Журналистік зерттеу

Облысымыздағы әуе қатынасының әлеуеті қандай?

Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ даламыздың о шеті мен бұ шеті мыңдаған шақырымдарды құрап жатыр. Бүкіл елімізді айтпағанда, Шығыс Қазақстан облысының жер көлемінің өзі 283 мың шаршы шақырымнан асады екен. Мұнша қашықтықты біз автомобиль жолдары арқылы бағындырып келеміз. Теміржолдың да пайдасы көп. Ал әлемдегі ең қауіпсіз көлік құралы болып табылатын әуе қатынасының облысымыздағы әлеуеті қандай?

Облысымыздағы әуе қатынасының әлеуеті қандай?

Зайсанға ұшақ неге қатынамай қалды?

Зайсанға автобуспен шықсаңыз, 10-12 сағат жол жүруіңіз ықтимал, таксимен тартсаңыз, 5-6 сағатта жетіп барасыз. Әуе қызметіне жүгінсеңіз 500 шақырымды 1 сағаттың айналасында бағындыратыныңыз анық. Баға да көңілге қонымды.

Жалпы, облысымызда 2007 жылдан бері «Өскемен – Зайсан», «Өскемен – Семей – Үржар» «Өскемен – Күршім», «Өскемен – Катонқарағай» әуе рейстері жүзеге асырылып келеді. Аталмыш қызметке деген халықтың сұранысы да жыл санап өсу үстінде. Зайсандықтар аптасына екі мәрте облыс орталығына қатынайтын ұшаққа үйреніп қалған болатын. Алайда ағымдағы жылдың қазан айынан бастап, аталған рейстерді субсидиялауға бөлінген бюджеттік қаражаттың жетіспеуі себебінен ұшақтар тоқтатылған.

Бүгінде облысішілік әуе жолдарында әлеуметтік маңызы бар 4 әуе маршруты қызмет атқарады. Олар: «Өскемен – Зайсан», «Өскемен – Семей – Үржар», «Өскемен – Күршім», «Өскемен – Катонқарағай» бағытындағы рейстер. «Өскемен – Күршім» бағытындағы әуе рейстері науқандық негізде ғана іске қосылды. Ертіс өзенінің мұзы жұқарып, паром қозғалысы іске асырылар уақытқа дейінгі аралық, яғни, осы жылдың 10 сәуірінен 10 мамырына дейін күршімдіктер Өскеменге ұшақпен қатынады. Ал Катонқарағайға әуе рейсі жоспарланғанмен, қаржылық мәселелерге байланысты бұл жұмыс іске аспай қалған.

Ел Президентінің 2006 жылғы 11 сәуірдегі №86 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі көліктік стратегиясы» құжатын іске асыру және Шығыс Қазақстан облысы Әкімінің тапсырмасын орындау мақсатында бүгінде біршама істер атқарылуда. Қаржылық себептерге байланысты оңтайланбай жатқан жұмыстар да бар. Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жол көлігі бөлімінің бас маманы Нұрбек Тұраровтың айтуынша, «Өскемен – Зайсан» бағытындағы әуе рейсі қыркүйек айында жасалған 5 рейстен соң, уақытша ғана тоқтап тұр.

– Бюджеттен осы салаға 2012 жылға бөлінетін субсидия көлемі 138 миллион 488 мың теңгені құрайды. Жұмсалатын шығындардың өсуіне байланысты субсидияланған қаржыны үнемдеу мақсатында біз жоспарланған қаржыны алдағы уақытқа әдейі жоспарлы түрде сақтап отырмыз. Алда келе жатқан мерекелер және қыс айларында автомобиль жолдарының болмай қалуы жағдайларын есепке ала отырып 14 желтоқсаннан бастап «Зайсан – Өскемен» және «Өскемен – Семей – Үржар» бағыттарындағы рейстерді қайта жандандырамыз. Ұшақтар Зайсанға аптасына екі жиілікпен, дүйсенбі және жұма күндерінде қатынайтын болады, – дейді Нұрбек Тұраров.

Осы жерде «Бағасы қалай болар екен?» деген заңды сұрақтың туатыны рас. Маманның айтуынша, Өскеменнен Зайсанға дейінгі ұшақ билеті 6000 теңгені құрайды. Ал Семейге ұшқыңыз келсе, билетті 3000 теңгеге сатып аласыз. Межеленген маршруттар бойынша тасымалдарды «SCAT» әуе компаниясы атқарады екен. 2011 жылы облыс көлеміндегі әуе тасымалына облыс бюджетінен 129 миллион 428 мың теңге субсидия бөлінген, аталған қаржы толық игеріліп, нәтижесінде 12 301 жолаушы әуе жолдары арқылы тасымалданған.

Өскемен әуежайы Анталияға да аттандырады

Халықаралығы бар, облысаралығы бар заңғар көкте зулаған әуе көліктерінің бірін ұшырып, бірін қондырып жататын Өскемен әуежайының өзінде бірде-бір ұшақ жоқ екен. Мекеме тек қызмет көрсету, ұшақтарды күтіп алу, шығарып салу жұмыстарымен ғана айналысады. Сағатына 200 жолаушыға қызмет көрсете алатын әуежай ғимараты 1966 жылы қолданысқа берілген, содан бері бұл әуе айлағы темір қанатты самұрықтардың сан түріне қызмет көрсетіп келеді. Әуежайдың жалпы міндеті – әуе көліктерінің ұшып-қонуын және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Әуежайдың негізгі міндеттері жолаушыларға қызмет көрсету, жүкті өңдеу, әуе көліктеріне транзиттік үлгіде техникалық қызмет көрсету және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету болып табылады. Инфрақұрылымы халықаралық ИКАО стандартына сай келетін әуежайға қазір «Эйр-Астана», «SCAT», «Сапсан» сынды бірнеше ірі әуе компаниялары өз ұшақтарын қорықпай қондыруда.

Мекеменің орындаушы директоры Серік Оразғалиевтің айтуынша, әуежайдың 100 пайыз акциясы «Ертіс» ӘКК-не қарайды екен. 2011 жылы әуежайда 102 997 жолаушы әуе қызметін пайдаланып, 482,6 тонна жүк тасымалданған. Бұл жерге жаңа халықаралық аэровокзал кешені мен жүк терминалын салу да жоспарда бар көрінеді. Алайда мұндай ауқымды құрылысты іске асыру үшін 9,020 миллиард теңге қаржы керек. Аталған жоспар іске асып, жаңа аэровокзал кешені тұрғызылған жағдайда қызмет көрсетілетін жолаушылар саны мен жүк айналымы 40 пайызға артпақ.

Жыл басынан бері Өскемен әуежайынан халықаралық бағыттарға Мәскеу, Санкт-Петербор, Новосібір, Анталия рейстері ұшырылып, облысаралық бағыттарда Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент бағыттары бойынша әуе рейстері атқарылған. Қазір Астана мен Алматыға аптаның барлық күндерінде ұшақ қатынап тұр. «Өскемен – Астана» бағытындағы ұшақ билетінің құны 17 мың теңге мен 26 мың теңге аралығында. Ал Алматыға қатынайтын ұшақ билетінің бағасы 18 мың мен 33 мың теңге аралығында екен. Аптаның сейсенбі және сенбі күндерінде Мәскеуге қатынайтын ұшақ билетінің бағасы 46 мың теңгеден басталып, 290 мың теңгеге дейін жетеді.

Баян-Өлгейге бара алмай жүрміз

Қазақстан мен Моңғолия арасындағы әуе қатынасын 2000-2011 жылдары қазақстандық «SСAT» әуе компаниясы жүзеге асырып келген еді. 30 адамдық ескі «АН-24» ұшағының қауіпсіздігіне Мәжіліс депутаттары алаңдаушылық білдірген соң, әуе компаниясының оны ауыстыратын өзге ұшағы болмай, рейс тоқтатылған болатын. Ағымдағы жылдың наурыз айында «ҚазСервисАвиа» компаниясының директоры Ақтанберді Генден:

– Біз осы бағытты қайта жандандыру үшін Моңғолияның «Изимист» әуе компаниясымен келісімшарт жасастық. Енді әр сейсенбі сайын Баян-Өлгейден Алматыға және Алматыдан Баян-Өлгейге 90 адамдық жаңа ұшақ қатынайтын болады. Бұрын «SСAT» компаниясының ұшағы Алматыдан Өскеменге дейін 1,5 сағат, ал Өскеменнен Баян-Өлгейге 2 сағат ұшады, – деп айтқан болатын

Алайда айтылған сөз айтылған күйінде қалып, Моңғолияға ешқандай ұшақ қатынамай қалды. Осы бағытта Өскемен арқылы ұшқан «АН-24» және «ЯК-40» ұшақтары тиісті талаптарға сай келмеген. Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын халықаралық талаптарға сәйкестендіру мақсатында 2012 жылдың 1 қарашасынан бастап Көлік және коммуникация министрлігі әуе қауіпсіздігі жүйесімен жабдықталмаған ұшақтарды пайдалануға тыйым салған.

Осыған сәйкес шекараның арғы жағындағы қандастарымызбен қатынасу мәселесі қиындап тұр. Қазір екі жақтағы жұрт Өскемен мен Баян-Өлгей арасындағы 1200 шақырымдық жолды автомобиль арқылы бағындыруға мәжбүр.

Қазақстанның авиациялық нарығында Өскемен әуежайының үлесі ауыз толтырып айтуға келмейді. Әзірге оның әуе тасымалы нарығындағы үлес салмағы бар-жоғы 2,3 пайыз ғана. Соңғы бес жылдың көлемінде техникалық тұрғыдан алғанда халықаралық талаптар күшейіп, біздің әуежай Батыс елдерінің өндірісінен шыққан ұшақтарды ұшырып-қондыруға бет бұруда. Кеңестік дәуірден қалған ескі ұшақтардың біртіндеп әуе кеңістігінен де, әуежай алаңдарынан да алыстап бара жатқандығы осыған дәлел.

Елбасымыз 2015 жылға дейін бекіткен көлік стратегиясы құжатында: «Еліміздің әуе кеңістігі арқылы транзиттік бағдарлар желісін қалыптастыру жөніндегі жұмысты өрістету қажет. Тек еліміздің барлық қалаларын ғана емес, сонымен қатар дүниежүзінің ірі қалаларын да байланыстыруға мүмкіндік беретін қуатты көлік тораптарын – қазіргі заманғы “хабтар” жасауға айырықша басымдық беріледі» деген болатын. Ендеше, Қазақстандағы авиация саласынан алдағы уақытта үлкен үміт күтеміз.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button