Білім

Саяхатшының өмірі семинарға өзек болды

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Григорий Потанин – ұлы саяхатшы, ғалым, демократ» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Семинарға аталған университеттің студенттері мен ғалымдар қатысты.

Біз көбіне Григорий Потанинді құйрықты жұлдыздай өмірден ерте ағып өткен Шоқанның жолдасы ретінде жақсы білеміз. Әрине, Потанин мен Шоқанның достығы кейінгі ұрпаққа өнеге екені де сөзсіз. Сонымен қатар, ол қазақ жерін аралап, оның бай ауыз әдебиеті мен этнографиясын, тіршілігін зерттеген үлкен ғалым. Ғылыми-әдістемелік семинарда тарих ғылымдарының докторы, профессор Советхан Игібаев ұлы саяхатшының өмірі мен қызметі туралы жан-жақты баяндама жасады.

– Г.Потанин саяхатшы ретінде Шығыс Қазақстанның жеріне көп көңіл бөлді. 1863 жылдан бастап Марқакөлге, Зайсанға, Тарбағатайға, Сартауға саяхат жасады. Ертістің жоғарғы ағыстарын, Қытаймен шекаралас жерлерін толығымен зерттеді. Кімдер тұрады, қандай шаруашылықпен айналысады, рулық, тайпалық құрамы жөнінде де зерттеу жүргізді. Бір ерекшелігі, Потанин барған жерлерінің табиғи байлықтарына да ерекше көңіл бөліп отырды. Г.Потанин қазақтарды жаппай көшпелі халық емес, жартылай ғана көшпелі халық деп санайды. Сонымен қатар, еңбектерінде Шығыс Қазақстанның қандай жерлерінің егін шаруашылығы үшін қолайлы екенін де тәптіштеп жазады, – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Советхан Игібаев.

Г.Потанин «Көкшетауды қазақтың Владикавказы» деп атайды. Шоқанның әкесін арнайы іздеп барып, сол кезде 85 жастағы ақсақалдың аузынан бірнеше ертегілер мен аңыздарды жазып алады. Сондай-ақ, саяхатшы ғалым Зайсан қазақтарынан да ауыз әдебиетінің небір үлгілерін жазып алыпты.

– Григорий Потанин қазақ халқының келешегіне өте сенген. Ол қазақтар өзінің тарихын білсе, тілін ұмытпаса, өзінің дәстүрін сақтаса дегенді ерекше атап айтады. Шындап келгенде, саяхатшы ғалымның айтқандары мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен астасып жатыр. Сондықтан да бүгінгі ғылыми-әдістемелік семинарға бұл тақырыпты әдейі өзек еттік, – дейді Советхан Игібаев.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button