Денсаулық сақтау

Облысқа пульмонологиялық орталық қажет

Облысқа пульмонологиялық орталық қажет


Облыстық қоғамдық кеңестің денсаулық сақтау мәселелері бойынша эксперттік жұмыс тобының кезекті отырысында өңірдегі пульмонология қызметінің бүгінгі жай-жапсары мен өркендуі жан-жақты талқыланды.

Қалалық №4 аурухана – бүгінгі таңда облыс тұрғындарына пульмонологиялық сала бойынша қызмет көрсететін бірден-бір емдеу мекемесі. 80 орындық пульмонология бөлімшесінде жылына екі мыңнан астам науқас тыныс алу жолдары, пневмония, бронхиалды демікпе (астма), бронхит сияқты дерттер бойынша емделеді. Пациенттерінің басым бөлігі әлеуметтік нашар қорғалған топтардың өкілдері. Аурухананың қалалық статусына қармастан, пульмонология бөлімшесінде емделетін науқастардың тең жартысы ауылдың тұрғындары.

Эксперттік топтың мүшесі, қалалық мәслихаттың депутаты Майраш Екібасова ауруханаға жасалған рейдтің қорытындысымен таныстырды. Отыз жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген аурухана ғимараты бүгінде тозып тұр. Алтыншы қабатына көтерілу үшін науқастарға лифтіні кейде қырық минуттай тосуға тура келеді. Емдеу орны бірінші қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенімен, медицинаның күн сайын қарыштап дамып келе жатқанын ескерсек, олардың 80 проценті ескі. Науқастардың басым бөлігі зейнет жасынан асқандар, сол себепті оларда басқа аурулар да кездеседі. Тыныс алу жолдарының дерттері асқынған маусымдарда сырқаттардың саны тіпті көбейіп кетеді. Ондай кезде штаб құрылып, қызмет көрсету аясы кеңейтіледі.

-Біздің пульмонология бөлімшесіне науқастар тек жедел түрде түседі, стационарға жоспарлы жатқызу деген болмайды. Қабылдау бөлімшесінде қажетті зерттеулердің барлығын жүргізуге тырысамыз. Өзімізде жоқ талдауларды келісімшарт негізінде басқа зертханаларда жасаймыз, – деді №4 қалалық аурухананың бас дәрігері Сергей Попов.

Өткен жылы өздерінде жоқ сараптамаларды жасату үшін басқа емдеу орындарымен үш миллион теңгеге келісім-шарт бекітілген. Бас дәрігер әсіресе, аудандардан науқастар ауыр жағдайда түсетінін айтады.

-Ауылдың тұрғындары қаладағы балаларына қонаққа келеді де, бізге жедел жәрдеммен түседі. Әдейі бізге жату үшін келетіндер де бар. Өйткені аудандарда арнайы маман жоқ. Біз жағдайына қарап, көмек көрсетеміз. Егер стационарға жатқызу міндетті болмаса, ем-домын жазып, тіркелген жеріне жібереміз, – деді бас дәрігер.

Статистика мәліметтеріне сүйенсек, 2016 жылы осы бөлімшеде 1176 қалалық, 1043 ауыл тұрғыны емделсе, 2018 жылы ауылдан келгендердің саны жергілікті пациенттерден үш есе асып кеткен. Сәйкесінше, 549 қала тұрғыны, 1614 ауылдық пациенет емделді. Әсіресе, маңайдағы Ұлан, Глубокое, тіпті шалғайдағы Зайсан аудандарынан, Шемонайха, Риддер, Алтайдан жиі келеді.

-Аудандарда қалыптасқан бір үрдіс – науқасты мақсатты түрде осы қалалық ауруғанаға жіберу. Олар науқастарға «№4 қалалық ауруханаға барсаңыз, зерттеулер де, емделу де, бәрі тегін» деп, өздерінен шығарып жібереді. Зайсаннан жүкті не жас босанған әйелдер ауыр жағдайда жеткізіледі. Ондай кезде облыстың бас гинекологы, бас дәрігер және мен ұйқыдан да қаламыз. Бұның барлығы ауылды жерлерде пульмонолог мамандарының жоқтығынан. Ол жерде фельдшерлер ғана отыр, – деп мәселенің мәнісін ашып көрсетті облыстың бас пульмонологы Загрипа Абдиева.

Бас пульмонолог тағы бір проблеманың ұшын шығарды. Ауыр науқастар түскен кезде басқа сала дәрігерлерін кеңесуге жинау өте күрделі екен.

Облысқа пульмонологиялық орталық қажет

-Бұрын пульмонологиялық кеңес жұмыс істеді, қазір ол таратылған. Енді ауыр науқас түсе қалса, әр маман жеке-жеке келіп, өзінің саласына қатысы жоқ екенін айтып, кетіп қалады. Барлық бөлімшелерде төсек саны қысқарғандықтан, ешкім де өзіне алғысы келмейді. Толыққанды консилиумге жинау өте қиын. Мұндай жағдайда біз Нұр-Сұлтан қаласындағы республиканың бас пульмонологымен телемедицина арқылы хабарласып, кеңес алуға мәжбүр боламыз. Республикалық респираторлық орталық ашу да әзірге мүмкін болмай тұр. Сол себепті астанада кардиология және ішкі аурулар зерттеу институтында пульмонологияға бөлінген төрт-ақ төсек бар. Оған өңірден науқастарды жатқызу мүлде мүмкін емес екені түсінікті шығар, – дейді тағы да Загрипа Төкенқызы.

Облыстатыныс алу жолдары ауруларының көрсеткіштері 2014 жылдан бері артып келеді. 2014 жылы 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 25823 болса, 2018 жылы – 27828. Республикалық көрсеткіш 25 мыңның айналысында. Созылмалы анықталмаған бронхит 100 мың тұрғынға шаққанда – 222,21. Пневмониямен ауыратындардың саны 2014 жылдан бері екі есе артып, 2018 жылы100 мың тұрғынға шаққанда 806-ға жетті. Өңірде өкпенің созылмалы обструктивті ауруы ушығып тұр. 2017 жылы жүз мың тұрғынның 114-і осы дертпен ауырса, 2018 жылы бұл көрсеткіш – 111,36. Осы диагнозбен диспансерлік есепте тұрғандар саны 2017 жылы 7702 науқасқа жетті. Сергей Поповтың сөзіне қарағанда, емдеу орнының медикаменттермен қамтамасыз етілуі жақсы. Науқастар ешқандай дәріні өз қаражаттарына сатып алмайды.

-Қазіргі таңда пациенттерді барлық препараттармен, үш уақыт тамақпен қамтамасыз етеміз. Әрине, керемет қолайлы жағдайлар жасай алмаймыз, өйткені ғимарат ескі. Шатырдан бастап, жертөлеге дейін жөндеуді талап етеді. Нембулайзерлер, ГДФ аппараты, эндоскопиялық тірек, компьютерлі томография сияқты құрал-жабдықтар қажет, – дейді Сергей Александрович.

Облыстың бас пульмонологы Загрипа Абдиевабұл саладағы пациенттердің медикаменттермен қамтамасыз етілуі облыс бойынша өте жақсы жолға қойылғанын айтты.Емхана қызметкерлері пациенттеріне керек препараттардың тізімін жасап, тапсырыс береді. Бұл жерде науқастардың дәрілерді таңдау құқы да сақталған. Басты проблема, пациенттердің ингаляторларды дұрыс қолдана алмауында.

-Біз науқастарға беретін ингаляторлар АҚШ, Германия, Ресейде беретін ингалятормен бірдей. Бірақ оны дұрыс пайдалануды не алғашқы медициналық ұйымдардың мамандары, не басқа дәрігерлер үйретпейді, -деді Загрипа Төкенқызы.

Пульмонологтардың еңбекақысы өсе ме?

Бүгінгі таңда Сергей Поповты толғандыратын екі мәселе бар. Біріншісі – дәрігерлерінің жалақысын өсіру болса, екіншісі – аурухананың статусын анықтау.

Елімізде пульмонолог мамандарды еш жерде даярламайды. Пульмонология бөлімшесінде бес дәрігер бар, тағы екі пульмонолог жетіспейді. Аурухана биыл Семей медициналық университетінің сегіз түлегімен келісімшартқа отырыпты.

– Республика бойынша бар болғаны жетпіс пульмонолог бар. Түлектер әдетте бұл мамандықты көп таңдамайды. Өйткені табысы аз, теледидардан көрсете бермейді, көбінде елеусіз қалатын сала осы. Түлектердің аяқ алыстарын байқап көреміз. Егер мамандық ұнап жатса, баулимыз, – дейді Сергей Попов.

Жалақыға келетін болсақ, облыстың бас пульмонологы бар болғаны жетпіс мың теңге алады екен. Қатардағы мамандардың табысын сөз қылмаса да болатын сияқты.

-Әрине, мен дәрігерлерімнің қызметіне ақыны дифференциалды түрде төлеуге,мүмкіндігінше сыйақы беруге тырысам. Бірақ бөлінген қаражаттан үнемдеу өте қиын. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың өзі бірінші шілдеден әр дәрігердің жалақысы 30 процентке өсе қалады деп тоспауды ескертті. Республикада кардиология, онкология, ана мен бала денсаулығы салаларына басымдық берілген. Министрдің түсіндіруінше, ауруханаға бөлінетін қаражының жалпы көлемі өседі, бірақ оны қай бағытқа жұмсауды бас дәрігердің өзі шешеді. Егер төбеден су ағып тұрса, не болмаса науқастарға медикамент жетпей жатса, бөлімшеде дұрыс құрал-жабдығым болмаса,мен қалайша еңбекақыны көтерем? – деп налиды бас дәрігер.

Аурухананың мәртебесі де белгісіз

№4 қалалық аурухана терапевтік хаб сияқты. Бұл жерде ревматология, аллергия, пульмонология, кардиология бөлімшелері мен ардагерлерді емдейтін бөлімше тоғысқан. Бір жағынан қарасаң, жататын пациенттердің дерттері де бір-бірімен байланысты. Сол себепті аурухананы пульмонология орталығына айналдырған облыс тұрғындары үшін өте тиімді болар еді. Алайда дәл қазір аурухананың мәртебесі де белгісіз.

Кезінде бұл өте танымал, науқастардың бәрі осында емделуге ұмтылған аурухана еді. Бұл жерде жұмыс істеу де дәрігерлер үшін үлкен мәртебе болатын. Кейін жеке қолдарға өтті, сосын қайта мемлекет алды. Бес жылдан бері мемлекеттің қарамағында. Осы уақыт аралығында кадрлар құрамы өзгерді, облыстық бюджеттің есебінен құрал-жабдықтар алынды. Пульмонология бөлімшесінің басшысы Әсел Тоқтарбекқызы Израильде білімін жетілдіріп келді. Тағы төрт маманды Нұр-Сұлтан қаласына оқуға жіберу жоспарланыпты. Емдеу орнының тамырына кәдімгідей қан жүріп келе жатқан.

-Әзірге біздің аурухананың статусы анық емес. Мемлекет қарамағында қаламыз ба, жоқ әлде, сенімді басқаруға жеке қолдарға бере ме, белгісіз.Егер жеке қолға өтсек, инвестордың қандай саясат қолданатынын білмейміз. Науқастарымыздың 70 проценті әлеуметтік нашар қорғалған топтардан екенін ескерсек, олар ақылы қызметті ала алмайды, – деп алаңдаушылық білдірді бас дәрігер.

Отырыс барысында өңірде тыныс алу жолдары дерттерінің ушығуы мен өлім көрсеткішінің көбею себептері анықталды.

-Пульмонология аурулардың өршуінің бір себебі – қазіргі емдеу-профилактикалық шараларының тиімсіздігі екені белгілі болды. Бұл ең алдымен, мамандардың тапшылығы мен ауылды жерлерде медициналық көмектің қолжетімсіздігі. Қазір денсаулық сақтау мәселелері бойынша эксперттік топтың мүшелері өңірде пульмонологиялық қызметті дамыту туралы құжат дайындайтын болады, – деп қорытындылады эксперттік топтың жетекшісі Татьяна Чернышова.

Айна Ескенқызы.

Осы айдарда

Back to top button