Журналистік зерттеу

Қорған болған төбетті қор қылып жүрген жоқпыз ба?!

Қорған болған төбетті қор қылып жүрген жоқпыз ба?!


Адамның жалғыз қалған шағында қасынан табылып, басына төнген қатерден сақтандыра білген, асыраушысына адалдығын дәлелдеп, ажалға да қарсы тұратын бірден-бір жануар – ит.

ИТ ТӨБЕЛЕСІНЕ ТЫЙМ САЛАТЫН АРНАЙЫ ЗАҢ ҚАЖЕТ ПЕ?

Ит болғанда да, бүгінгі күні қайсыбіреулердің сән үшін немесе мақтан үшін асырап жүрген түрлі-түсті, жаман-жұтық қандендері емес. Бүгінгі әңгіме қожайыны үшін ақырған аюмен де алыса кетуге бар сырттандар мен солардың осы күнгі тағдырлары жайында. Алысқа бармай-ақ, кешегі кеңес заманындағы малшыларды алайық. Сол кездегі малшылардың кез келгені кемінде екіден-үштен, әйтпесе, одан да көп тайыншадай-тайыншадай төбет ұстайтын. Олардың қожайындарына берілгендігі соншалық, тәуліктің қай мезгілінде болмасын алдындағы отар-отар малды көздерінен бір сәтке таса қылмайтын. Сол тілі жоқ болса да, түйтігі бар текті хайуандардың арқасында қаншама мал ит-құстан аман қалды. Мал қорыған сол төбеттердің қаншасы түз тағыларына жем болды. Малшылар ондай текті тұқымның күшіктерін ел арасынан сұрастырып, бір-біріне құлаққағыс ете жүріп қып-қызыл ақшаға сатып немесе малға айырбастап алатын. Ол да бір келмеске кеткен заман екен-ау…

Заман демекші, содан бері адам да, заман да өзгерді.. Сол көп өзгерістің бірі – жоғарыда адамзат баласының қорғаны бола білген төбеттерді төбелестіріп, солардың қан-жоса болып бірін-бірі шайнап, паршалап жатқан сәттерінен ләззат алушылар қатарының көбеюі. Мұны біреулер тіксініп қабылдаса, енді біреулердің ит төбелесі десе жаны кіріп кететіні де жасырын емес.

Жалпы, ҚР ҚК-де 276-баптан өзге, ит төбелестіруге арнайы тыйым салатын бап қарастырылмаған. Аталмыш бапта «адамдардың жан-жануарларды қорлауына тыйым салынады» деген жалпылама ескерту ғана қарастырылған. Сондықтан болса керек, Қазақстанның түкпір-түкпірінде ит төбелестіруді дәстүрге айналдырғандар бар.

Мұндай дәстүр біздің өңірде бар ма? Бар болса, жер-жерлерде өткізіліп жататын ит төбелестеріне жергілікті құқық қорғау қызметкерлері ресми түрде тыйым сала ала ма? Тыйымды тыңдамайтын ит төбелесін ұйымдастырушылар мен ит иелері жауапқа тартыла ма? Жалпы, «Ит төбелестірудегі адамдардың көздеген мақсаттары не?» – деген сауалдарға жауап іздеп көргенбіз. Сөйтсек, бұл дегеніңіз ұшы-қиыры жоқ, әлі толық зерттелмеген, көпшілігімізге беймәлім сала екен.

– Біздің елімізде ит төбелестіруге тыйым салатын да, рұқсат беретін де арнайы заң жоқ – дейді облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Торғаев. – Оны ұйымдастыратындар немесе ит ұстайтындар ол шараларды: «Асыл тұқымды иттерді селекциялық іріктеуден өткізу», – деген желеумен ұйымдастырады да, ескерту жасаған заң органдарына: «Осы арқылы иттердің асыл тұқымды екендігін анықтаймыз», – деген уәж айтады. Селекция – дегеніміз иттердің шыққан тегінен бастап, оның денсаулығының мықтылығын, денесінің ірілігін, төзімділігін, өзге иттерге қарағанда ақылдылығын және басқа да қасиеттерін анықтайтын тест. Осы тесттегі иттің төбелескіштік қасиеті – басты талаптың бірі саналады. Бұдан басқа, ол иттерді бір-бірімен будандастырып, тұқымын асылдандырумен, олардың күшіктерін саудалаумен айналысатындар да бар.

Өз өңірімізге байланысты айтар болсақ, облыс елді мекендерінде «Иттер мен мысықтарды серуендету» қағидалары бар. Ол облыстық мәлихаттың 2014 жылғы 11 сәуірдегі шешімімен бекітілген. Онда «Жануарларға қатысты қатыгездікке жол беретін, иттердің төбелесі мен осы тектес басқа да іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады» деген бап бар. Осыны басшылыққа ала отырып, біз ит төбелесін ұйымдастырған азаматтарды ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 408-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тарта аламыз. Бұл баптың бірінші тармағы бойынша алдымен ескерту жасалады немесе үш айлық (АЕК) есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Егер шара барысында иттер қатты жараланып немесе өліп кеткен жағдай тіркелсе, айып көлемі 200-ге (АЕК) дейін көтеріледі. Не болмаса айыпты деп танылған азамат 180 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылып немесе 60 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Заң органдары мұның бәрін әуелі дәлелдеуі тиіс. Соңғы екі жылда облыс көлемінде дәл осы баппен тәртіп бұзу фактілері тіркелген жоқ.

ҚОЖАСЫНА АТ МІНГІЗІП, АТЫН ШЫҒАРҒАН

Былайғы жұрт оның иттерін «Төлегеннің төбеттері» дейді. Қала шетіндегі атшаптырым аумағы бар еңселі үйдің «хоздвор» саналатын бөлігіне өткен адам «Иттер патшалығына» кіріп кеткендей күй кешері сөзсіз. Темір торда тұрған аралас-құралас он шақты иттің қосыла үрген дауысынан құлақ тұнады. Қожайын «Қойыңдар!» – деп зекіп қап еді, сап тиылды.

Төбеттердің күйлері жақсы. Жалдары күжірейіп, жүндері жылт-жылт етеді. Сөйтсем, бұларды аптасына бір рет, кәдімгідей шампуньдап тұрып шомылдырады екен.

Амандық-саулықтан соң Төкеңнен қайсыбір адам баласына бұйыра бермейтін, бағы бес батпан төбеттері жайында айтып беруін сұрағам.

– Ең маңыздысы – болашақта төбелестен чемпион атануы тиіс иттің күшігін дұрыс таңдай білу. Ол күшіктің бағасын айтпағанда, міндетті түрде шығу тегін анықтайтын төлқұжаты болуы керек. Онда күшіктің тұқымы мен туған уақыты, әкесі мен шешесі қандай тұқымнан тарағандығы, олар қай жерде өткізілген төбелестерде, қандай атышулы иттерді жеңіп, чемпион атанғандығы жайында деректері жазылып, суреті бірге беріледі. Солай, мұндай жан-жақты мәліметі бар ерекше куәлік сіз бен бізде жоқ, – дейді қарқылдай күліп, тайыншадай төбеттердің қожайыны.

Мұндай шежіресі бай, текті күшікті табу да оңай емес екен. Бұл төбеттердің шығу тегі сонау оңтүстік өңірлерде, нақтырақ айтсақ, Түркіменстан жағында болса керек. Кей жерлерде оларды жалпылай «Алабай» деп атаса, енді бір жерлерде «Орта Азия овчаркасы» деп те әспеттейтін көрінеді. «Бұлар кешегі өзіміздің қазақы төбеттерден тараған тұқым», – дейді білетіндер. Кезінде қазаққа жасалған құйтырқы саясат бұл бейшараларды да айналып өтпеген секілді. Өйткені, бұлар иесін ғана емес, бөтен бір адамды кіргізбей, бүкіл ауылды қорыған ғой. Осыған шамырқанған сол кездің шаш ал десе, бас алған шолақ белсенділері қазақ ауылдарындағы ит атаулыны қырып тастапты. Сондықтан қазақтың өзін қойып, тұқымы текті төбеті де репрессияға ұшыраған деуге толық негіз бар.

– Бұл иттер ыстыққа да, суыққа да төзімді. Табандары 40-50 градустық ыстық құмға былқ етпейді. Жүндері сусылдаған кәдімгі жібек секілді, жерге жатса да, аунаса да ешқашан тікен, қыл-қыбыр жабыспайды. Өзге иттерден тағы бір ерекшеліктері, қасқыр секілді, жылына бір ақ мәрте күшіктейді. Оның өзінде, қайсыбір жаман иттер құсап топырлатып таба бермей, екіден, ары кетсе үш қана күшік табады. Жалқы табатындары да бар. Нағыз төбелескіштер де сондай жалқылардан шығады. Бірақ ондайлар өте сирек. Ал бағалары шығу тегіне байланысты. Таза қандыларының құны бес-он мыңнан басталып, отыз мың долларға дейін шарықтап кетеді, – деп әңгімесін жалғастырған Төкең аула төрінде тұрған сүліктей қара «Джипті» көрсетіп: – Мынаны өткенде Новосібірдің бір орысы, бес жасар Акбар деген алабайымның айырбас құны деп берген, – деді.

Сенер-сенбесімді білмей, аңтарылып қалғанымды байқаған ол: – Сол жерде өткізілген үлкен жарыста бірде-бір итті шақ келтірмей жеңімпаз атанған итімнің бет-аузындағы жараларын сүртіп жатыр ем, қасыма еңгезердей орыстың жігіті келді. Киген киімі мен сөйлеген сөзінен жай адам емес екені көрініп тұр.
Әуелде «қалжыңдап тұрған шығар», – дегем. Сөйтсем, ол Акбардың өткен жылғы Омбы қаласындағы төбелесіне де тәнті болған екен. Ол кезде итім төрт жаста болатын. Содан не керегі бар, жанымды қоймады. Күшігінен асыраған итімді қимасам да, бердім. Мынау – соның әкесі, Қабылан деген мықты жігіт, – деп қап-қара дәу төбеттің қасына тақады.

ХАЙУАН ӨЛДІМ ДЕУГЕ ИТТЕ ТІЛ ЖОҚ…

Құдай сақтасын, мұндай да ит болады екен-ау. Есік пен төрдей әлгі «мықты жігіттің» басының өзі кішігірім қазандай. Темір тордың ар жағында тұрса да, тарпа бас салатындай, жақындауға дәтің бармайды екен. Қанталаған көзі өңменіңнен өтеді.

– Бұл батырға өкпе жоқ. Жасы да келіп қалды. Биыл он екінші қар басуы. Қаншама рет жеңімпаз атанып, мерейімді үстем еткені бір төбе, күшіктерін айтсаңшы. Күшіктерін сонау Кавказдан, Ресейден, Қырғызстаннан арнайы келіп алғандар бар, – деп марқая сөйлеген Төкең ендігі жерде әлгі Қабыланымен кәдімгі адамша сөйлесіп, құдды бір баласын еркелеткендей айналып-толғанып кетті. Оның итіне айтқан кей сөздерін біз тіпті баламызға да айтпаймыз.

– Апыр-ай! – деп қоямын іштей. – Адам баласы төрт аяқты хайуанды да осылай жақсы көреді екен-ау!

– Бұлар сонда туа төбелескіш болып келе ме, әлде арнайы баулисыңдар ма? – деп сұрадым бір әредікте.

– Күшіктер екі жарым жасқа дейін әбден өсіп, буыны бекімейінше, төбелеске шығаруға болмайды, – дейді ит иесі. – Өйткені, жас қой, тістері сынып қалады, болмаса жүрегі шайлығып, омыртқасы қисайып кетуі де мүмкін. Біраз өсіп, бой алып, салмақ қосқан соң дайындық курстарынан өтеді. Бір жастан аса мойнына әжептәуір салмағы бар жүк байлап қоямыз. Уақыт өткен сайын ол қарғыбауды (жүкті) үстемелеп отыру керек. Ол аяқтары мен мойнының, кеудесінің бұлшық еттерін өсіреді. Бұлар төбелескенде көбінесе алқымнан алады ғой. Мойынның бұлшық еті сондайда ерекше рөл атқарады. Ит неғұрлым шымыр болса, соғұрлым шыдамды әрі жеңіске жетуге мүмкіндігі мол келеді.

Игорь Коваль, ветеринар-дәрігер: – Төбелестен аяғы, құлағы шайналып, тұмсықтары жалбырай жыртылып қалған иттерді де әкелген кездер болған. Бірде езуінен құлағына дейін жыртылып кеткен иттің жақ терісін тіккенім бар. Бейшараларға жаның ашиды. Солардың қожайындарын түсінбеймін. Тілі жоқ мақұлықты неге сонша қорлайды екен? Меніңше, осы ит төбелестірудің түкке қажеті жоқ, хайуанаттарды текке қинағаннан басқа.

Ит төбелесі – біз ойлағандай, ертеректе ауылдағы секілді екі итті бір-біріне айтақтап немесе шынжырмен матастырып төбелестіру тәсілімен өтпейтін көрінеді. Жер-жерден әкелген иттерді алдымен салмақтарын өлшеп, сосын жас ерекшеліктері мен тұқымына сәйкес жұптап барып бір-ақ айқасқа шығарады екен. Қатты төбелестерден қансырап, өліп кететіндері де болады дейді…

Мына сұмдықты естігенде:

– Дария-ай, ағып жатқан суда мін жоқ,
Хайуан өлдім деуге малда тіл жоқ, – деп келетін өлең жолдары еріксіз ойға оралды. Расында да, ойындағысын айтуға тілі жоқ хайуандарды қан-жоса етіп төбелестіргеннен адам баласы не ұтпақ? Жалпы, ит төбелестіру дұрыс па?

Керек-дерек: Англияда ит төбелестіру сонау XIX ғасырдың басында заңды түрде бекітілген екен. Ағылшындар иттерін жай әншейін, біреулердің қызықтауы үшін төбелестіріп, қан-жоса етпейді. Оны тамашалаған адамдар да, ұйымдастырушылар да ит иелеріне қомақты қаражат төлейтін көрінеді.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button