Оқырман алғысына бөленген күн
«Дидар» газетінің 85 жылдық мерейтойын түйіндеген салтанатты шара өтті. Салтанатта облыс әкімінің аппарат жетекшісі Алмас Оңдақанов редакция ұжымына және барша оқырманға аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ құттықтауын жеткізді.
Бұл күні С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың бас ғимаратының акт залында ине шаншар орын болмады. Ақ сақалды аталар мен ақ самайлы әжелер де, мемлекеттік шаруалардан қолы босай бермейтін шенеуніктер де, жастар да, «Дидардың» ең адал оқырмандары саналатын дәрігерлер мен мұғалімдер де табылды бұл ортадан.
Әуелі жиналған жұртқа газеттің өткені мен бүгінгі тынысын қысқаша сипаттайтын фильм көрсетілді. Одан кейін сахнаға А.Оңдақанов шығып, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ құттықтау хатын оқыды.
-Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен қатар келген өңірдегі аға газет «Дидардың» 85 жылдық торқалы тойымен құттықтаймын. Бастауын өткен ғасырдың 30-ыншы жылдарынан алып, бүгінге жеткен газет облыстың түрлі тарихи кездерін шежіреге түсіргені анық. Атауы сан рет өзгерсе де, газет аға буынның санасында өлкеміздің жылнамасын жазған басылым ғана емес, әрқашан ұлт мүддесі мен халқымыздың биік мақсат-мұраттарын көтерген басылым ретінде сақталады. Өйткені, бұл газет өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани, қоғамдық-саяси өмірін шынайы ашып көрсетіп, халық сеніміне ие болып келеді. «Дидарлықтардың» алдағы уақытта да Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ айқындаған ұлт мұраты жолындағы ұлы міндеттерді орындауға халықты жұмылдыру мақсатындағы қызметін абыроймен атқара беретініне сенімдімін, – делінген құттықтау хатта.
Дәл осындай құттықтау хатты Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та жолдап, бірнеше жыл бойы қанаттасып жұмыс істеген басылымның ұжымына жүрекжарды тілегін білдірді.
– Аға басылым бұған дейін де қазір де облыс зиялы қауымының қасиетті ордасы болып келеді. Болашақта да сол сара жолды жас буын лайықты жалғастырары айқын. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен шығармашылық қабілеттеріңіз алдағы уақытта да ел игілігіне, өңірдің жан-жақты қарышты дамуына қызмет етеді деп сенемін, – делініпті жеделхатта.
Бұдан кейін А.Оңдақанов аймақ басшысының атынан газетке еңбегі сіңген ардагерлер Мұрат Әміреновтің иығына шапан жауып, Алтын Елубаева мен Раиса Қайырбаевға камзол кигізді.
[center]
ҚАЕУ ректоры, академик Ережеп Мәмбетқазиев пен Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғонысов та өз құттықтауларын жеткізді.
Бұл мерейтойға Алматыдан арнайы келген жерлес ақын, академик Бауыржан Жақып жырдан шашу шашып, бас редактор Уәлихан Тоқпатаев пен орынбасары Азамат Қасымға, хабар бөлімінің меңгерушісі Серік Әбілқанға Ақпарат және комуникациялар министрлігінің Құрмет грамотасын тапсырды.
Газеттің мерейтойына арнап ұйымдастырылған мүшәйраның жеңімпаздары да ақын ағаларының қолынан тиесілі сыйлықтарын алды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев редакция ұжымына аға буынның құттықтауын жеткізіп, Хасен Зәкәрия, Мейрамтай Имағалиева, Ержан Әбіш, Дәурен Аллабергенұлы, Айжанат Ихсанова сынды журналистер мен Гүлнәр Мүкенованы облыстық мәслихаттың грамотасымен марапаттады.
Бұдан кейін сахна төріне ақжарма тілектерін айту үшін барлық аудандар мен облыстық басқарма, департаменттердің өкілдері көтерілді. Ал аймақтағы кәсіпорындар атынан «Қазцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі департамент қызметкері Жұмағазы Игісін құттықтау сөз алып, мерейтойға сыйлық ретінде екі миллион теңгенің сертификатын табыстады. Құттықтаушылардың соңын ала бас редактар Уәлихан Тоқпатаев сахнаға шығып, той иесі ретінде тілекші қауымға алғысын білдірді.
-Көрсетіп жатқан құрметтеріңізге алғысымыз шексіз. Оқырман алдындағы міндеттерімізді бұдан былай да абыроймен атқаруға күш-жігерімізді аямаймыз, – деді бас редактор.
Осы салтанатты сәттің бәрін күйші Шалқар Рысханов бастаған Байжігіт атындағы ұлт-аспаптар оркестрі әсерлі әуенмен жетелеп отырды.
Салтанатты шара өңірімізге танымал өнерпаздардың мерекелік концертімен жалғасты.
Есжан Ботақара