Тұрғын үй

“Нұрлы жердің” игілігін көріп отыр

 Азамат Темірбеков

Соңғы алты жыл ішінде Шығыста «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде салынған 22 мың пәтер пайдалануға берілген. Бұл туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы хабарлады.

Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты халық үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру екені мәлім. Жалпы, бағдарлама сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін, кредиттік тұрғын үйлер салу, жеке тұрғын үйлер құрылысын дамыту, жеке құрылыс салушылармен тұрғын үй құрылысын жүргізуді ынталандыру, тұрғын үй құрылысын квазимемлекеттік сектор субъектілерін тарту арқылы жүргізу, ипотекалық несиелеудің қолжетімділігін арттыру, үлестік тұрғын үй құрылысын қолдау сияқты бағыттар арқылы жүргізілді.

Бағдарлама шеңберінде 2017-2021 жылдар аралығында облысымыз бойынша барлық қаржыландыру көздерінен бөлінген қаражатқа 2,3 млн  шаршы метр тұрғын үй салынған немесе 22 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш бұрынғы Шығыс Қазақстан облысының аумағы бойынша (қазіргі Абай обл. қосқанда) есептелген. Осы жылдар ішінде 14 мың пәтері бар  250 көппәтерлі үй, жеті мың пәтері бар алты мыңға жуық жеке тұрғын үй мен 38 жатақхана іске қосылды.

Мемлекеттік инвестициялар есебінен 129 көппәтерлі үй пайдалануға беріліп, облыстың 10,5 мыңнан астам тұрғыны жаңа баспанамен қамтылды. Оның ішінде басым үлеске ие әлеуметтік несиелік үйлер Өскемен, Семей қалалары мен Ұлан ауданында салынса, үш мыңнан астам көппәтерлі және бір қабатты жалға берілетін үйлер Өскемен, Семей, Риддер, Алтай қалаларында және Аягөз, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Үржар, Ұлан  Шемонайха аудандарында бой көтерді. Сонымен қатар квазимемлекеттік сектор есебінен салынған  несиелік және жалға берілетін 18 үй екі ірі шаһарда және  бір ауданда салынды.

Оған қоса, осы жылдар ішінде «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамымен бірлескен жеке инвестиция есебінен коммерциялық тұрғын үйлердің құрылыс көлемі ұлғайтылды. Осылайша бағдарлама іске асырыла бастағалы бері жеке инвесторлар есебінен 4,7 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді.

Дей тұрғанмен қабылданып жатқан шараларға және тұрғын үй мәслелерін шешуге қарамастан, тұрғын үйге мұқтаж халықтың санаттары арасында кезектіліктің тұрақты өсуі байқалды. Атап айтсақ, биылғы бірінші желтоқсанда кезекте тұрғандар саны облыс бойынша 21 742  адам болса, олардың 1848-і көпбалалы,  7 782-cі  әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы.

Тұрғын үй мәселелерін кешенді шешу мақсатында 2020 жылдан бастап облыста «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы іске асырыла бастады. Бағдарлама бағыттарының бірі – жеке инвестициялар есебінен бір қабатты үйлер салып, оларды аз қамтылған көпбалалы отбасыларына, халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарына, жетім балалар мен денсаулық сақтау, білім беру салаларының мамандарына жергілікті бюджет есебінен сатып алып беру. Осы бағдарламаны іске асыру аясында жеке инвесторлармен «Нұрлы жер» баға параметрлеріне сәйкес, тұрғын үйдің бір шаршы метрі 140-160 мың теңге аралығында болатын «оффтейк-келісімшарттар» жасалды. Нәтижесінде соңғы үш жыл ішінде жеке инвесторлар есебінен салынған 824 үй кезекте тұрғандар  үшін бюджет есебінен сатып алынды. Биыл осындай келісімшарттар арқылы 236 тұрғын үй сатып алынып, пайдалануға берілді.

Айта кетсек, биыл қыркүйек айынан бастап «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының күші жойылып, оның бағыттары 2026 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасына жинақталды. Бұл тұжырымдаманың мақсаты да халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған   коммуналдық инфрақұрылым мен жайлы тұрғын үй құрылысы саласын дамыту болып қала береді.

Осы айдарда

Back to top button