Білім

Оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін үйретті

Оқытудың  жаңа әдіс-тәсілдерін үйретті

Бүгінгі таңда үш тілді оқыту мәселесіне үлкен көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Оның ішінде ағылшын тілі озық білім, жаңа технологиялар, халықаралық қатынас тілі болса, қазақ тілі мемлекеттік тіл. Олай болса аталған тілдерді оқытудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру мәселесі де өте маңызды. Осы орайда Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханасының конференц-залында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен «Қазақ және ағылшын тілінде проблемалық жағдаяттық тапсырмаларды жобалау» атты облыстық ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

Семинарға өңірдің аудан, қалаларындағы тілдерді оқыту орталықтарының қазақ және ағылшын тілі оқытушылары мен педагог мамандар қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинардың көздеген мақсаты облыстағы тіл оқыту орталықтарындағы қазақ және ағылшын тілі оқытушыларының біліктілігін жетілдіру.

– Бүгінгі таңда үш тілді, оның ішінде қазақ және ағылшын тілдерін оқыту мәселесіне мемлекеттік деңгейде үлкен мән беріліп отыр ғой. Үштілділік саясатын ұстана отырып осы ағылшын және қазақ тілін оқытудың қандай әдіс-тәсілдері бар? Тілді оқыту үрдісінде жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді қалай пайдаланып жүрміз? Бүгінгі семинарға қатысқан оқытушылар осы сауалдарға жан-жақты жауап алды деп ойлаймын. Семинарға тілді оқытуда өзіндік тәжірибесімен танылған жаңашыл ұстаздарды әдейі шақырдық. Оның бірі – Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Жанар Үмбетаева, ал екіншісі Семей қаласындағы Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Арай Жүндібаева. Олар семинар барысында ағылшын және қазақ тілдерін оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері туралы баяндап, оқытушыларымыздың өз шеберліктерін шыңдауға көмектесті, – дейді Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының директоры Айнұр Ботабаева.

Сонымен қатар, семинар барысында мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын жетілдіру мен тілді оқытудың инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да сөз қозғалды.

– Ең алдымен осы семинарды ұйымдастырып отырған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының лингвистикалық орталығына үлкен алғысымды білдіремін. Өз басым бұл семинардан көп нәрсені үйреніп, көңіліме түйдім деп айта аламын. Жалпы, қазақ тілі мен ағылшын тілдерін ересектерге екінші тіл ретінде үйрету оңай шаруа емес. Осы семинардан бұл бағытта жаңашылдықтың көп екенін байқадым. Мен үшін өте маңызды, өте салмақты ғылыми-практикалық семинар болды, – дейді Риддер қалалық тілдерді оқыту орталығының әдіскері Құралай Садықова.

Мейрамтай ИМАНҒАЛИ

Осы айдарда

Back to top button