«Дидардың» қонағы

Рүстем ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ, айтыскер ақын: – Айтысқа үлкен жаңалық әкелмекпін

Тай күнінде кіл бестінің арасынан суырылып шығып бәйге алған айтыс аламанының алдыңғы легіндегі желғабыз жүйрігі, киелі Тарбағатайдың тумасы Рүстем Қайыртайұлы өткен жылдың күзінде облыстың 80 жылдық мерейтойына орай өткен республикалық ақындар айтысына қатысып, әдетінше кестелі сөзімен, көрікті ойымен тыңдармандарының құлақ құрышын қандырған еді. Жыр додасынан кейін айтыскермен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

Рүстем ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ, айтыскер ақын: – Айтысқа үлкен жаңалық әкелмекпін

Тоймен туыстарымды асырап жүрмін


– Қазір қайда жүрсің? Айтыстан бөлек немен айналысып жатырсың?

– Қазір Алматыдамын. Осы шаһарда күн кешіп жатқаныма он жыл болды. Журналистиканың магистратурасын тәмамдаймын бұйырса. Ғылыми жұмысым ортасына таяп қалды. Соны пейжди докторлық жолмен қорғамақпын. Негізгі мамандығым журналист болғандықтан, кәсібім сол болатын шығар. Бірақ эфирге 30 жастан кейін шыққым келеді. Ет пен терінің арасындағы желік басылып, отбасы болып, орныққаннан кейін бірақ бастағым келеді журналистікті. Қазір «Қайырлы таңды» жүргізейін десем, ұйықтап қалам, «Кеш жарықты» жүргізейін десем, кешке тойға кетіп қалам. Дәл қазір мені эфирде ұстау қиын. Әйтпесе көп адам ұсыныс жасайды. Ағайын-туыстар да «Бұйра-бұйра шашың, қою-қою қасың бар, даусың бар, неге эфирге шықпайсың?» деп көп айтады. Әр төбеге саңғып кете беруге болмайды ғой. Әзірге құдай берген қызыл тілдің арқасында қазақтың қазыналы тойларын атқарып жүрмін. Ақ келіндердің бетін ашамыз, теңін тапқан қыздарды ұзатып, жарын тапқан жігіттерді үйлендіреміз. Ағаларымыз ердің жасы елуге, ата-әжелеріміз сексен, тоқсанға келсе екен, елде той көп болса екен деп тілейтін асабалық қызметім бар. Жасырып, жабары жоқ, нанымызды сонымен тауып, жеп жүрміз. Ата-анамыздың да қазанына ас салып жүрміз. Өзіміздің бақшамызға да жеміс егіп жүрміз.

– Сол қызметіңнің бағасы құпия емес шығар?

– Мың доллармен екі мың доллардың арасында. Бірақ ақындардың ортасында жүргеннен кейін кейбір қалталы ағаларымыз өсіп-өн деп мәрттік танытып жатса, артық дәулет бас жармайды деп қараймын. Ол да бір Алланың бергені. Кейде нағыз айтыстағы тыңдармандарым хабарласып, өтініш жасап жататын кездер де болады. Танымайтын адам болса, әуелі жай-күйін, тұрмысын білеміз. Өзімнің көрерменіме, өзімнің тыңдаушыма қатып қалған баға жоқ. Тегін барған тойлар да болған. Әсіресе, өзім сыйлайтын, араласып жүрген талай ағаларымыздың тойын атша шауып жүріп атқарғанбыз. Әңгіме дүниеде емес, дүние бірде бар, бірде жоқ дегендей, көңілмен атқаратын тойларымыз да баршылық. «Желмен келген, желмен ұшады» дегендей, тойдан тапқаныңды бауырға бересің, ағайынға көмектесесің, келімді-кетімді кісің бар.

– Жеребені сахнада суыру тәсілі айтысты жасандылықтан құтқарады дегенге қаншалықты сенесің? Көптеген ақындар алдын ала жұптасып айтысқаннан қарағанда сапасы әлдеқайда төмен болғанын айтып жүр. Сен не айтасың?

– Не нәрседе де бір нәтижеге жету үшін құрбандыққа бару керек қой. Кеменің өзі теңізге шыққанда бірден қалықтап, жүзіп кетпейді. Тек жағадан алыстағаннан кейін барып желкенін кереді. Жеребе айтыстың негізгі салтына келетін дүние. Айтыстың деңгейінің көтеріліп кеткені осы алдын ала жұптаудан болған. Қарсыласыңды алдын ала білгеннен кейін оның қай қаладан келетінін, елінде қандай келеңсіздіктер болғанын зерттейсің, арнайы бопса дайындайсың. Ал бүгінгідей 20 ақынмен айтысып, оның қайсымен түсетініңді білмегеннен кейін сәл-сәл осал болуы түсінікті. Бұл айтыс ақындарға сын болды. Ізденіп, көбірек ақпарат жинау керектігін көрсетті. Аяқ астынан кіммен шықсаң да сақадай сай болып тұру үшін өре керек қой. Жеребені сахнада тарту айтысты дамытып қана қоймай, оның табиғилығын сақтауға тиімді болады. Екі-үш айтыс алғашқыда нашар өтер, құрбандық болар, ал одан кейін ақындар ел алғысына бөленгісі келсе, жүлде алғысы келсе, тас түйін дайындалатын болады. Соның арқасында өнер де дамиды. Сондықтан енді бұл жолдан таймауымыз керек.

– Абай ауданында өткен айтыста Біржан салдың әнімен шықтың. Бірақ сол әнді әрі қарай алып жүрмегеніңді көріп отырмыз. Ауыр болды ма ол әнмен айтысу?

– Біржан салдың әніне салғандағы мақсатым – эксперимент жасап көру еді. Айтысқа ауырлау екен. Халыққа айтып отырған сөзің ән ретінде әсер еткендіктен айтыстың ұшқыны әлсіздеу түсіп қалып жатты. Қазір үлкен ой үстінде, ізденіс үстінде жүрмін. Жаңа киім тіктірдім. Келесі айтысқа сол киіммен шықпақпын. Біраз уақыт үзіліс жасап, айтысқа бөлек бір бағытпен, жаңа әсермен келмекшімін. Әйтпесе айтыс ескіріп кетті, сол баяғы сүрлеумен жүре берсек, халықты жалықтырып аламыз. Сондықтан елді елең еткізетіндей жаңалықпен шыққым келеді.

Келіспей айтысудан кері қашатын ақындар да бар


– Жүрсін Ермановтың «Рүстем менің репрессияма ұшырап жүр» деген сөзін қалай түсіндірер едің?

– Жүрсін ағамыздың «Рүстем соңғы кезде бас бәйге алмай, менің репрессияма ұшырап жүр» деген сөзі маған салған қамшысы. Көп айтыста қою айтам деп қалып қап жатам. Кейде арзан әзіл айтып, жеңіл-желпі әңгімемен алға шығып кетіп жатады кейбір әріптестеріміз. Жүлде алам деп жеңіл сөзге немесе күншілдікке бармауға тырысамын. Қысқасы, сирек атса да, түйреп ататын мерген сияқтымын. Көп күттіріп келген бәйгенің дәмі де ауыздан көпке дейін кете қоймайды. Шыға алмай жүрген асуыңа шыққандай боласың. Ал үнемі жеңіп жүріп, жеңілу өте ауыр тиеді. Осы күнге шүкірлік етем. Кезінде өзіміз ауылда қара теледидардың ар жағынан көріп өскен Әселхан апамыз бен Есенқұл, Серік ағаларымыз баға беріп отыр, оның өзі біз үшін мәртебе.

Тағы да бір айтпай кетуге болмайтын мәселе бар. Айтыстың деңгейі неге төмендеді? Қазір айтыста жас ақындары бар, жасамыстары да бар, қасқырдың бәрі осында екен деп орманға қарап оқ ата береді. Халықтың қошеметіне бөлену үшін өзі түсінбейтін дүниеге ауыз салып жатады. Саясат туралы айтқысы келген адам айтар дүниесінің анық-қанығына көз жеткізіп барып қана сөйлеуі керек. Депутаттың бәрі ұйықтайды, министрдің бәрі сауатсыз деуге болмайды. Жұртты ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген азаматтар да бар. Сауатсыздық деген осы. Кейбір ақындарға аздап сауаттылық жетіспейді. Бұрын ақын бабаларымыз кімнің кім болғанын, кім кімнің тезегін теріп, түйесін баққанын білгеннен кейін айтқан. Ұпай үшін көпке топырақ шашу ақынның арына сын. Елге жаны ашып, болып жатқан келеңсіздікке бас ауыртпауы мүмкін, бірақ қошеметке ие болу үшін аттандап жатады. Осындай зиянды әдеттен аулақ болу керек жас ақындарға.

– Ел арасында «ақындардың бәрі келісіп айтысады екен» деген әңгіме желдей есіп жүр. Сол қайнаған ортаның бел ортасында жүрген ақын ретінде не дейсің бұл жөнінде?

– Келісіп айтысу деген айтысты заманауи шоуға айналдырып жібере жаздады ғой. Келісіп айтысу болғаны рас. Әлі күнге дейін келіспей, айтысқа шықпайтын ақындар да бар. Ол енді әр ақынның нәпсісін тыйғанындай, айтыстың болашағына қаншалықты жаны ашитындығына байланысты. Оны ешкім жасырмайды. Түптеп келгенде, бұл айтыстың тамырына балта шабу ғой. Не нәрсенің де биіктейтін, құлдырайтын кезеңдері болады емес пе? Айтыс та сол сияқты өзінің бір құлдырау кезеңін бастан өткізген шығар. Келісіп айтысудың да күні өтіп барады. Қалай ойласақ та, келісіп айтысу – өнерге жасалатын қиянат. Мысалы, біреу ешкіммен келіспей, таза өзіне сеніп келеді де, ешқандай дайындықсыз бір ғана ақынмен келісіп алған екінші ақын оның жолын кеседі. Бұлайша біреудің обалына қалу дұрыс емес. Ал жеребе осындай әділетсіздікке жол бермейді.

– Сені Ринат Зайытовты жеңудің кәнігі маманы деп жатады. Расымен де онымен айтыстарыңның бәрінде осал болған кезің жоқ. Осының сыры неде?

– Бірден айтайын, Ринат – өнердегі де, өмірдегі де досым. Кәсібіміз де, нәсібіміз де біреу. Бір елден, бір жерден шыққаннан кейін, біріміздің орнымызды біріміз жауып жүріп жатырмыз Алматыда. Бір-бірімізге бауыр басқан жігіттерміз десе де болады. Осы уақытқа дейін екеуміз 10-11 рет айтысқан шығармыз. Жұбымыз жазылмай жүрсек те, келісіп айтысып көрмеппіз. Кейбіреулер екеуміздің айтысымызды көргеннен кейін «Осы екеуі жай өмірде бір-бірінің сәлемін алмайтын шығар» деп ойлауы мүмкін. Жоқ, олай емес. Оны бет қаратпай жеңіп келе жатырмын деп айтудан аулақпын. Кейде мен ойсырата жеңем, кейде ол есесін қайтарып жатады. Бір-біріміздің осал жерімізді, артықшылығымызды жақсы білгендіктен айтысымыз тартысты шығып жатады. Бір-бірімізге іштей дайындалып жүреміз, бірақ айтпаймыз онымызды. Кейде менің оған дайындаған бопсам көп болып жатады, кейде оның маған деген уәжі басым боп кетеді. Әзірге сәл-сәл басымдықпен мен алда келе жатқан сияқтымын. Елдің айтып жүргені сол ғой. Ертең кімнің жеңіп, кімнің жеңілетінін ешкім білмейді.

– Мектеп қабырғасында жүріп-ақ айтыстан темір тұлпар ұтқан бірінші ақын өзіңсің. Жалпы, айтыстан неше көлік міндің?

– Ол кез мен үшін естен кетпес оқиға. 2002 жыл болатын. Жүлде алып, мәшине мінем деп ойлаған жоқ едім, жолым болды. Гиннестің рекордтар кітабына кіруге лайық-ақ оқиға болатын. Кейін ғой, мектептен келіп, мәшине мініп кету қалыпты жағдайға айналды. Айтыста он жыл жүріп бәйге ала алмаған ағаларымыздың арасында сол биікті ұстап тұру оңай болған жоқ. Шама келгенше тырысып келем. Әңгіме үнемі бас жүлде ғана алуда емес. Сол деңгейлі айтыс жасап жүрмін деп ойлаймын өз басым. Арасында бағым жанып, темір тұлпардың үш-төртеуін міндім. Ақшалай да қомақты жүлде алып жатамыз. Айтыстың берер байлығы жүлдесі емес. Бір айтыста алған ақшаны «әу» деп ашқан беташардан да аласың. Айтыстың халыққа қажеттігі, ақынның халыққа танымалдығы баға жетпес бәйге дер едім. Эфирден анда-санда болсын жарты сағат айтысымыз беріліп тұрса, миллиондар көреді, біледі.

– Айтыстан кетуге бел буып, бетің қайтқан кездер болды ма?

– Ондай жағдай барлық ақынның басында бар. Кейде сәтсіз айтыстар болады. «Бүйтіп сүйкімімді қашырғанша, сәтсіздікке ұрына бергенше «айтысты қоймаймын ба» деген ой келеді. Бірақ айтысты бастаған соң тастау қиын. Уақыт өте келе сағынышың артады, өкпең тарқайды, сөйтіп, айтысқа қайтып келесің. Айтыстан кету оңай болса, кеше ғана «Енді айтысқа шықпаймын» деген Ринат бүгін айтысып отырмас еді.

– Айтыс мемлекеттің тікелей қамқорлығына өтті. Ақын ретінде өзіңе бұл құбылыс қалай әсер етті? Бұл қадам айтысқа қаншалықты пайдалы деп ойлайсың?

– Таяқтың да екі ұшы болады ғой. Мемлекеттің айтысты қамқорлығына алуының пайдалы жағы да, зиянды жағы да бар. Бір жағынан аузыңды майлайды, екінші жағынан тіліңді байлайды. Қиюы келіп тұрса, шындықты ханның да алдында дәмділеп тұрып жеткізуге болады.

Сұхбаттасқан –
Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button