Денсаулық сақтау

Сатып алған сырқаттың дауасын кімнен сұрарсың?

Сатып алған сырқаттың дауасын кімнен сұрарсың?


Өткен аптада облыстық наркологиялық диспансерге жолымыз түскен. Қоғамда аса маңызды орны бар медициналық мекеменің тыныс-тіршілігіне үңілдік, атқарып жатқан, сондай-ақ болашаққа жоспарлап отырған игі істерімен таныстық.

Дәл сол күні арнайы дәрігер-мамандар ішімдік пен есірткіге тәуелділіктен өз еріктерімен ем қабылдап жүргендерге арнайы лекция ұйымдастырған екен.

– Мұндай басқосулар мекеме мамандарының алдын ала даярлаған бағдарламалары аясында, белгіленген уақытында, түрлі тақырыптарға арналып өткізіліп тұрады. Мұнда басы жабық әңгіме болмайды. Барлығы да ашық түрде айтылып, көпшіліктің талқысына түсіп жатады. Ем алушылар күнделікті өмірде өздерін толғандыратын сауалдарға, ем-домдарына байланысты түсінбеушіліктер болса, адам тағдырына қатысты сан алуан сұрақтарға жан-жақты түсіндірмелі жауаптар ала алады, – дейді облыстық наркологиялық диспансердің қызметшісі, кеңесші Андрей Чернышов.

Маманның арнайы әзірлеп әкелген бейнероликтерінде әлемнің түкпір-түкпірінде мекен етіп жатқан адамзат баласының осы бір «есірткі» деп аталатын ғасыр дертінен қалай зардап шегіп жатқандығы, жекелеген адамдардың тәлкекке түскен тағдыр талайлары, он екіде бір гүлі ашылмаған жастардың бұрыс жолға түсіп, өз болашақтарына қалай балта шапқандары және тағы да басқа нақты мысалдар көрсетілді.

Сергей түскен сергелдең

Көрген жанды бейжай қалдырмайтын бейнебаян сол жерде отырғандарға да әсер етпей қалмаған секілді. Көрсетілімнен алған әсерлерімен бөлісіп, көргендерін қызу талқыға салып, кеңесшіге түрлі сауалдар жолдап абыр-дабыр болды да қалды.

Әйел-еркегі аралас, түрлі жастағы, әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған «еркімен емделушілерге», олардың бір-бірімен сөйлесу мәнерлері мен өз-өздерін ұстауына қарап, біраз ойға қалғанымыз да рас.

Сатып алған сырқаттың дауасын кімнен сұрарсың?

Емделушілер арасынан өз тағдырының неліктен мұндай күйге ұшырағандығы, одан құтылудың қандай жолдары бар екендігі жайында ой бөліскендер де болды.

Солардың бірі – Сергей Решетников, кеңесші: Өзін осылай деп таныстырған 42 жастағы азамат бір үйдің жалғызы екен. Айтуына қарағанда, ес білгелі жоқшылық көрмей, еркелеп өскен қаланың баласы. Бір кездері спортпен де айналысып, қаладағы техникумдардың бірінде білім де алған көрінеді. Осы жігіт аз ба, көп пе – ширек ғасыр есірткіге тәуелділікте күн кешіпті. Бұл – ойдан шығарылған сөз емес. Қайсыбіреулер секілді төрт жыл, бес жыл да емес. Бақандай 25 жыл. Бұл дегеніңіз бір адамның саналы ғұмыры емес пе. Орта есеппен тәулігіне төрт мәрте есірткі қабылдаған адамның 25 жылда ішкі ағзаларының не жаны қалмақ?

Сергейдің өзгелерден ерекшелігі – табандап жүріп, талмай күресуінің нәтижесінде осыншама уақыт бойы жалғасып келген есірткіге тәуелділіктен арылуы. Бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен жеңіс…

– Ол кезде мен бар болғаны он бес жастағы баламын. Әке-шешемнің арқасында не ішем, не кием демедім. Кеңес одағы ыдырап, ырду-дырду боп жатқан кезде өзім құралпылас балалармен есірткіге әуестене бастадық. Алғашында шетелдік фильмдерден есірткіні қалай пайдаланатындығын, оны шеккен адамның қандай рақат күйге бөленетіндігін көріп, қызығып жүрдік. Келе-келе соларға еліктеп, есірткілік заттарды өзіміз де дайындай бастадық. Сол кезде мен өзімнің бұрыс жолға түскенімді сездім, бірақ онымды мойындағым келмеді. «Азар болса, біраз уақыт қызығын көріп, қажет кезінде қойып кетермін» деп ойлағам. Олай болмайды екен. Есірткі шырмауына бір ілінген адамды оңайшылықпен босата салмайтын, өрмекшінің торы іспетті екен. Өзіме-өзім қанша мәрте сөз бердім. Ата-анамды да алдадым. Емделіп те көрдім. Қатты қиналып, өмірден күдер үзген кездерім де болды. Ақыры, 2013 жылы Павлодар қаласындағы ғылыми-практикалық емдеу орталығында екі ай емделіп, бетім бері қарады. Ол жақтан келгесін осы мекемеде ерікті (волонтер) түрде ақысыз-пұлсыз кеңесші болып жұмыс істедім. Биылдан бастап арнайы еңбек шартымен кеңесшілікке қабылдандым, – дейді ұзақ жыл есірткінің шырмауында болған Сергей.

Иә, сергелдеңге түскен Сергейдің, өзі айтқандай, өрмекшінің торынан құтылып, бүгінгі таңда ел қатарлы еңбек етіп қана қоймай, бір кездегі өзі сияқты теріс жолға түскендердің тағдырына арашашы болып жүргеніне, көрген-білгенмен, басынан кешірген жан жарасымен бөлісе білген ниетіне біз де разы болдық.

Бір сәттік рахат – алдамшы…

Жалпы, жаһанды жаулап алған есірткі дерті жайында, оның кесірі мен зардабы, емделу тәсілдері мен себеп-салдары жайлы ұзағынан әңгімелей беруге болады.

Сатып алған сырқаттың дауасын кімнен сұрарсың?

Юрий Бауэр, бас дәрігердің орынбасары:

– Нашақорлық – ол осы дертке шалдыққан адамдардың санасына әбден орнығып алған, орныққанда да жуық арада оңайлықпен шыға қоюы екіталай токсинді заттарға деген тәуелділік. Не нәрсеге байыптап, зер салып қарар болсақ, кез келген адам баласы тіршілікте өз қажетіне байланысты әлденеге тәуелді. Айталық, уақтылы тамақ ішу, шылым шегу дегендей. Сол секілді токсиндік заттарға тәуелді адамдардың да санасында осындай бір тәуелділік бар. Ол токсиндік заттар әсер етуіне, адам санасын жаулап алуына тағы да басқа «қасиеттеріне» байланысты әлденеше түрлерге бөлініп кете барады. Оған тәуелділіктің де физикалық және психикалық түрлері болады. Мысалы, ішімдікке үйір адамдардың кейбіреулері арақ-шарапты шамадан тыс көп ішіп қойса, ертеңгісін бастары ауырып, жүректері айнып, қайсыбіреулері күні бойы құсып, орнынан қозғала алмай жататындары болады. Осындай сәттерде әлгі адам «арақ ішсем, жазылып кетемін» деген оймен қайталап арақ ішуді жөн санайды. Рас, арақ белгілі бір мезетте ауырып жатқан әлгі адамның маңдайын жіпсітіп, құрысқан-тырысқан жерлері жазылып, бойы жеңілдеп қалғандай әсер береді. Бірақ ол – бір сәттік алдамшы, уақытша ғана әсер. Есірткіге табынушылардың әрекеті де тура осындай. Біреуінің ұстамасы ұстап қалса, енді біріне ауа жетпегендей алқынады. Тағы біреулерінің таңдайы кеуіп, басы айналып, көз алдына қайдағы-жайдағы дүниелер елестеп, ақыры тағы да сол есірткінің көмегіне жүгінеді. Бұл тірлік осылайша жалғасып кете береді де, ақыры әлгі адам есірткіні қабылдамаса тұра алмайтын жағдайға жетеді. Біздің міндетіміз – осы дертке шалдыққан жандарды есірткіге тәуелділіктен арылту. Бұл мақсатта шетелдік мамандармен де тәжірибе алмасып тұрамыз. 2016 жылы АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж А.Крол мырза Шығыс өңіріне арнайы сапарлай келіп, атқарып жатқан жұмыстарымызбен, болашақ жоспарларымыз бен, сондай-ақ сырқаттарды емдеу тәсілдерімізбен танысып кетті.

Атауының өзінен-ақ кез келген адамның жүрегі зырқ ете қалатын осынау медициналық мекеменің бес қабатты ғимаратының маңында көлік қоятын жер жоқ. Түрлі мақсатпен, түрлі себептермен кіріп-шыққандар легі де бір сәтке толастар емес. Осылардың барлығының қас-қабағын бағып, көңілдерін аулап, қажетті кеңестерімен қоса, тиісті ем-домдарын көрсетіп зыр жүгірген адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандардың еңбегіне жеміс тіледік.

«Бізде кадр тапшылығы жоқ…»

Қабдылманат Смағұлов, жоғарғы санатты дәрігер, облыстық наркологиялық диспансердің бас дәрігері:

Сатып алған сырқаттың дауасын кімнен сұрарсың?

– Облыстық наркологиялық диспансердің ұжымында 230-дан астам адам еңбек етіп жатыр. Ұжымымыз тату. Бір-бірімен, сондай-ақ келушілермен де ортақ тіл тауып, түсінісіп жұмыс істейді. Олардың 90 пайызы жоғары және бірінші санатты дәрігер мамандар. Біздің негізгі міндетіміз – облыс тұрғындарына мамандандырылған наркологиялық көмек көрсету болып табылады. Бүгінгі таңда біздің мекеме 2016-2019 жылдарды қамтитын республикалық «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыруда. Бұл бағдарламаның ерекшелігі – қаладағы наркологиялық тіркеуде тұрған немесе сырқат адамдардың тұрғылықты жерлерінде қабылдау пункттерін ашып, оларды тіркеуге алу, алдын ала медициналық тексерілу мерзімдерін белгілеу, сол арқылы сауықтыру шараларына үлес қосып, орталық диспансердің жұмысын жеңілдету. Кадр мәселесіне келетін болсақ, жиі айтылып жататын мамандар тапшылығы бізде әзірге сезілген жоқ. Айта кетерлік өзекті мәселелеріміздің бірі, ол – материалдық-техникалық базаның бүгінгі заман талабына, санитарлық эпидемиялық талаптарға сай келмейтіндігі. Дегенмен бұл мәселе де бір-бір жарым жылдың көлемінде шешімін тауып қалады деген үмітіміз бар.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button