Денсаулық сақтау

«Октябренок» сауықтыру орталығының мәртебесі өзгереді

«Октябренок»  сауықтыру орталығының мәртебесі өзгереді

Өскемен мен одан тысқары жерлерге әйгілі «Октябренок» оқу-сауықтыру орталығы 16 жыл бойы Қазақстан Республикасының заңнамаларына қайшы жұмыс істеп келген. Бұл тек өткен жылы ғана қалалық білім бөлімі орталықтың қызметін Жарғы бойынша тексерген кезде анықталды.

-Өскемен қалалық әкімдігінің «Октябренок» балалардың оқу-сауықтыру орталығы» коммуналды мемлекеттік қазыналық кәсіпорны 1995 жылы құрылып, 2011 жылы оның Жарғысы бекітілді. Соған сәйкес мекемеде 3 пен 14 жас аралығындағы балаларға, ересек тұрғындарға (зейнеткерлерге) дәрігерлік және сауықтыру қызметтері көрсетілді, сонымен қатар, облыстың түкпір-түкпірінен балалар қабылданған. Ал мекеме болса балабақша ретінде қалалық бюджеттің есебінен қаржыландырылды. Жоғарыда келтірілгендердің барлығы қолданыстағы заңнамалар мен санитариялық талаптарға сай келмеді, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Мәдениет Ахметова. – Бүгінгі таңда біз орталықтың балаларды сауықтыру бойынша қызметін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Алдымен, Жарғыны өзгерттік: ересектерге қызмет көрсетуді, балабақша жасындағы балғындарды және басқа елді мекендердің балаларын, кәсіпкерлік қызметпен айналысуды алып тастадық.

Мәдениет Ахметованың айтуынша, қазір орталықтың мәртебесін өзгерту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Мекеменің атауынан «оқу» сөзі алынып тасталды, өйткені, оқыту қызметіне лицензия қажет, демек орталық мұндай қызметті көрсете алмайды.

Қалалық білім бөлімі басшысының сөзіне қарағанда, алдағы уақытта «Октябренок» коммуналды мемлекеттік қазыналық кәсіпорны 6 мен 14 жас аралығындағы балалар үшін қосымша білім беру мекемесі – балалардың сауықтыру орталығы ретінде жұмысын жалғастыра береді деп жоспарланған. Орталық тек өскемендік оқушыларға ғана арналмақ. Ал кәдімгі балабақшаға алмайтын, денсаулығында кінәраты бар 3 пен 6 жас аралығындағы балғындар санаторлы емдеуге лицензиясы бар балабақшаларға жолдануға тиіс.

«Октябренок» мекемесінде оқушылардың тұрақты және ауыспалы құрамын арнайы кесте бойынша сауықтыру жұмыстары күнтізбелік жыл бойында жүргізіледі. Орталыққа оқушылар оңалу және сауығу үшін Өскемендегі емдеу мекемелерінің жолдамасымен қабылданады.

Алайда, орталықтың ұжымы бұл өзгерістерге қарсы және барлығын бұрынғысынша қалтырғысы келеді. Яғни, бұдан ары қарай да заңға қайшы жұмыс істемекші. Қызметкерлер қысқартудан, жұмыс көлемінің азаюынан (бұрын бұл жерде негізінен 3 пен 6 жас аралығындағы балғындар болды) қорқады, сонымен қатар, қосымша қызметтермен (кәсіпкерлік қызмет) бұрынғыдай қосымша табыс таба алмайды.

-Біз оларға заң нормаларына және қалалық жалпы орта, мектепке дейінгі және қосымша білім беру мәртебесіне сәйкес келетін үш бірдей нұсқа ұсындық: балабақша , санаториялық типті балабақша және балалардың сауықтыру орталығы болып қалу, – деді Мәдениет Ахметова. –Ұжым КМҚК ретіндегі сауықтыру орталығы болып қалуға ниет білдірді, қосымша ақылы қызметтер көрсету үшін. Сонымен қатар, орталықтың басшылығы қала меншігінен облыстық меншікке өтуді қалады. Алдағы уақытта аудандар мен қалалардан балаларды қабылдау үшін және республикалық көздерден, мысалы, қант диабеті Ассоциациясынан қаржы алу үшін. Алайда, бұл да заң бойынша мүмкін емес. Олар қосымша білім беру ұйымы – сауықтыру орталығы болып қала алмайды, өйткені, облыстың білім беру бағдарламалары мүлде басқа. Өз тарапымыздан біз орталықтың қызметін заңға сәйкестендірдік, ал жағдай ары қарай қалай өрбитінін уақыт көрсетеді.

Кәмәл Естай

Осы айдарда

Back to top button