Қоғам

Сараптама нәтижесін сарыла күтпейміз енді

Сараптама нәтижесін сарыла күтпейміз енді


Бұл жөнінде Өңірлік даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй – коммуналдық істері комитетінің «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының («Мемсараптама» РМК) Шығыс Қазақстан өңірлік филиалында арнайы ұйымдастырылған семинар-кеңес барысында айтылды.

Өңірдегі жобалаушы ұйымдар, мемлекеттік мекемелер өкілдері түрлі мемлекеттік бағдарламалардың әкімшілері ретінде қатысқан кеңес барысында жобалық-сметалық құжаттамаларды сараптамадан қайталап өткізуге қабылдау кезінде және электрондық жүктемеге байланысты туындайтын мәселелер, ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өткізу үрдісін оңтайландыру үшін EPSD.KZ WEB порталын жаңғырту барысы жан-жақты талқыға салынды.

Аталған ауқымды шаруа Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында айтылған міндеттер аясында қолға алынып отыр. Бұл бірінші кезекте құрылыс саласындағы ақпараттық технологияларды оңтайландыруға және жетілдіруге қатысты.

Семинар кеңес барысында «Мемсараптама» РМК өңірлік филиалының директоры Ержан Тікібаев саладағы негізгі құқықтық-нормативтік актілерге енгізілген өзгерістерге түсінік беріп, құрылыс саласы бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өткізу үшін Бірыңғай порталды жаңғырту бойынша республика және облыс деңгейінде қызметті оңтайландыру, жобалардың сапасын жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атады.

Жаңа жүйенің арқасында енді тапсырыс беруші, жобалаушы және сараптамадан өткізуші тараптар кабинеттен шықпай-ақ, әр аймақта отырып бейнеконференция режимінде сараптамадан өтіп жатқан жобалық-сметалық құжаттамаға қатысты туындаған мәселені талқылай алмақ. Талқылауға республика бойынша скайп конференция арқылы қатысуға мүмкіндік қарастырылған. Семинар барысында қатысушылар бұған дәлел ретінде Астана, Алматы, Балқаш, қалаларындағы әріптестерімен онлайн режимде тәжірибе алмасып көрді.

Өңірлік филиалдың ақпараттық технологиялар бойынша маманы Александр Грохотов өз баяндамасында жобалық-сметалық құжаттамаларды сараптамадан қайталап өткізуге қабылдау рәсімі кезінде бұрынғы жүктелген құжаттармен де жұмыс істеу жағын түсіндіріп берді. Яғни, ескертулер мен толықтырулар бойынша сараптамадан қайталап өткізу кезінде бүкіл құжатты қайта жүктемей, тек толықтыруды қажет ететін бөлігімен ғана жұмыс істеуге болады. Бұл біріншіден уақытты үнемдесе, екіншіден күнделікті жұмыстың ауыртпалығын айтарлықтай жеңілдетпек. Сондай-ақ, сайттағы интерактивті картамен жұмыс істеу жағы да түсіндірілді.

– Жаңа жүйенің тиімділігі уақыттан ұтқанымызбен қатар, қаржы да үнемделеді. Ең бастысы, мамандар интернет арқылы байланысып, құжаттарға қатысты барлық үрдістер жариялы түрде ашық жүргізіледі. Жобалаушылар бұрынғыдай құжатты том-том қағаздар арқылы тасымалдамай, тек электронды түрде жолдап әрі сараптамашының кім екенін, жұмыстың қай деңгейде келе жатқанын да бақылай алады. Бұрын бір ЖСҚ сараптамадан өту үшін кемінде екі ай уақыт кетсе, бүгінде құжат 45 күнде дайын болады. Сол уақытта экология мен СЭС-тен де сараптамадан қатар өтіп шығады. Бұрын оларда төрт айға дейін жататын. Содан кейін ғана бізге келетін. Облыстың қалалары мен аудандары да өзгешеліктерді тез игеріп жатыр. Облыс басшысы Даниал Ахметов тарапынан да тұрақты қолдау көрсетілуде, – дейді Ержан Тікібаев.

Семинар барысында қатысушылардың сауалдарына жауап беріліп, жобалаушы мамандар мен сарапшылар жаңа әдістер мен тәсілдерді тәжірибеде кеңінен қабылдау үшін екі ай сайын басқосып, кеңесіп тұруға келісіп тарқасты.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button