Қоғам

Олимпиаданың алғашқы күнінде қоржынымызға қос жүлде түсті

Олимпиаданың алғашқы күнінде қоржынымызға қос жүлде түсті


Төрткүл дүниенің жұрты көз тіккен төртжылдықтың басты додасы басталды Бразилияда! XXXI жазғы Олимпиада ойындарының алғашқы күнінде қазақ спортшылары қос жүлдені қоржынға салды.

Бірінші болып қазақстандық жанкүйерлерді дзюдо шеберлері қуантты. 48 келі салмақта сынға түскен отандасымыз Галбадрах Отгонцэцэг үшінші орын үшін өткен белдесуде кубалық Местре Альваресті иппон әдісімен ұтып, қола жүлдеге қол жеткізді.

Жұдырықтай қара қыздың бұл ерлігіне «бәрекелді!» айтып ауызымызды жиғанша Тараздан түлеген татами тарланы Елдос Сметов төбемізді көкке бір-ақ жеткізді. Финалда ресейлік Беслан Мудрановпен жолы түйісіп, терезесі тең дәрежеде белдескен Елдосқа Олимпиада алтынын алуға сәл ғана сәттілік жетіспегені рас. Әйтпесе біздің жігіт қарсыласынан бір де бір мысқал кем өнер көрсетпегенін бапкерлер де, спорт мамандары да айтып отыр. Дегенмен күмістің өзі аз олжа емес. Қомақты жүлдеге қол жеткізіп тұрып, толқи сөйлеген Елдос 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарында қазақтың көк байрағын биікте желбіретуге уәдесін берді.

Естеріңізге сала кетсек, Елдос Сметов – күрестің бұл түрінен тәуелсіз еліміздің тарихындағы қазақтан шыққан екінші Олимпиада жүлдегері. Алғашқы жүлдені 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында Асхат Жіткеев иеленген-ді.

Сонымен қатар осыған дейінгі жарыстардың нәтижесінде бірнеше отандасымыз жүлдесіз қалды. Олардың қатарында дзюдо күресінен ел намысын қорғаған Жансай Смағұлов, суға жүзуші Екатерина Рудакова, Дмитрий Баландин, теннисшілеріміз Ярослова Шведова мен Галина Воскобоева, стенд атудан өнер көрсеткен Мария Дмитренко, зілтемірші Арли Чонтей, боксшы Берік Әбдірахманов және басқалары бар.
Сөйтіп, кешегі күнгі сайыстардың қорытындысына сәйкес Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте кейін сырғып 18-ші орынға түсті. Көш басында Қытай елінің спортшылары келеді.

Кеше Қазақ елінің саңлақтары спорттың жеті түрінен жарысқа түсті. Олардың ішінде жерлесіміз Екатерина Смирнова да бар. Өскемендік ескекші кедергілер арқылы ескек есуден бақ сынады.

Сондай-ақ, бүкіл ел сенім артып отырған боксшыларымыз Біржан Жақыпов, Жәнібек Әлімханұлы және Василий Левит шаршы алаңға шықты.
Бұл жарыстардың нәтижесін газеттің келесі санынан оқисыздар.

***
Өскеменде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткен ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысушы қазақстандық спортшыларды қолдауға арналған марафонға 200-ге жуық адам қатысты.

Шара барысында әрбір қатысушы биіктігі 522 метр болатын «Қазақстан» тауына жүгіріп шығып, олимпиадашыларға өзінің қолдауын білдірді. Марафонды ұйымдастырушылардың бірі Богдан Весельскийдің айтуынша, жеңіл атлетикамен шұғылданғанда, ең алдымен жүгірудің айла-тәсілін меңгеруі керек.

– Жүгірудің әдісін білетін спортшылар төменгі сөреден шығудың айла-тәсілін жақсы меңгерсе, жылдамдықтан көп ұтады. Себебі, тауға орта және ұзақ қашықтыққа жүгіргенде аяқты көтеріп алып, алға соза басудың өзіндік ерекшелігі бар, – дейді ол.

Марафонға еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қатысты деуге болады. Дәлірек айтсақ, ең кішкентай қатысушы бір жастағы сәби ретінде танылды. Сондай-ақ, шаһардың белсенді жастарымен қатар, спорт ардагерлері де шарадан қалыс қалмады. Аталған акцияға белгілі павлодарлық әуесқой велошабандоз Өміржан Ошанов та қатысты. Жуырда Павлодар қаласынан саяхатын бастаған ол Өскемен шаһары арқылы Моңғолия, Ресей және Қытай елдеріне сапар шекпек. Велошабандоз өзінің бұл сапарын Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап отыр.
– Бастапқыда күн сайын 150 шақырым жүріп отырдым. Кейін денем үйренген соң бұл қашықтықты 160-210 шақырымға дейін жеткіздім. Әрине, ауа райы қолайсыз болды. Бұдан бөлек, жолда біраз қиыншылықтар орын алды, – дейді Өміржан Ошанов.
Айта кетейік, Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Олимпиада ойындарында 26 спорт түрінен ел намысын қорғайтын 104 спортшының алтауы біздің облысымыздан қатысып отыр.

Олимпиаданың алғашқы күнінде қоржынымызға қос жүлде түсті

Серік Әбілхан,
Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button