Айтылмай жүрген ақындар

Отыз жасында отты жырларымен Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановты мойындатқан ақын

Отыз жасында отты жырларымен Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановты мойындатқан ақын

Ақиық ақын Секен (Сейітхан) Дайырбеков туралы тарих ғалымдарының докторы, профессор, Зайсан өңірінің тумасы, академик Төтенаев Базарбек қажы: – Жалынды ақын Секен 30-ақ жыл өмір сүрсе де, артында көңіл толарлық әдеби мұра қалдырды және де бұл әулеттің Құнанбайдың қарындасы Әлпештен тарайтынын кез келген адам біле бермес – деп сыр шертеді.

ҚОҚЫМБАЕВТАЙ ҚУЛАРДЫ қара сөзбен ҚУЫРҒАН

Сейітхан Сұлтанбекұлы Дайырбеков қалың Қаракерейден тарайтын Байыстың бір баласы Мәмбетқұл (Қыржы) Ақшораның он ұлының бірі – Айдос табынан. Айдос пен Жандос бір туысады. Айдостан Жәркен қажы мен Жандос Досқанаұлы Ырғызбай емші-әулие немере туыс. Ата қоныстары – Тарбағатай тауының сілемі, Құсмұрынның шығысы, Кіндікті, Үмбет өзеңдерінің маңы. Бұл өлке ежелден малға да, жанға да жайлы, табиғаты бай, суымен құнарлы өңір екені елге мәлім. Табиғатына қарай адамдары да өнерлі, кеңпейілді болып келеді. Сондай өнерпаз, отызында орда бұзған, өмірден жастай өткен ақын Секен осы өлкенің азаматы, төл тумасы еді. Жоғарыда аты аталған аталары емші-әулиемен туыстығы өз алдына, достығы, сыйласымдығы тіпті ерекше болыпты. Олай дейтініміз, Ырғызбай Досханаұлы ел ішінде емшілік сапарға шыққанда Жәркен бауырын қасынан қалдырмай ертіп жүреді екен.
Абайдың үлкен атасы Өскенбай би Ырғыз-екеңе сырқаттанғанда талай емделіп жүрсе керек. Ұлы Құнанбай шешек дертіне шалдыққанда Өскенбай әдетінше қос ат жіберіп әулие – емшіні алдыртыпты. Баласын аман алып қалған емші досына риза көңілімен екеуміздің достығымыз құдалыққа ұлассын деп, Ырғызбайдың немере інісі Жәркенге Әлпеш атты қызын атастырыпты. Міне, сол Жәркен мен Әлпештен 8 ұл дүниеге келіпті. Соның бірі – Дайырбек, одан – Сұлтанбек. Сұлтанбектен – Сейітхан. Ендеше, Секеннің нағашы аталары Абаймен ұштасып жатса, ақындық өнері де содан жалғасын тапса керек. Енді Секен Сұлтанбекұлының өмірдерегі мен ақындық талантына тоқталайық. Ақын 1915 жылы ескіше Зайсан уезі, Лаба болысының №1 ауылында Кіндікті өңірінде дүниеге келеді. Кейін ол өңірде «Алғабас» колхозы ұйымдастырылды. Қазір «Кіндікті» ауылдық округі деп аталады. 1933 жылы орталау мектепті бітіріп, Секен Семей қаласындағы педучилищеге түсіп, оны үздік бітіріп шығады. Ақындық өнерге бейім жас талант сол жылдары облыстық «Социалды шығыс» (қазіргі «Семей таңы») газетінде тұңғыш өлеңдері мен фельетондарын бастырып, жұртқа таныла бастайды. Кейінірек осы газетте біраз жыл тілшілік қызмет атқарыпты деген де сөз бар.
Сондай-ақ, бұрынғы Семей облысына қарасты Көкпекті аудандық «Үлгілі малшы» газетінде де оның алғашқы өлеңдері жарияланды. Өйткені, Алғабас ауылдық кеңесі сол жылдары Көкпекті ауданына қарасты болса керек. Ал 1935 жылғы ВЦИК-тің қаулысымен 9-қаңтарда Көкпектіден бөлініп, бұрынғы Қызылтас ауданы Ақсуат ауданы болып қайта құрылады. Осы жылдары Секен ағамыз «Көкжартас» бастауыш мектебінде бір жылдай мұғалім болады. Мектеп үйі нашар, оқу құралдары, тіпті балалар отырып оқитын парта болмаса керек. Оған колхоз басшылары көңіл бөліп, қарайласпайды. Оқушы жағдайына жаны ашыған жас ақын-ұстаз ауыл белсенділерін сынап, сықақ өлең шығарып, балаларға жаттатып, хормен оларға концертте айтқызады екен. Жақын туысы, әрі оқушысы болған марқұм Төлеу апамыз ол жайды еске алып, Секеннің өлеңін былай жыр ғып айтатын дейді көзі көргендер. Колхоз бастығы Қоқымбаев деген азамат болса керек, соны қоса қалғандарын да ащы тілмен түйрейді.
«Көкжартастың» көк есегі,
Қоқымбаев оңбаған.
Қолым тимей жүр деседі,
Өңкей мылжың, ой надан!
Партамыз жоқ, тақтамыз жоқ,
Жерге отырмыз, шұқынып.
«Көкжартастың» қулары жүр,
Қу сөз айтып құтылып.
Кеңес аға мыналарға,
Былай істе демейсіз.
Қали, Жағпар, Базылжанға,
Не айтамыз, не дейміз?! – деп балалар арқылы ауыл басшыларын ұялтып, мектепке көңіл бөлгізіпті деседі, білетін үлкендер. Жасынан алғыр, талантты жас ақын өнерін ұштау мақсатында жоғары білім алып, өнерлі ортамен араласу үшін 1936 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетінің орыс тілі бөліміне түсіп, оны қызыл дипломмен бітіреді. 1936-1941 жылдары институтта бірден – бір «Сталиндік» степендианты болып оқыпты. Орыс тілі мен әдебиеті маманы, сол жылдары оқумен қатар ақындық өнерден де бір сәт қол үзбейді. Ол өлеңнің ерекше қасиетіне тоқтала келіп:
– Өлеңім менің сырласым,
Өлеңім – мен, мен – өлең.
Іздесін, тапсын, тыңдасын,
Өлеңнен мені – мен деген.
Жас баладай көңілім,
Сүңгіп кетсе сырына.
Тату-тәтті өмірім,
Сырласады жырыма – деп толғанады.

Балалар журналының бас редакторы болды

1941 жылы оқу бітірген жоғары білімді, қызыл дипломды алғыр жасты Павлодар облыстық оқу бөліміне қызметке жіберіпті. Онда жарты жылдай жұмыс істеген соң жоғары жақ оны қайтадан Алматыға қызметке алғызады. Ол алғашында республикалық балаларға арналған «Пионер» журналының жауапты хатшысы, одан соң дүниеден өткенше бас редакторы болып жұмыс істейді. Ақын сол жылдары, яғни, 1943-1944 жылдары редакторлық қызметке қоса, Қазақстан халық комиссариатының оқу ағарту және мәдениет секторын басқарады. Қызметті істей жүріп, аспирантурада оқиды. Бұл уақыт Ұлы Отан соғысының ауыртпашылығы ел басына қара бұлт үйірген кез. Осы бір ауыр жылдар жас ақынға бір сәтке болсын өз-өзіне қарауға мұрша бермеген секілді. Оқу, қызметпен қоса шығармашылықтан да қол үзбейді. Ақынның 1943 жылы шыққан «Кек» деген өлеңінде соғыс жылдарында жау қолына түсіп, азап шеккен балалар өмірі мен олардың фашист офицерден қалай кек алып, құтылғандары суреттеледі.
…Ұйқыны неміс үдетті,
Балалар оны күзетті.
Ыза, ашу, кек қайнап,
Бастарынан күн өтті.
Балалар ерлік іс етті,
Жер соқты жау гүрс етті.
Екі көзге екі біз,
Қас қаққанша кірш етті.
Басты қорқау ойбайға,
Балалар қашты тоғайға.
Сіңді, кетті, жоқ болды,
Енді ұстату оңай ма!
Міне, ақын осылай кек қайтарған балалар ерлігін суреттей отырып, жастарды жауға бас имейтін отаншылдыққа шақырады. Ақын аз ғұмырында республикаға белгілі сол кездегі әдебиетке еңбегі сіңген талай саңлақ ақын жазушылармен достық, шығармашылық қарым қатынаста болыпты. Олар: Әбділда Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, Дихан Әбілов, Қайнекей Жармағамбетов, Ғафу Қайырбеков, Әзілхан Нұршайықов және тағы басқалар. Алматыда тұрғанда Секенге туыстас ағасы, республикаға танымал қаламгер – журналист Қабиболла Мыңжанов та ақылшы, қамқоршы болып, жақсы сыйласымда болып үнемі кеңес беріп отырған көрінеді. Ал атақты жазушылар М.Әуезов пен С.Мұқанов талантты жастың ақындық өнеріне ерекше көңіл бөліп, одан үлкен үміт күткен. Өйткені, ол сол кездің өзінде жастығына қарамастан орыстың классик ақындары М.Лермонтовтың, В.Маяковскийдің өлеңдерін аударып, жоғары баға алып, аудармашылық қырынан да танылады.

Дайырбековтің есімін елі біле ме?

Ол – қоғам қайраткері, ақын, журналист, аудармашы. Өзі өмір сүрген заманының талабына сай түрлі тақырыптарды өлеңдеріне арқау етті. Ақын қаламынан Ұлы Отан соғысы туралы, әйелдер теңсіздігі мәселесі, Отан қорғау, патриотизм, жас ұрпақты оқу-білімге үндеу, адамгершілікке тарту жөнінде салиқалы өлең шумақтары туындаған. Сүйген жар жөнінде:
– Сүйе алмаса,
Күйе алмаса,
Жүрек-құнсыз,
Бір шикі ет.
Сүйген жарсыз,
Өмір шамсыз,
Шамсыз өмір –
Сор бейнет – деп мағынасы терең ой түйіндейді.
Ақынның бұл өлеңі сүйген қызы, кейін адал жары болған Кенжехан Атанбаева жеңгемізге арналған сияқты. Секең осы сұлуға Ақсуат аудандық әйелдер бөлімін басқарып жүргенінде 1941 жылы үйленіпті. Тойдан соң, туыстары жас жұбайларды Аягөздің «Еспе» деген колхозынан ат арбамен Алматыға пойызға шығарып салады ғой. Сонда Секең қоштасарда:
Бұл күндер естен кетпес Еспедегі,
Еспенің ескек желі ескен еді.
Біздерді арбаменен шағарып сап,
Сол жерден Сағат жеңгей кеткен еді – деп сол қызықты сәтті күндерді, туған жердің табиғатын бірауыз өлеңмен өрнектейді. Әттең не керек, бұл қуанышты күндер ұзаққа бармайды. Ақын айықпас дертке ұшырайды. 1944 жылы сәуір айында Арман атты ұлы дүниеге келгенде ақын ауруханада жатқан екен. Ұлының атын өзі қойып, Арман деп қойған себебін өлеңмен былайша баяндайды:
– Соғыс жылы туған бөбек Арманым,
«Арман» атты саған неге арнадым.
Жау жеңіліп, соғыс бітер, мен – жазылам,
Ататұғын білем алда таң барын! – деп ақын келешекке зор сеніммен, үмітпен қараған. Алайда мейірімсіз ажал 1945 жылы 30 жасында елі үлкен үміт күткен Секен ақынды алып тынды. Секен лирикалық қысқа өлеңдермен қатар «Қалина», «Чекист Марат» атты дастандар да жазады. Қайтыс болар алдында жаза бастаған «Әйел-ана» атты жаңа дастаны аяқталмай қалады. Өкінішті-ақ! Алғашқы жинағы 1950 жылы Қазақ мемелекеттік көркем әдеби баспасында жарық көреді. Бір қуанарлығы, Қазақ Совет энциклопедиясына Секен Дайырбековтің есімі енгізіліпті.
2007 жылы әдебиетті зерттеуші ғалым Төкен Әбдірахмановтың жинақтауымен және шежіреші Төлеубек Смағұловтың толықтыруымен ақынның 1950 жылы шыққан «Арман» атты өлеңдер жинағы Алматыдан жарық көрді. Секен ақынның 1944 жылы туған Арман атты ұлы ғылым кандидаты атанып, енді докторлық диссертация қорғағалы жүргенде 1986 жылы 42 жасында о дүниелік болып кетті. Артында Дәуір, Дәурен, Дариға деген үш баласы, Райхан атты зайыбы қалды. Бәрі де ата даңқына сай еңбек етуде.
Айтарымыз, биыл Сейітхан Дайырбековтің туылғанына бір ғасыр толады. Осыған орай, өмірден ерте аттанған ақиық ақынды дәстүрге лайық ел боп, жұрт боп еске алып, аудан, облыс көлемінде құрмет көрсетіп, ретіне қарай көше, мектеп аттарын ақын атымен атаса деген тілегіміз бар.
Бұл дегеніміз қай жағынан алсаң да «Алтынның сынағы» деген отызында орда бұзған ақынға құрмет болар еді. Елдігімізді танытар еді.

Мәуітқазы Зүкенов

Осы айдарда

Back to top button