«Дидардың» қонағы

Саулета ТОЛҒАНБАЕВА: – Жат жерде тіршілік кешсе де, өз ұлтын шексіз сүйді

Саулета ТОЛҒАНБАЕВА: – Жат жерде тіршілік кешсе де, өз ұлтын шексіз сүйдіТаяуда облыс орталығындағы Достық үйінде қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы Айткеш Толғанбаевтың өмірінен сыр шертетін «Музыкант» атты деректі фильмнің тұсаукесері болып өтті. Оған маэстроның қызы Саулета Толғанбаеваның өзі қонақ ретінде қатысты. Біз тұсаукесер рәсімінен соң Саулета Толғанбаевадан шағын сұхбат алған болатынбыз.

Тұтқынға түскен жауынгерлердің тірі қалуына
әкемнің скрипкасы себеп болыпты


– Саулета, «қазақтың Паганинині» атанған әкеңіздің шығармашылығын қай кезден бері зерттеп келесіз?

– 1995 жылдың 2-ші желтоқсанында менің әкем, қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы Айткеш Толғанбаев дүниеден озды. Әрине, әке қазасы жаныма қатты батты. Сол жылдардан-ақ әкемнің өмірі мен шығармашылығын зерттеумен айналысуды өзімнің перзенттік парызым санап келемін. Өйткені, оның өмір жолы өте күрделі. Кейде өз өмірімді әкемнің өмірімен салыстырып қараймын да, тәубеме келемін. Қиындыққа қасқайып қарсы тұрған аға ұрпақтың жүріп өткен жолы бізге әрқашан өнеге болуы тиіс. Біз ол кісілердің шеккен азабының ешқайсысын да көрген жоқпыз.

Менің әкем Айткеш Толғанбаев 1922 жылы дүниеге келген. Ол бүкіл елге қиын тиген нәубетті жылдар еді ғой. Бірақ бала Айткештің өнерге деген құштарлығы керемет еді. Жоқшылық та, аштық та әкемнің музыкаға деген ыстық ықыласын, махаббатын өшіре алмапты. Ауылға радио желісін тартып, одан скрипканың үнін алғаш естігенде, әкем оған ессіз ғашық болыпты. «Бұл қандай ерекше аспап?» деп таңғалыпты. Ал Балтақай ағасы 91 рубльге скрипка сатып алып бергенде, әкемнен бақытты жан болмаған көрінеді. Ол кезде 91 рубль өте көп ақша екен. Радиодан төгілген әрбір әуенді жаттап алуға тырысқан. Ал 1936 жылы ол көркемөнерпаздар байқауына қатысып, нота білмесе де бірінші орынды жеңіп алады. Талантты бала Латиф Хамиди мен Ілияс Жансүгіровтің назарына ілігеді. Кейіннен Латиф Хамидидің ақылымен Алматыдағы драмалық-музыкалық техникумға оқуға түседі. Ұстазы Иосиф Лесман одан үлкен үміт күтеді.

Бірақ тағы да соғыс басталады. Майдан даласында да әкемнің қолынан скрипкасы түспейді. Жаны қиналған жаралы жауынгерлер скрипканың үнінен жұбаныш табады. Бірақ көп ұзамай Моздок түбінде жараланып, әкем тұтқынға түсіп қалады. Тұтқынға түскен жауынгердің тірі қалуына да осы скрипка себеп болады.

«Қазақ секілді ғажап халық жер бетінде жоқ»
деп отыратын


– Әкеңіздің Еуропада қалып, әйгілі музыкант болып, танылуына да мүмкіндік бар еді ғой.

– Иә, Римдегі кеңес елшілігінде вахтер болып жұмыс істеп жүрген кезінде әкем Ди Адриано театрына скрипкашы болып жұмысқа орналасады. Бұл әйгілі Ла Скаладан кейінгі екінші беделді театр болатын. Алғашында жәй ғана көп скрипкашының бірі болса, кейін бас скрипкашы болады. Итальяндықтар жиырмадан енді ғана асқан жас жігіттің өнеріне қатты тәнті болады. Мұндай керемет скрипкашының аяқ астынан қайдан пайда болғанына да таң-тамаша қалады. Міне, осы театрда жүрген кезінде сахнаның сыртына әкемді бір банкир іздеп келіп, үйіне қонаққа келуін өтінеді. Сөйтіп, әкем уәделі уақытта әлгі банкирдің үйіне барады. Фуршет дегеннің не екенін сол кезде көрдім дейтін әкем өзінің әңгімесінде. Үнемі жаюлы дастарқанның басында отырып тамақтанып, әңгіме-дүкен құрып үйренген қазақ баласына бұл көріністің көзге бір түрлі көрінетіні де түсінікті. Өзін шақырған қожайынды тауып алып, қай жерде тұрып скрипка ойнауға болатынын сұрайды. Десе де әлгі банкир оны оңаша бөлмеге апарып, әңгімесін айтады. Сөйтсе, бұл өте бай кісі екен. Өзінің жекеменшік зауыт, фабрикалары көп көрінеді.

Осынау ауқатты адамның жалғыз қызы менің әкемді театрдан көріп қатты ғашық болып қалғанға ұқсайды. «Егер сен менің қызыма үйленсең, сенің алдыңнан әлемнің барлық театрларының есігін айқара ашам. Сен атағы жер жаратын өнер адамы боласың. Осында қал» деп өтінеді қыздың әкесі. Бірақ осынау ауқатты адамның қызына үйленсе, туған елге оралу жайындағы арманы тым алыстап кететіндей көрінеді әкеме. Шынында да егер әкем әлгі банкирдің өтінішін қабыл алғанда, тағдыр жолы басқа соқпаққа түсер ме еді, кім білсін. Бірақ сол кезде әкеме даңқ та, атақ та қажет емес болатын, оның елге оралудан, туған жердің топырағын құшып жығылудан басқа арманы жоқ еді.

Сөйтіп, қайта-қайта елшілікке хат жазып жүріп, елге оралады. Бірақ елге аман-есен оралғанымен соңына үш әріптің тыңшылары түседі. Не керек, көп ұзамай Колымаға жер аударылады. Әкем жат жерде көп өмір сүріп, тіршілік еткенімен, өз ұлтының керемет патриоты болды. «Қазақ секілді ғажап халық жер бетінде жоқ» деп отыратыны есімде.

– Сіздің есіміңізді Саулета деп әкеңіз қойған ба?

– Иә. Сәуле десек, таза қазақы есім болып кетеді, ал Саулета десек, еуропашалау болады деген екен әкем. Әкемнің бұл пікірімен анам да келісіпті. Өйткені, анам кезінде Санкт-Петербургте оқып жүргенінде Эдита Пьеханың әндерін сүйіп тыңдайтын болған екен. Сөйтіп, Эдитаның «та»-сын алуға анам қарсы болмапты. Анамның қазір көзі тірі. Сіңлім Канадада тұрады.

– Сіздің өзіңіз де әке жолын қуып, музыкант болдыңыз ғой.

– Консерваторияны скрипка класы бойынша бітіргеніммен, мен әкем секілді скрипкашы болмадым. Музыкатанушымын.

– Кезінде халық жауының қызы ретінде көп қиындық көрген боларсыз?

– Сыртымыздан айтылатын небір күбір-күбір әңгімені біздің де құлағымыз шалатын. Бала да болсақ, бәрін жақсы түсінетінбіз. Әкем де ақталуға сонша асық болды. Өйткені, ол артындағы ұрпағының, біздердің тағдырымызды ойлады. Еңсемізді тіктеп, жүзіміздің жарқын болып жүргенін қалады. Ақыры 1992 жылы 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбаны болып танылып, ақталып шықты. Бірақ ақталғаннан кейін көп жүрмеді. Үш жылдан кейін қайтыс болды.

– «Музыкант» атты 7 сериялы деректі фильмді түсіруге кім қолдау көрсетті?

– Бұл фильм мемлекеттік тапсырыспен «Мәдениет» арнасы үшін арнайы түсірілді. Алдағы уақытта әкемнің өмірі туралы көркем фильм түсірсем деп армандаймын.

Сұхбаттасқан –
Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button