Денсаулық сақтау

Орталық Азиядағы бірегей мекеме

Орталық Азиядағы бірегей мекеме
Өскемендегі облыстық ана мен бала орталығына халықаралық сарапшылар келді. Шетелдік мамандардың пікірінше, заманауи медициналық құралдармен жабдықталған, озық технологиямен жұмыс істейтін дәл біздегідей медицина мекемесі Орталық Азияда санаулы ғана.
– Мен алғаш рет осында 2010 жылы келген едім. Сол жылы жергілікті дәрігерлерге үйреткен бастамаларымыз аяқсыз қалған жоқ. 2012 жылы келгенде бізден үйренген мамандардың басқа әріптестерін оқытып жатқанын көріп, қуандым. 2005 жылдан бері Орта Азияның талай мемлекетінде болдым, емдеу мекемелерін араладым. Сіздер барлығынан озық тұрсыздар, – дейді Кишинев мемлекеттік медицина және фармация университетінің өкілі, медицина ғылымдарының докторы Ион Бологан.
Ана мен бала орталығының директоры Ермек Омарбековтің түсіндіруінше, мұнда дәрігерлердің қабылдауына онлайн режимде жазылу жақсы жолға қойылған. Қабылдаудан шыққан ата-ана терминал арқылы сол жерде орналасқан дәрігерлік пунктке талон ала алады.
– Бұл ата-аналардың қажетті дәрі-дәрмекті іздеп сандалмауы үшін жасалған, – дейді Ермек Сембайұлы. – Таңертең дәрігерлерге қолда бар препараттардың тізімі беріледі. Соған сәйкес қолда бар дәрі-дәрмекке рецепт жазылады.
Емдеу мекемесі қараша айында генетикалық зертханаға заманауи құрал сатып алмақшы.
– Кіндік қанына жасалған талдаулар арқылы құрсақтағы 22 аптаға дейінгі баланың ДНК тізбегін көре аламыз. Демек, дүниеге келетін нәрестенің денсаулығындағы кінәратты ерте анықтауға мүмкіндік бар. Орталықта барлығы автоматтандырылғандықтан, адами фактор мүмкіндігінше азаяды, – деп түсіндірді Ермек Омарбеков.
Көкпектілік Жадыра Шынарбекова мұнда санавиацияның көмегімен жеткізіліпті. Қызы Шырайлым алты жарым айлық. Күніне бірнеше рет келіп, бөбегін жарты сағаттан бауырына басып отырады екен. Қазір салмағы 1,600 грамға жетіп қалыпты. Бішкек қаласынан келген Орталық Азияда перинатальді саланы дамыту бойынша аймақтық кеңесші, германиялық консалтингтік компанияның менеджері Айгүл Қалиеваның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні әлемде шақалақтарды жетілдірудің «кенгуру әдісі» тиімді болып отыр. Яғни, шала туған нәрестені анасы күніне бірнеше рет кеудесіне басып отырады. Бұл нәрестенің өмірге бейімделіп, тезірек оңалуына оң ықпал етеді. Біздің орталықта осы технологияның кеңінен қолданылатыны қуантады.
– Орталықта шала туған нәрестелерге көрсетілетін көмектің түрлері жетілдірілуде. Босанатын аналарға барлық қолайлы жағдай жасалған. Бүгінгі таңда аналар суда да босана алады екен. Озық технологиялар қолданылатынына куә болдық. Елбасы тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру қажеттігін 2010 жылдан бері айтып келеді. Біз осы бағытта көбірек жұмыс істеуіміз керек, – деп атап өтті қалалық мәслихаттың депутаты Майраш Екібасова.
Шетелдік ғалымдар үш күн бойы жергілікті дәрігерлерге акушерлік-гинекологиялық және неонатологиялық көмек көрсетудің сапасын жақсартуға, қызметтерге мониторинг жасауға бағытталған шеберлік сыныптарын өткізеді.

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button