазақтың қасиетті қара домбырасын құшақтап бармаған жерім жоқ. Гастрольдік сапармен бүкіл ТМД мемлекеттерін араладық. Жаныма көбіне халық әндері жақын еді. Кейін менің дауысымды тыңдаған Ұлықпан Жолдасов эстрадамен ән айтуға кеңес берді. Осылайша мен эстрадамен ән сала бастадым. Ал енді ең үлкен сахнаға алғаш рет «Тамаша» ойын-сауық отауының 20 жылдық мерекесінде Кенен атамыздың әнін айтып шықтым. Сол үшін де осы «Тамашаның» режиссері, марқұм Ұлықпан Есенов ағамызға деген алғысым шексіз. Мен осылайша қос Ұлықпанның арқасында өнер әлемінің есігін ашып, дүниеге келдім десем де болады.

Лирикалық әндерді жаным сүйеді


– Талғамыңыз биік пе?

– Талғам жоқ жерде өнер болмайды. Орындайтын әнің тыңдарманның жүрегіне жету үшін әншіге іздену қажет. Сонда ғана сен өз тыңдармандарыңды қалыптастыра аласың. Өзімді-өзім мақтағаным емес, мен әннің сөзіне де үлкен талғаммен қарайтын әншімін. Қазіргі жас әншілеріміз арзан әндерге құмар болып кетті ғой. Менің ондайға жолағым келмейді. Шырқайтын әніңнің сөзінің салмағы болғаны дұрыс деп санаймын. Қазақы иірімге толы лирикалық әндерді жаным сүйеді. Кезінде Досымжан Таңатаровтың орындауындағы «Жетейін десем, жете алмай» деген әнін үлкен тебіреніспен, толғана отырып тыңдағаным бар. Содан кейін Рамазан Стамғазиевтің репертуарындағы әндер көңілімнің пернелерін дөп басады.

Әнді талғаммен таңдайтын әншілерді жақсы көремін. Тағы бір ерекше атап айтарлық нәрсе, бізде музыка сыншысы деген жоқ. Әншілердің барлығы өздерінің репертуарындағы әндерінің бәрін музыка сыншысының елегінен өткізсе, сапасыз дүниелер азайып, әнсүйер қауымның да талғамы биіктер еді. «Әттең тонның келтесі-ай» дегеннен басқа шара жоқ.

– Ресей әншілерінің ішінен қай әншіні ерекше ұнатасыз?

– Алла Пугачева мен Олег Газмановтың әндерін жақсы көремін.

– Тыңдармандарыңыз кейде сізді билей алмайды деп те сөгіп жатады. Оны білесіз бе?

– Кейде кейбіреулердің орынсыз тиісетініне таңғаламын. Әнші мен бишіні шатастыруға болмайды ғой. Әркім өз міндетін мүлтіксіз орындаса болды емес пе? Биші болсам, билер едім. Бірақ мен әншімін ғой. Сондықтан да жаман би билегенше, тыңдарманның құлағының құрышын қандыратын жақсы ән айтқанды жөн көремін. Оның үстіне менің айтатын әндерімнің табиғатын да ескеру қажет. Лирикалық ән айтып тұрып қалай билеуге болады. Мен сол жағын түсінбеймін. Ал болашақта билеп жатсам, оны да уақыт көрсетеді.

Атағың жоқ болса, ешкім де ардақтамайды

– Қалай ойлайсыз, әншіге атақ керек пе?

– Әншіге атақ неге керек болмасын, керек қой. Баяғыда айтыс өнерінің жарық жұлдызы Оразалы Досбосынов бауырымыз өмірден озған кезде, атағы жоқ деп хабарламай қойған.

Бұл атақ деген жарықтық сондай-сондайға да керек екен ғой. Сол кезде қайғыдан қабырғасы қайысып тұрып, маған Рамазан Стамғазиев ағамыз: «Саят, атақ деген өлгеннен соң да керек. Сондықтан да сен атақтың қажеті жоқ деп айтпа» дегені бар еді. Жалпы, өзім әншілердің еңбегі бағаланып, атақ алғанын құп көремін. Атақ сені көпке танымал етеді. Қарап отырсаңыз, халық арасында небір мықты, күміс көмей әншілер бар. Бірақ атағы жоқ болғаннан соң, оларды ешкім тыңдамайды немесе жүре тыңдайды. Сондықтан да әнші неғұрлым танымал болса, оның әні де халыққа тез жетеді деп санаймын.

– Сахнаға шығар алдында қобалжисыз ба?

– Қобалжимын. Көпшіліктің алдына шығу деген ойыншық емес қой. Үлкен атағы бар, өнер майталмандары сахнаның киесі бар деп айтып жатады ғой. Мен осыған сенемін. Сондықтан да сахнаға шығып ән салар алдында міндетті түрде «біссіміләмді» айтып, Аллаға сыйынып шығамын.

– Жалпы, қазіргі қазақ эстрадасының деңгейін қалай бағалайсыз?

– Шүкір, тәубе деймін.

Өлең оқысам, рақаттанып қаламын


– Достарыңыз көп пе?

– Дұшпаның бар ма дейсің, қайдан білем, қазақтың қай үйіне барсамдағы алдымнан ақ дастарқан, жайған кілем, – деп Мұқағали ақын айтқандай, қай досымның үйіне барсам да бәйек болып, ақ дастарқан жайып жатады. Соған қарағанда достарым көп шығар деп ойлаймын.

Мынау өмірде қалжыңдасатын да құрдастарым көп. Бірімізді-біріміз мазақтап, қағытып жүргенді жақсы көреміз. Әзілді мен де бір кісідей көтеремін. Жалпы, достармен, құрбы-құрдастармен әзілдесіп, қалжыңдасып жүргенге не жетсін.

– Сонда құрдастарыңыз не деп әзілдейді?

– Олардың бірі менің бойымның қысқалығын, тағы бірі өңімнің қаралығын айтып, мазақтап жатады. Бірақ оларға ешқашан өкпелеген емеспін. Өкпелегенде не істейсің? Мені қара етіп жаратқан құдайдың өзі ғой. Осы «светіме» байланысты «шоколод» та атандым. Кезінде «Кененнің әні – Бозторғай, Орындайтын – Қара торғай» немесе «Кененнің әні – Көкшолақ, орындайтын – Қара шолақ» деп сахнаға шақырғандар да болды. Тіпті, «Қазақ эстрадасындағы ең аппақ әнші» деген де атағым бар. Әрине, аппақ деген жақшаның ішінде. Десек те бастысы терінің қаралығында емес, пейілдің ақтығында ғой.

– Әсіресе, кіммен қатты қалжыңдасасыз?

– Замандастарымның арасында актер Мағауия Қозыбағаровпен қатты қалжыңдасамыз. Бірімізді-біріміз «қарға», «есек» деп қағытпасақ, сөзіміздің дәмі кірмейді.

– Білетіндер сізді ақынжанды жігіт дейді. Сол рас па?

– Рас, поэзияны жаным сүйеді. Өлең оқығанды жақсы көремін. Әсіресе, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұматай Жақыпбаев сынды лирик ақындардың өлеңдерін жата-жастанып оқимын. Ақындардың өлеңдерін оқыған сайын рақаттанып қаламын. Өлең оқыған адамның бір түрлі рухани тазарып қалатынын байқап жүрмін.

– Өнерде кімді өзіңізге ұстаз тұтасыз?

– «Отырар сазы» оркестрінің алғашқы дирижері Серік Нұртазин ағамыз бен әнші Ұлықпан Жолдасовты ұстаз тұтамын десем қателеспеймін.

– Білетіндер, сізді көлікқұмар дейді. Сол рас па?

– Рас, автокөлікті жиі ауыстырамын. Санасам, олардың ұзын-саны жиырмаға жетіпті. Әйтеуір кейде мініп жүрген көлігім аяқ астынан ұнамай қалады. Сөйтіп, оны не сатып жіберемін, не ауыстырамын. Бұл қылығымды жақсы білетін достарым мені «автосыншы» деп те мазақтайды.

– Қазіргі көлігіңіздің маркасы қандай?

– Мерседес.

– Отбасыңыз туралы айтыңызшы?

– Отбасым туралы мен журналистерге айтпаймын. Ренжімеңіз.

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button