Қоғам

Оқушылар өз өнімдерін саудалады

Оқушылар өз өнімдерін саудалады


Өскемендегі №45 бейімделген орта мектеп шаңырағында «Алтын күз» атты дәстүрге айналған жәрмеңке болды. Онда оқушылардың өздері әзірлеген алуан түрлі тағамдар мен жазғы демалыста баптап-күткен көкөніс, жидектері сатылды.

Қай жағынан алып қарамасаңыз да шараның берері мол боп тұр. «Жай кезде анау дейміз, мынау дейміз, Қиналып, жан қысылса Құдай дейміз» дегендей, күнделікті күйбең тірліктен қол босамай, ара-тұра сылтауратып жүріп, балаға көңіл бөлінбей жатады. Міне, сол бір олқылықтың орны толатын күн болды. Әрі мектеппен арадағы қарым-қатынас та күшейеді. Ата-аналардың пікірі осыған саяды.

Жәрмеңкенің қызығын ежелден сал мен сері кіргізген болар. Сонау ХІХ ғасырдағы Қояндыдағы жәрмеңкеде Біржанның әнін есту үшін ғана алыс-жақыннан ат сабылтқандар көп еді ғой. Бүгінгі өнерлі балалар ұйымдастырған концерттік бағдарламаға да келушілердің көңілі тоғайды. Тіпті, айызы қанып, риза болып қайтты базаршылар.

– Жәрмеңке республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында оқушылардың күшімен өткізіліп отыр. Мұндай шараны өткізуге ата-аналар комитеті мен мектептің қамқоршылық кеңесі мұрындық болған. Жәрмеңкеден түскен қаражаттың белгілі мөлшері өзімізде оқитын әлеуметтік жағдайы нашар отбасынан шыққан балаларға, нақты айтсақ, мектептегі мыңға тарта баланың 190-на бөлінеді, – деген мектеп директоры Оралхан Тілеукенов түскен қаржының қалған бөлігі жыл бойғы мектептің өзге де қажеттіліктеріне жұмсалатынын жеткізді.

Айта кететін тағы бір жайт, акцияға «Шығыс-Сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де атсалысты.

– Біз оқушыларға өзіміздің өнімдерді, оның ішінде сүзбе, йогурт, тәтті ірімшік сияқты тауарларды тегін ұсынып отырмыз. Аталған өнімдерді балалар жәрмеңкеде сатып, одан түскен ақшаны мұқтаж құрбыларының қажеттіліктеріне жұмсай алады, – дейді «Шығыс-Сүт» дүкенінің директоры Сырым Әділов.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button