Мәдениет

Рухын отарлауға қарсылық білдірді

Патша отаршылары қазақтардың жерін жаулап, атауларын өзгертуімен қоймай, енді елдің санасын, жанын жаулауға көшті. Халық жерінен, билігінен айырылғаннан кейін дініне сүйеніп, тілі мен өнері арқасында ұлттық қалпын сақтап қалуға тырысқаны баршаға мәлім. Қазақ жерінде хандық билік жойылғаннан кейін енді елдің жан дүниесіне шабуыл басталды. Қазақтарды шоқындыру заң жүзінде ресмиленді.

Рухын отарлауға қарсылық білдірді

Ақтайлақ би қожа әулеттерін көшіріп әкелді

1822 жылғы патша үкіметінің «Сібір қазақтары» туралы жарлығында Орта жүз аумағы сегіз сыртқы округке бөлінген ғой. Сол жарлықта «қырғыз-қайсақтар діні мұсылман дініне қарағанда мәжусилікке жақын болғандықтан, оларды христиан дініне тартуға үміт бар. Сондықтан оларды ықтиярлы түрде христиан дініне тартуға болады. Егер кез келген округте мыңнан астам христиан болатын болса, облыс бастығы шіркеуге және священникке арнап үй салуға міндетті» делінген (А.И.Левшин). Патша билігінің бұл саясаты Сібірде нәтиже берсе де, Қазақстанда жүзеге аспады. Әрине қоңыраулары даңғырлап, шіркеулер бой көтерді. Олардың үгіт-насихатын да ел қабылдамады. Дәл осы кезеңде елдің бас көтерер азаматтары да қарап қалмады.

Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Прометей алауы» атты романында жазғандай, сананы отарлаудан, елді шоқынудан сақтау үшін Ақтайлақ би түстіктегі Түркістан уәлаятынан Аягөз жеріне қожа әулеттерін көшіріп әкелуге ұйтқы болады. Осы келген қожалардың алды Шығыс Түркістанның Тарбағатай өңірінің бас қаласы Шәуешек қаласына дейін жетіп, дін таратады. Бұл шығармада жазушының атасы Күдері мешіт салғаны тілге тиек етіледі. Ақтайлақ ауылына келген қожалардың бірі Бердіқожаны аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы өз ауылына көшіріп алады. Бердіқожадан Әуез, одан Омархан, одан заманымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов туғанын білеміз. Құнанбай аса діншіл адам болған, намаз оқымаған адамдарды дүрелеген деп жазады Абай өмірін зерттеушілер. Құнекеңнің дуан орталығы Қарқаралыда мешіт, Меккеде қазақ қажылары түсетін үй-тәккия салдырғаны да қазақ еліне аян.

Елге дін тарату өнегесінен Зайсан елінің игі жақсылары да қалыс қалмаған. Бұл өңірде дін екі бағыт бойынша тарапты. Бірі қожалар болса, бірі татар ағайындар екен. Он тоғызыншы ғасырда Татарстаннан сауда ісімен келген іскер адамдармен бірге солдаттан қашқан азаматтар Зайсанға келіп тұрақтаған. Соның нәтижесінде діни оқу орындары ашылған. Жекелеген молдалар қазақ ауылдарына келіп, бала оқытқан. Оның да пайдасы зор болды.

Дін таратуға қазақ ішінен шыққан жақсылар да бел шеше кіріскен. Тарбағатайдағы Жұмық елінде Құрбан қажы бірінші болып мешіт ашты. Сол кезде Тана Тілемісұлының кісілігімен бірге дінге деген жанашырлығымен атағы шықты. Ол кісі өз заманында үш мешіт салдырып, Зайсан уезінде имандылыққа ұйтқы болған. Заманында Тана мешіті деген ауыл бой көтерген.

Меккеде Әбдірахман білім алып жүр екен

Мұсылмандық бес парыздың бірі – қажылықты өтеу бір кездері қазақ діндарлары үшін қиынға соққан. Он сегізінші ғасырда қазақ-жоңғар соғысы ұзақ жылдарға созылды. Одан кейінгі он тоғызыншы ғасырда да Орта Азия хандықтары мен Иран, Араб елдерінде саяси жағдай тұрақты болмады. Сондықтан қазақ жерінен Мекке шаһарына кұрлық арқылы бару қауіпті болатын. Оның үстіне бір елдің шекарасынан өту үшін құжат тексеретін, рұқсат қағаз талап ететін тәртіп шыға бастаған. Ресей мұсылмандары осы қиындықтардан шығу үшін құзырлы орындардан құжат алып, Меккеге Одесса айлағы, Қара теңіз және Жерорта теңізі арқылы су жолымен Арабстанға баратын болған.

Шығыс өңірінің қажылары Семейден құжаттарын реттеп, одан пойызға отырып, Одессаға жол тартқан. Зайсан уезінен Қоңыз батыр бастаған діндарлар Шыңғыстаудағы Құнанбай ауылына барған. Оның да себебі бар еді. Құнанбайдың атағы, орыс тіліне жетік Абайдың беделі арқылы тиісті орындардан құжаттарын тез реттеп, алыс жолға аттанған. Араларында кезінде «қарадан шыққан хан» атанған Құнанбай, Бұтабай сынды аға сұлтандық лауазымында болған белді адамдар болған. Бүкіл Тарбағатай өңірін билеген Бұтабай осы қажылық сапарда қайтыс болады.

Бір сөзбен айтқанда, құдай жолына берілген діндарлар жол азабын көріп, көп қиындықпен Меккеге жетіп аялдайды. Осы кезде:

– Ассалаумағалейкум, ағалар, аман-есен келдіңіздер ме, ел-жұрт амандықта ма? – деп бір қазақ жігіті сәлем бере келгенде қажылар өз көздеріне өздері сенбей, айран-асыр болады.

Жөн сұрасуға келгенде қазақтың алдына түсер ел жоқ шығар, қазақ жерінен келген діндарлар сол арада-ақ бұл жігіттің Әбдірахман Сыпырындыұлы екенін, Марқакөл жағынан Білезік өзенінің Қара Ертіске құяр жерінде 1848 жылы туғанын, одан білім қуып, Түркияның Стамбул қаласына дейін келгенін, ол жердегі оқуды қанағат етпей, күллі мұсылман әлемінің дін орталығы Меккеде білім алып, бір жағынан медреседе араб балаларын оқытып жүргенін біліп алады.

Осы жолы Құнанбай ерекше азаматтық танытады. Өзге мұсылман елдерінен келген қажылар үшін жататын орындар бар екен де, қазақтар әр жерді бір сағалап жүр екен. Осы сапарында қазақтар түсетін үй салуға ұйтқы болады. Кейін Құнанбайдың өзі дүние салса да Меккеге келген қажылар арқылы осы сауапты ісі қазақ жерінің шартарабына тарап жатыпты.

Әбдірахман Сыпырындыұлы оқуын бітіргеннен кейін де Мекке қаласында үш жыл бала оқытады. Сөйтіп, араб елінде он үш жыл болып, Меккеге келген қажылармен ілесіп елге қайтады. Уфа қаласындағы дінге жауапты орын Әбдірахманды Зайсан уезінде ашылған Мұхтасиб мекемесіне басшы етіп жібереді. Анау-мынау емес, Меккеде білім алып, ұстаздық еткен терең білімді адамға деген елдің ықылас, ілтипаты да ерекше болады. Ол өзіне тапсырылған істі тындырымды атқарумен бірге дін насихаты сияқты ағартушылық іспен шындап шұғылданады. Халықты жұмылдырып мешіт салдырып, өзі имам болады, мешіт жанынан медресе ашып, дәріс береді.

Отызыншы жылдардағы қуғын-сүргін Әбдірахманды да айналып өтпейді. Сол жылдары байлармен бірге дін өкілдеріне де мемлекеттің саясаты қырын қарап тұрған болатын. 1934 жылы Әбдірахман Сыпырындыұлы Павлодарға жер аударылады. Келер жылы айдаудан қашып келіп, Зайсан қаласындағы отбасын алып, бір түннің ішінде Қытай жеріне барып, бой жасырады. Әбдірахман қажыны ол жақтағы мұсылман қауымы жақсы қарсы алады. Алайда үкімет орындарына ұнамаған болуы керек, қуғын көріп, тоғыз ай түрмеде болып, 1945 жылы босап шығады. Дін жолына берілген абзал азаматты үкімет тарапынан көрген қысым, қуғын-сүргін алған бетінен тоқтата алмайды. Келер 1946 жылы Тарбағатай аймағындағы Дөрбелжін қаласында халықтан қаржы жинап, мешіт салдырады. 1937 жылдан бастап құранды түрік тілінен қазақ тіліне аударуды қолға алған.

Әбдірахман қажы ғасыр жасап, 1948 жылы қайтыс болды. Өзінен кейін елге өнеге қалдырып, дін жолын қуған көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Есімі ел есінде қалды.

Міржақып Жапабай қажыға хат жазыпты

– Зайсан өңірінде екі мешіт, ал қырда алты мешіт болған. Бұл мешіттерге біздің естуімізше, Байсейіт молда, Құлша қажы, Төлеухан қажы, Сейітқазы имам, Ғаббас молда, Зуқа қажының әкесі Сәбит молда болған екен. Бегалы қажы бар, осылардың барлығы Қазаннан оқып келген, – дейді ақсақалдар. Осы деректі Зайсанның бұрынғы имамы Нұржан Таласұлы Дәріқұлов пен Қалибек Қизатұлы Алтыбаевтың «Шырағың мәңгі сөнбейді» атты кітабындағы бай материалдар толықтыра түседі. Осы кітапта Ахметзәки Актямов, Абдолла Ғабитов, Жұмаділ Шақантаев сынды дін өкілдері және ертеректе қажылыққа барған зайсандықтар жөнінде мол мағлұматтар бар. Бір ғана Меркіт руынан бес кісі қажылыққа барыпты. Елге сыйлы би Шәуке 70 жасында қажылық сапарында жолдастыққа Қазақбай палуанды ертеді. Сол кезде Қазақбайдың жасы он сегізде екен. Шәуке сол сапарда қайтыс болады. Бірер жылдан соң Шәукенің бәйбішесі Меккеге барып, күйеуінің қабіріне зиярат жасайды. Сонда бұл кісі әйелдер арасындағы тұңғыш қажы.

XIX ғасыр басында Төлеухан қари, Қоңыр, Құрбан, Бұтабай, Бегалы, Жапабай, Міңке сияқты беделді адамдар қажылыққа барды. Төртуыл елінің бір ғана Қабырғатал өңірін мекендеген аталарының ішінен Қыдырмолда, Бейсен, Топай, Тоты, Бейсат деген дін жолына берілген азаматтар қажылыққа барып қайтқан. Бекмұхаммед Указ атанған елге беделді, батагөй ақсақал 1914 жылы Жарлы өзенінің жағасына Зайсан өңірі бойынша қазақ ауылының іргетасын қалайды. Тұзақшы елі тез арада еңселі үйлер салып, ауыл Қуаныш аталады… Бекмұхаммед Алаш партиясы басшыларымен де байланыста болғаны байқалады. 1918-1919 жылы Алаш өкіметі басшыларының бірі, «Оян, қазақтың» авторы Міржақып Дулатовтың осы ауылда бала оқытқаны осыған айқын дәлел. Міржақып өзінің туған жері Торғай облысы, Қызбел атырабынан Жапабай қажыға жазған хатында былай депті:

«Ел қайда Төртуылдай өр Найманда,
Бір күнде болып жүрдік біз сайранда.
Ол елдің салтанатын айтып болмас,
Тұрғандай басын шайқап жан қайранда.
Қажыға еш адамды тең көрмедім,
Молданы өз әкемнен кем көрмедім.
Ғали мен Сақыпжамал, Ғазез бауырым,
Туғандай бір анадан сендер деймін».

Бекмұхаммед қайтыс болғанда өзі туып-өскен «Указ» қыстағының күнбатыс жағына жерленді» (Қалибек Алтыбаевтың дерегінен).

Кезінде «указной молда» дейтіндер болған. Арнайы жарлықпен тағайындалатын. Осыған байланысты Бекмұхаммед «указ молда» атанып, Міржақыптың «Молданы өз әкемнен кем көрмедім» деуі содан болуы керек.

Ал Міржақып өлеңмен хат жазған Жапабай Жандыбайұлы 1890-1910 жылдар аралығында төрт-бес рет болыс болып сайланған. 1927 жылы дүниеден өткен.

Кеңес үкіметі дінге қысым жасауға келгенде Ресей империясынан да асып түсті. Жетпіс жылда бұрынғы Шығыс Қазақстан облысында бірде-бір мешіт қалмай, түгел жабылып, молдалар атылды, айдалды, шетелдерге қашты. Мемлекет тарапынан қаншама қысым болса да халық өз дінінен безінбеді. Дін жоралғылары жалғасып жатты. Төл дінін қастерлеген азаматтардың табандылығы арқасында 1989 жылы Шығыс Қазақстан облысында бірінші болып Зайсанда мешіт есігін айқара ашты. Ол кезде облыс орталығы Өскеменде дін парызын өтейтін орын жоқ еді. Компартия билік құрып тұрған кез. Бұған қалай қол жетті? Соған назар аударайық.

Дайыр ауылының тұрғыны Мақсұт Елшібаев ауданда мешіт ашу үшін табанынан таусылды. Алматыдағы құзырлы орындарға қайта-қайта бара жүріп, болашақ мешіт ашылатын Зайсан қаласындағы кем дегенде жиырма зейнеткердің өтінішін тиісті орындарға тапсыруға келіседі.

– Онан кейін қол қоятын 20 шал іздеп бір ай жүрдім. Зайсан қаласында 20 атеист бар екен. Солар көп кедергі жасады. Сөйтсе, көп шалдың балалары қызметкер, коммунист, комсомол болып шықты. Олардың бәріне мешіт ашуға қарсы үгіт жүргізілген екен. Әкелеріне қол қоймайсың деп тастаған. Ақыры 20 шал табылды. Қол қойып, арызды өткізіп бергеннен кейін 1989 жылдың тоғызыншы айының 15-і, жұма күні мешіт ашылды. Жиырма мүшесі бар Зайсан аудан әкімшілігі жанындағы діни мекеме деп аталды. Ал бірлестігіміз болғанмен, намаз оқитын орын жоқ. Ауданды басқарып отырған Зәйділбек Құнияровқа бардым. Осы күнгі жаңа мешіттен бұрын мешіт болып келген бұрынғы байлардың үйін сұрадым. Ол: «Ауатком төрағасы Белгінов біледі ғой» деп отырғанда, құдай өзі айдап Белгінов кіріп келгені. Құнияров Белгіновке айтып, сол үйді бізге мешітке берді. «Шөп шыққан жеріне шығады» деген, ата-бабаларымыздың тұсындағы сегіз мешіт жоғалып кеткеннен кейін алғашқы мешітіміздің ашылуы осылай болған. Кейін ауданымызда 2000 жылы Қараталдан Мұхамедрахым деген азамат өз еңбегімен тамаша, сәулетті мешіт салып берді. 2001 жылы Зайсан қаласы орталығынан Аэлита деген кәсіпкер қызымыз жолдасымен екеуі салдырған тамаша мешіт бой көтерді. Бұл ауданның орталық мешіті болып аталады. Дайыр ауылдық окрігіне қарасты Жамбыл ауылынан Серік Ахтанов деген азамат ең бірінші болып мешіт салды. Қазір мешіттер көбейіп келеді. Осыған өз басым құдайға шүкіршілік етемін, қуанамын. Мешіт жөніндегі менің атқарған жұмысым осылай болды, – дейді Мақсұт Елшібаев.

Мақаңның естелігіне алар, қосарымыз жоқ. Аудан тарихы үшін аса маңызды естелік.

Өзінің тапқан-таянған ақшасын туған қаласында мешіт салуға жұмсаған кәсіпкер Аэлита Әбішева мен Мейрамбек Маратұлының игі ниеті жастардың талай буынына үлгі болса екен деп тілеймін.

Ата-бабаларымыз қастерлеп, ата-аналарымыз құрметтеген дінімізге қарсы шабуыл әлі де бәсеңдеген жоқ. Шетелдердің саясаткерлері «Ислам терроризмі» дегенді жалаулатып, көңілдерге қорқыныш ұялатады. Теріс діни ағымдар да бар екені рас. Ол да теріс пиғылды саясаттың жемісі екенін естен шығармауымыз керек. Теріс ағымдар мен хақ дініміздің канондарын ажырата білуіміз керек. Ең бастысы, халық бар жерде оның өз діні жасай береді.

Ғалым Байбатыров

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button