Мәдениет

Оркестр әлем классиктерінің әндерін әуелетті

Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында қалыптасқан дәстүр бойынша Шығыс Қазақстан облысы Әкімінің симфониялық оркестрі концерт қойды.

Оркестр әлем классиктерінің әндерін әуелеттіОркестр өнерін тамашалауға дүйім музыка сүйер қауым жиналыпты. Бірнеше жарқын премьералар ұсынылған концерттің шымылдығын Франц Шуберттің №8 «Аяқталмаған симфониясы» ашты. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сергей Косачев пен Александр Галсанов дирижерлік еткен концертте әлем классиктерінің туындыларымен қатар қазақ елінің біртуар композиторлары Еркеғали Рахмадиевтің «Құдаша-думан», Тілес Қажығалиевтің «Қыз қуу» сынды симфониялық күйлері ерекше екпінде орындалды.

Облыс Әкімінің симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен халықаралық байқаулардың лауреаты Айжан Мазкенова, Ресей мәдениетінің еңбек сіңірген қызметкері Владимир Потапов, жас орындаушылардың республикалық байқауының лауреаттары Иван Шматов пен Антон Сомов, Ольга Орлова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач, облыс Әкімі сыйлығының иегері Альмира Нұрғожина және Александр Адамов өнер көрсетті.

Осынау әуендер үйлесім тапқан кешті жүргізуші, белгілі музыкатанушы Людмила Романюктың айтуынша, әлем классиктерінің саздағы жауһарларын паш еткен бұл көркем концерт – оркестрдің 2011-2012 жыл маусымындағы қорытынды әрі оныншы мерейтойлық концерті екен.

Шұғыла Қалиева,
С.Аманжолов атындағы
ШҚМУ-дың студенті

Осы айдарда

Back to top button