Шаһар шаруашылығыЭкология

Өскеменнің ауасы неден ластанады?

Айна Ескенқызы

Сапасыз көмір. Ескі қазандық. Бақылаудың жоқтығы… Өскеменнің ауасын әбден ластап болды. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлық пен парақорлықтың экологиялық жағдайдың нашарлауына қалай әсер ететінін анықтау мақсатында осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіп, бірнеше түйткілді мәселені анықтады.

Жемқорлық тәуекелдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділерінің қатысуымен Amanat партиясының алаңында өткен жиында талқыланды.

Естеріңізге болса, бұған дейін облыстық экология департаменті басшысы орынбасары жемқорлық әрекеті үшін істі болған еді. Аталған лауазымды тұлға Семейде жұмыс істеген, іс жүзінде қаланың бас экологы болған. Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-тармағы, яғни, экологиялық заңнаманы бұзу фактісіне көз жұма қарап, жауапқа тартпағаны үшін ақша алды деген айып тағылып, қазір ісі сотта қаралып жатыр. Бұл осы саладағы былық-шылықтың бір дерегі ғана.

Көмірдің сапасына көз жеткізе алмай отыр

Өскемен ауасының ластануының екінші бір себебі –  өндіріс технологияларының ескіруі.

  • Өскемен жылу электр орталығы 1947 жылы іске қосылған. Жұмыс істеп тұрғанына 75 жыл болған өндірістің техникаларын жаңғырту мүмкін емес. Өйткені орталықтың аумағында қосымша сүзгілер орнататын жер жоқ, – дейді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев.

Тағы бір мәселе – көптеген нысанның көмірге тәуелділігі. Энергетика басқармасының деректеріне сенсек, Өскеменнің жеке және өндірістік секторы жыл сайын 2,2 млн тонна көмір тұтынады. Ал қолданылатын отынның сапасы төмен. Жергілікті ЖЭО-да бұрынғы Семей ядролық полигонының аумағында орналасқан «Қаражыра» кен орнының көмірі жағылады. Қауіпті аймақтарда бүгінгі күнге дейін радиациялық фон бар. Өңір халқы Қаражыра көмірінің ерекше майлы иісіне үнемі шағымданады, алайда бағасы төмен және өңірдегі кәсіпорынның монополиялық жағдайына байланысты тұрғындар осы көмірді пайдалануға мәжбүр. Ең сорақылығы – көмірдің сапасына тиісті бақылаудың жоқтығы. Отынның сапасы ЖЭО-ның өз зертханасында ғана тексеріледі екен. Өздері тексеріп отырғандықтан бұл жерде шындыққа көз жеткізу екіталай екені түсінікті. Осыған орай эколог Дәулет Асанов «Водоканал» кәсіпорнының зертханасында көмірдің сапасын тексере алатын заманауи құрылғылардың бар екенін, бірақ оларға қалалық әкімдік ақылы қызметпен айналысуға тыйым салып отырғанын айтты. Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы Александр Светаш әкімдік ондай тыйым салмағанын айтты. Депутаттың сөзіне сенсек, бұл монополияға қарсы ведомствоның бұйрығымен жасалып отыр.

Қызметкерлер өз ақшасына жөндеу жүргізген

Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметкерлері экология департаментінің материалдық-техникалық базасының жеткіліксіз деңгейде жарақтандырылуы да парақорлыққа себеп болуы мүмкін дейді. Талдау көрсеткендей, департаменттегі өлшеу аспаптарының 88%-ы тозған. Көптеген құрал жөндеуді қажет етеді. Жұмысқа қажетті құралдар-жабдықтар (компьютер, кеңсе техникасы, кабинетті жарықтандыру құралдары және т.б.) тапшы, ғимаратқа жиырма жылдан астам не ағымдағы, не күрделі жөндеу жүргізілмеген. Қызметкерлер кабинеттеріне косметикалық жөндеу жұмысын өз ақшасына жүргізген.

Облыстың экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша жол картасына енгізілген іс-шараларды егжей-тегжейлі талдау олардың бірқатарының формальды сипатқа ие екендігін, қаржылық жағынан қолдау көрсетілмегенін, жекелеген іс-шараларды жүзеге асыру үшін ондаған жылдар мен қомақты қаржы талап етілетінін, ал кейбір тармақтарды орындау мүлдем мүмкін еместігін көрсеткен.

– Мысалы, жеке секторды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу (3-тармақ) 2024 жылға қарай толық аяқталуы тиіс, ал ол жаңа қуатты қазандық салмай мүмкін емес. Өйткені қазірдің өзінде қолданыстағы қазандықтардың қуаты жетпейтіні байқалады. Бұл тармақ 2020 жылы бекітілген сәттен бастап күні бүгінге дейін жергілікті атқарушы органдар тарапынан мәселені шешуге бағытталған ешқандай шаралар қабылданған жоқ, – деп атап өтті Архат Бейсембаев.

Жиын қорытындысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша нақты ұсынымдар енгізіліп, құзырлы орындарға жіберілді.

Осы айдарда

Back to top button