Туризм

Риддерде қысқы туристік маусым ашылды

Өткен демалыс күндері Риддер қаласындағы «Эдельвейс» тау шаңғысы кешенінде қысқы туристік маусымның ашылу салтанаты өтті. Осыған орай, облыстық туризм орталығының мұрындық болуымен қысқы спорт түрлерінің мерекесі ұйымдастырылды.

Мемлекеттік әнұранның орындалуымен және көк байрағымызды көтерумен басталған іс-шараға тау шаңғы спортының ардагері Игорь Закурдаев пен ұлттық құраманың мүшесі Захар Кучин қатысты. Жиналғандар алдында Риддер қаласы әкімінің орынбасары Әсем Ағажаева мен облыстық туризм орталығының өкілі Талғат Дәулетов сөз сөйлеп, демалушыларды жаңа маусымның ашылуымен құттықтады.

Бұдан кейін негізгі іс-шаралар да басталды. Атап айтсақ, қонақтар назарына қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі мен жергілікті шығармашылық ұжымдарының концерті ұсынылды. Бұған қоса, дәл осы жерде ұйымдастырылған итшана жарысы, түрлі спорттық сайыстар мен бүркіттермен суретке түсу сияқты акциялар да келушілер үшін айрықша қызықты болғаны сөзсіз.

– Біз – облыстық көлік спорты федерациясының өкілдеріміз. Бүгінгі іс-шараға иттеріміз бен нарттарымыз да ала келдік. Жалпы, итшана жарысы деген ерекше спорт түрі ғой. Сайыстарымыз жергілікті тұрғындардың көңілінен шығуда. Әсіресе, балалар мәз. Өйткені, бүгін кез келген адам итшанаға мініп, табиғат аясында серуендей алады, – дейді иттердің иесі Яна Григорьева.

Шынымен де, бұл күні балалардың жүзі бал-бұл жанды. Іс-шараның кішкентай қонақтары тәтті-дәмділерге тойып, аниматорлардың қойылымдарын тамашалады, коньки теуіп, шанамен сырғанады.

Іс-шара соңында демалушылар демеушілердің бағалы сыйлықтары тігілген ұтыс ойынына қатысуға мүмкіндік алды.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button