Мәдениет

Үржарда мұражай ашылады

Жақын күндері Үржарда келушілерге тарихи-өлкетану мұражайы есігін айқара ашпақ. Көлемі 413 шаршы метр аумақты алып жатқан ғимарат үйі бүгінде күрделі жөндеуден өтіп, іші-сырты сыңғырлап дайын тұр.

Үржарда мұражай ашыладыЕнді мұнда ел қолындағы көнеден қалған мұраларды, естелік заттар мен өткен күндерден сыр шертетін әр қилы дүниелерді жинау және оны сараптап-талдап, арнайы бөлмеге орналастыру жұмысы ғана қалып тұр. «Өткенін білмегеннің – болашағы бұлыңғыр» дейді халық даналығы. Бұл мұражай ауданымыздың өткені мен қазіргісін сабақтастырып тұратын, жасөспірімдерді туған елінің тарихы және дәстүрімен таныстыратын ғибраты мол орын болмақ.

Мұражай ғимаратын «Терме ОСТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жөндеуден өткізген. Қазір аудан орталығындағы «Батырлар аллеясы» мен «Мәдени саябақ» та нағыз үлгілі орындардың бірі деп айтуға болады.

Аудан әкімі Бауыржан Жанақов мұражайға қолғабыс береді-ау деген азаматтарды жинап, кеңес өткізді. Онда бөлмелерді қалай безендіру, қай бөлмеге нендей затты орналастыру, оларды қалай атау керектігі талқыға салынды. Мұражайда Үржар өлкесінен шыққан белгілі тарихи тұлғалардан бөлек, Ұлы Отан соғысы мен ашаршылық жылдары көз жұмғандардың, «халық жауы» атанып, жазықсыздан жазықсыз атылып кеткендердің есімдері тізімделіп, суреттері қойылмақ.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button