Қоғам

Ойын тағдыры үшінші кезеңде шешілді

Ойын тағдыры үшінші кезеңде шешілді


Өскемендік «Торпедо» жаңа маусымдағы сырт айдындарда өткізген ойындардың алғашқы сериясын жеңіліспен аяқтады. Жоғары хоккей лигасы регулярлық чемпионатының 10-шы турында Қытайдың Харбин қаласында жергілікті «Куньлунь Ред Стар Хэйлунцзян» хоккейшілерімен кездескен торпедолықтар айдын иелеріне 1:2 есебімен есе жіберді.

Шыны керек, өскемендік команданың қазіргі жағдайы мәз емес. Аталған ойыннан кейін жерлестеріміз 13 ұпай жинап, турнирлік кестенің бар болғаны 19-шы орнында тұр. 10 ойынның тек төртеуінде ғана жеңіске жеткен Алексей Ждахиннің жігіттері былтыр команданы өрге сүйреген ойын өрнегін таба алар емес.
Бұл ойында да «Торпедо» ойыншыларына сәттілік жолдас болмады. Айдын иелерімен терезесі тең ойнаса да, ақыр соңында ұпай жоғалтуға мәжбүр болды.
Матчтың алғашқы екі кезеңінде қақпаға шайба дарыта алмаған қарсыластар қызықтың бәрін соңғы жиырмаминуттыққа қалдырыпты. Бірінші болып қытайлық клубтың ойыншысы көзге түсті. Кездесудің 43-ші минутында есепті Тревис Эрхардт ашты. Бұдан кейін қорғанысты ұмытып, шабуылға лап қойған қонақтардың қақпасына тағы бір шайба енді. Бұл жолы Кирилл Лебедевтің қанжығасы майланды. Арада бір минут өтпей жатып Максим Капитуров есеп айырмасын бір шайбаға дейін қысқартты. Өкінішке қарай, бұдан артыққа торпедолықтардың шамасы жетпеді. Қорытынды есеп 2:1 – қытайлық команданың пайдасына.
Келесі кездесуін «Торпедо» өз айдынында 12 қыркүйек күні ижескілік «Ижстальға» қарсы өткізеді. Ойын кешкі сағат 18.30-да басталады.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button