Облыс әкімі: бағыт-бағдарОблыс әкімі: іссапарТОПТөтенше жағдай

Риддер жылу орталығындағы өрт сөндірілді

Ержан Кеңесұлы

Риддер жылу электр орталығындағы жағдай оңалып келе жатқандай еді, 19 қаңтарда көмір беру цехынан өрт шығып, 280 шаршы метр жер отқа оранды.

Таңғы сағат 6.54-те шыққан тілсіз жауды өрт сөндірушілер ауыздықтапты. Зардап шеккендер жоқ. Көмір беру цехы толықтай отқа оранған. Демек, станцияға көмір жеткізілу жағынан мәселе туындайды. Бұл тығырықтан шығу үшін орталық жұмысы уақытша мазутқа көшіріледі. Ол туралы апат болған жерге келген облыс әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді. Аймақ басшысы қазіргі жағдай бойынша ғана емес, жалпы станция мәселесін түбегейлі шешу жолын да айтты.

– Жылу орталығында орын алған өрт сөндірілді. Жағдайды бақылауда ұстап отырамыз. Негізгі қиындық сол, көмірді станцияның басына бүгін апара алмаймыз. Бірақ, мәселе қауіпті емес. Екі сағат ішінде істеп тұрған төрт қазандық мазутқа көшіріледі. Қазір 380 тонна мазут бар. 960 тонна сұйық отын алдағы сағаттарда Өскеменнен жеткізілетін болады. Станцияда тәулігіне барлығы 240 тонна мазут жағылады. Демек, бес күндік қор бар. Ал өртенген цех үш күнде толық қалпына келтіріледі, – деді ол.

Сонымен қатар Даниал Ахметов орталық басшылығының жауапсыздығы мен салғырттығын сынға алды. Айтуынша, станцияның Қаражыра көмір кенішіне қарызы бар. Риддер ЖЭО өкілдері 6 қарашадағы жағдайдан бері мәселені шешу үшін еш әрекет жасамаған. 1 миллиард 350 миллион теңгенің көмірін Қаражыра кеніші облыс әкімдігінің кепілдік беруімен ғана жеткізіп отыр. Еске салсақ, 6 қарашада қазандықтың бесеуі бірдей істен шығып, қалада төтенше жағдай жарияланған-ды. Содан бері кей тұрғын үйлерде қалыпты температураны сақтап қалу мүмкін болды. Дегенмен жылуға зәру тұрғындар да аз емес. Сол апат салдарын жоюға 600 миллион теңгенің жөндеу жұмысы жүргізілген. Жылу орталығы бір тиын да төлеген емес. Кәсіпорынның жалпы қарызы – 2 миллиард 350 миллион теңге.

Даниал Ахметовтің пікірінше, мәселе түбегейлі шешілуі үшін қазандық коммуналдық меншікке өтуі керек. Егер мемлекет меншігіне берілсе, қазандық қарызы да жабылады. Одан бөлек тозған жылу жүйелері де ауыстырылуы қажет. Әрине, оның барлығы қаржыны қажет етеді.

– Біз станцияны коммуналдық меншікке беру керек деген ұсынысты Үкіметке жеткіземіз. Бірақ, бұл іс заң аясында атқарылуы тиіс. Қазір прокуратура өкілдері осы бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, – деді облыс әкімі.

Апатқа байланысты қаладағы үйлерде температура төмендемеуі тиіс. Облыс басшылығы уәде еткеніндей цех жұмысы үш күн ішінде, яғни 22 қаңтарға дейін қалпына келтіріледі. Ол үшін құрылымдық қызметкерлерге тапсырмалар беріліп, жөндеу басталды.

Суреттерді түсірген – Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button