Білім

Портретші жігіттің жоспары көп

Портретші жігіттің жоспары көп

Жас мамандарға қолдау көрсетуге арналған «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауданда өте талантты суретші – портретші еңбек етуде. Ол – аудандық Шығармашылық үйінің бейнелеу өнері студиясының жетекшісі Қуаныш Әділбек.

Қуаныш – Абай ауданы, Қарауыл ауылының тумасы. Семей педагогикалық университетінің графикалық өнер факультетін бітірген соң, біздің ауданымызға жолдамамен келді. Алғашқы екі жарым жылда ол шалғайдағы Өрел ауылдық округінің Еңбек ауылындағы мектепте сабақ берді. Жас маманның ерекше қабілетін байқаған басшылық оны аудандық Шығармашылық үйінде еңбек етуге шақырды. Аудан орталығына келген соң, Қуаныш шаңырақ көтерді, жас мамандарға қолдау ретінде бөлінген қаржыға үй сатып алды.

Қуаныш бала күнінен сурет салатын. Бастапқыда қағазға көзіне көрінгеннің барлығын бейнелейтін, онан соң әкесінің кеңесі бойынша жиі-жиі адамдардың суретін сала бастады.

-Егер сурет өнеріне деген бейімділік генетикалық деңгейде беріледі десек, бұл өте орынды айтылған пікір,- дейді Қуаныш. –Өз бетімен үйренсе де, менің ата-аналарым суретті өте жақсы салады. Ал менің нағашым Ақылжан Биғадиев танымал кәсіби суретші болды, ол кезінде Алматыдағы суретшілер даярлайтын училищені бітірген. Өкінішке қарай, Ақылжан аға өмірден ерте озды, мен одан үйрене алмадым. Менің сыңарым Қанат та суретті жақсы салады, қазіргі уақытта Абай ауданында көркемөнер мектебінде сабақ береді.

Портретші жігіттің жоспары көп

Кез келген суретші өзінің шығармашылық жолында белгілі бір бағытты немесе стильді таңдайды. Қуаныш Әділбек көркемөнерде нақты өмір құбылыстарын шыншылдықпен суреттеу әдісін (реализм) таңдады. Ол құбылыстар мен заттардың сырт көрінісін анағұрлым шынайы бейнелеуге, образ жасағанда оның жеке және типтік келбетін біріктіруге тырысады. Портретші маман ретінде Қуаныш анағұрлым күрделі жолды таңдады. Өйткені, портрет жазғанда суретші өз кейіпкерінің келбетін дұрыс бейнелеп қана қоймай, мүмкіндігінше оның мінез-құлқын, көңіл күйін де жеткізуі тиіс. Тек сонда ғана суретші қаламынан нағыз туынды шығады.

Қуаныштың алғашқы жұмысы – жазушы Оралхан Бөкейдің суреті үлкен шеберлікпен салынған. Қазіргі уақытта ол Глубокое кентіндегі Оралхан Бөкей атындағы мектепте тұр. Катонқарағайлықтар өздерінің танымал жерлестерінің портретін мектеп ашылған күні сыйға тартқан.

Онан соң Қ.Әділбек тапсырыс бойынша танымал жазушылар, катонқарағайлықтар – Қалихан Ысқақтың, Дидахмет Әшімхановтың, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаевтың, ауданнан шыққан әйгілі педагог Қабдөш Дамитовтың суреттерін даярлады…
Қуаныш жасаған портреттер оның өзі жазған әр адамның портретіне деген сезімталдығын көрсетеді. Оның полотносындағы әрбір кейіпкер – сирек кездесетін, бірегей тұлғалар.

Шығармашылық үйінде еңбек ете жүріп, Қ.Әділбек өзін тек талантты суретші ғана емес, тамаша педагог ретінде де көрсетті. Қазіргі уақытта оның бейнелеу студиясында 90-ға таяу бала шұғылданады, Қуаныш оларды алты топқа бөліп оқытады, бір топта 15 бала бар. Сондықтан емін-еркін шығармашылықпен айналысатын уақыт тапшы. Портреттерді тек үйде ғана кешкі уақыттарда немесе демалыс күндерінде жазуға тура келеді. Оның есесіне, өзі білім берген оқушылары жақсы жетістіктерге қол жеткізуде. Жас суретшінің Еларыс Бақытқанұлы, Дана Тайниғазинова, Мақпал Толықпаева, Мадина Санатқызы сынды оқушылары – облыстық, республикалық бейнелеу өнері бойынша балалар шығармашылығы конкурстарының жеңімпаздары және жүлдегерлері.

Қуаныш болашақта Қазақстанның Суретшілер одағына мүше болуды армандайтындығын жеткізді. Бұл үшін ол өзінің көркемөнер полотнолары жинағын құруды, қандай да бір үлкен конкурсқа қатысуды, өзінің үздік жұмыстарының дербес көрмелерін өткізуді жоспарлауда. Меніңше, бұл жоспар көп ұзамай жүзеге асырылады деп ойлаймын.

Шамиль Багаутдинов
Катонқарағай ауданы.
Сурет автордікі.

Осы айдарда

Back to top button