«Дидардың» қонағы

Нұржан КЕРМЕНБАЕВ, әнші: – Өнер жолын таңдамағанда жақсы футболшы болар едім

Биыл Өскеменде өткен Шәмші әндерінің халықаралық байқауы бірнеше күнге созылып, қазақ эстрадасының сүт бетіне шыққан қаймақтарының басын Металлургтер сарайының сахнасында тоғыстырған еді. «Superstar.kz» тележобасында көрерменнің көзайымына айналып, «қап-қарашка» атанған Нұржан Керменбаев та «Арнау» дуэтіндегі серігі Салтанатпен бірге осы ән тойының ортасынан табылған. Байқаудың гала концертіне дайындық кезінде оның жалғыз дайындалып жүргенін көріп, себебін сұрастырған едік. Қазақи тәрбие көрген замандасымыз ағынан жарылып, әңгіме тиегін ағытқан еді.

Нұржан КЕРМЕНБАЕВ, әнші: – Өнер жолын таңдамағанда жақсы футболшы болар едім

Әншілік жолымды ашқан – «Superstar.kz» жобасы


– Нұржан, гала-концертке Салтанат екеуің де қатысатындарың хабарланып еді. Дайындықта жалғыз жүргенің қалай?

– Ол ертең концертке тікелей келмекші. Қазір оның бесікте баласы бар. Соған қарау керек болғандықтан дайындыққа жалғыз келдім. Бұрынғыдай емес, ана болды, жауапкершілік көбейе түсті дегендей. Сондықтан оған мен де түсіністікпен қараймын.

– Түсінікті. Өз туған өлкең, өскен ортаң жайында айта кетсең.

– Мен Қарағанды өңірінің Жезді деген ауылында өскен қарапайым қазақ баласымын. Кейін 1996 жылдан бастап Сәтпаев қаласында тұрдық. Сондықтан ауылда өскен баламын деуге болады.

– Бүгінгідей танымал болуыңа табиғи талантың қанша пайыз әсер етті деп ойлайсың?

– Мен арнайы музыкалық білім алған емеспін. Соны ескерсек, өнер жолына түсуіме сол бір албырт шағымдағы «Superstar.kz» жобасы әншілік жолымды ашқан шығар. Аллаға шүкір деп айтайын, әйтеуір өнердің айдынында алапат дауылға ұшырамай, еппен жүзіп келеміз. Кішкене болсын талант бар шығар бойда. Қалғанының бәрі Алла тағаланың берген бағы ғой. Сондықтан сол бақты үркітіп алмауға тырысып жатырмыз.

– «Қап-қарашка» деген лақапты қораш көрмейсің бе?

– Бұл менің екінші есімім болып кетті ғой. Кей кездерде азан шақырып қойған Нұржан деген атым да сол екінші есімнің көлеңкесінде қалып қойып жатады. Біреулер атымды атамай «қап-қарашка» деп жатады. Сондықтан бұл атауға үйреніп қалдым. Менің өзіме ұнайды десем де болады.

– Ауылда өскен екенсің, үйде қисайған шеге болса, өзің қағасың ба?

– Оның шет жағасын «Шіркін-лайф» жобасының көрермендері көрді ғой. Отын жару деген кез келген ауылда өскен қазақтың қолынан келеді ғой. Дегенмен, мойындау керек, ауылда көрмеген нәрселерді сол жобаға барып көрдім өз басым.

– Әуел баста «Арнау» дуэтінде Жанар Хамитовамен бірге ән шырқадың. Кейін құрамдарың өзгерді. Сол жайында неше түрлі ақпарат тарады. Анық-қанығын оқырмандарға өзің айтып берсең.

– Ол қызымыз шетелге кетті. Өнерді қоямын деді. Бәрі өз қалауымен болды. Содан Салтанатты тауып, бірлесе жұмыс істеп жатқан жайымыз бар.

– Болашаққа құрған жобаларың, жоспарларың қандай? Кейде әнді жалғыз айтып жүрсің. Оны халық жақсы қабылдап та жатқан сияқты. Болашақта жеке орындаушы ретінде бөлек кетуің мүмкін бе?

– Жалғыз кету ойымда жоқ. Жеке орындауды да тоқтатпаймын. «Арнаудағы» жұмыстарыммен жеке шығармашылығымды қатар алып жүрмекпін. Жеке өнерім бір төбе, «Арнаудағы» өнерім бір төбе ғой. Олай деуімнің себебі мынада, менің жеке шығармашылығым жастар аудиториясына бағытталған. Ал «Арнаудың» шығармашылығы жасы үлкен аудиторияға да жұмыс істейді.

Әріптестерімнің бәріне құрметпен қараймын


– Ел білмейтін қандай қырларың бар?

– Спортқа бейіммін. Негізі бір нәрсеге әуестенсем, соңына дейін жеткізгенді дұрыс деп санаймын. Бұрын футболға қатты қызықтым. Аулада шаң-шаң болып доп теуіп, аяқ-киім жыртық-жыртық болып қайтатынмын. Ол кезде оның өзі отбасымызға елеулі шығын еді. Заман қиындау болды ғой. 200-300 теңгенің бутцыларын алудың өзі жыр болатын. Жырдан бұрын кәдімгідей қаражат еді ғой. Әкемнің айлығы 6-7 мың теңгенің мөлшерінде. Анам ұрсатын сонда: «Айналайын, бір жолды таңдасаңшы бұлай жүре бермей. Не әнші бол, не доптың соңына түс» деп. Сол кезде футболды таңдасам, кәсіби спортшы болып жүрер ме едім деп ойлап қоям кейде. Қазір де аяқдоптан алыстап кеткен жоқпын. Кәсіби деңгейдегі аяқдопшымын деп айта алмаймын, ал сол кезден бастап футболмен айналыссам, мүмкін ел біріншілігінде жүрер ме едім. (Күліп алды).

– Қазақстан біріншілігі жайында айта салып күлгеніңе қарағанда отандық футболға көңілің толмайтын сияқты…

– Менің ойымша, қазақтарға футбол ойнау Алла тағаладан берілмеген қасиет сияқты. Оны дамытудың бір ғана жолы бар деп ойлаймын. Біздің футболшыларды «аштықпен азаптау» керек шығар. Естуімше, олардың табатын табысы өте қомақты екен. Семіздікті көтере алмай жүр деп ойлаймын. Тым еркінсіп, босаңсып кеткен. Ақшасы жүріп жатса, терлеп-тепшіп жүгірудің қажеті қанша? Әйтеуір алаңда көлеңкесін сорайтып, күнделікті жаттығудан қалмаса болғаны.

– Замандастарыңнан кімдерді мойындайсың?

– Бәрін мойындаймын. Әркім өзінше талантты, әркімнің өз тыңдармандары, өз жолы бар. Эстрада дейтін бір қазанда жүргеннен кейін барлығының өнерін, өздерін сыйлаймын. Ешкімді бөліп айтқым келмейді. Аллаға шүкір, бәрімен сәлемім түзу.

– Сонда сеніңше сахнаға шығып, «әу» деп ән айтқанның бәрі мойындауға тұрарлық өнерпаздар ма?

– Бір қазанда қайнап жүрген соң бөліп жармаймын деп айттым ғой. Бізде әнші көп дейміз ғой, шынында әнші аз негізі. Осы тұрғыдан келсек, ең бірінші еске «МузАРТ» тобы, Батырхан Шүкенов, қазіргі жастардың ішінде Айқын Төлепбергенов, «Орда» және «Ринго» топтары, Сон Паскаль түседі. Сон Паскальдың жаңашылдығын атап өту керек. Қазақ тілін ағылшынша насихаттауы расымен құптарлық іс. Оның өзі үлгі басқаларға.

Өз-өзімді сомдап, киноға түскім келеді


– Қазір әншілер белсенді ғой. Бірі тележүргізуші, бірі әнші, бірі боксшы дегендей. Сондай шулы ортадан сені көп көре бермейміз. Себебі неде?

– Мен құдай бойға бермеген дүниемен тыраштанып, уақыт өлтіруге қарсымын. Мәселен, «Хабар» арнасының бір жобасында музыкалық фильмге қатысқан едім. Сол сәтсіздік маған үлкен сабақ болды. Кино менің салам емес екенін түсіндім сол кезде. Сонда өз-өзіме енді мұндай жобалардан аулақ жүруге ант бердім. Мен киноға түсуім мүмкін, егер өз-өзімді ойнау керек болса. Ал басқа біреудің рөлін сомдау менің қолымнан келмейді. Ұсыныстар түскен кезде «Егер сізге творчествода жүрген Нұржанның рөлі керек болса, ойнауға әзірмін. Өз болмысымды еш боямасыз сомдап беремін. Бірақ біреудің сөзін өзіңдікі қылып айтып, ойнауға келіспеймін» деп ашығын айтам.

– «Қазақтың шоу-бизнесі той-бизнес деңгейінде қалып қойған» деген түсінікке келісесің бе?

– Біздегі шоу-бизнес пен той-бизнес бір-бірінен ажырағысыз. Өнерге тың бағыт әкелуді армандап, уайым жеп, жан-тәнімен беріліп жүргендер де бар, сахнаны тойға шығудың жарнамасы деп қабылдайтындар да бар. Қысқасы, тойды уайымдайтындар да, шоуды уайымдайтындар да бар.

– Сен солардың қайсысына жатасың?

– Мен екеуінің ортасында шығармын. 70-80 пайыз шоу-бизнеске, 20-30 пайыз той-бизнеске тиесілімін деп ойлаймын. Өйткені, біздер тойдың өзінде басқа бағытта жұмыс істеп, әдемі әсер сыйлағымыз келеді. Соңғы кездері клуб әндерін дамытып жүрміз. Қазір халықтың құлағы үйрене бастады. Бұрын ондай әндер айта бастасаң, жұрт үрке қарайтын, қазір үйренді. Саналары өскен болар деп ойлаймын. Оны өстіге жатқызамыз ба, өштіге жатқызамыз ба, білмеймін.

– Осындай тәрбие беріп, азамат қып өсірген ата-анаң қандай адамдар?

– Әкем марқұм Болатбек екі жыл бұрын өмірден өтті. Өмір бойы шахтер болды. Анам Гүлбану қазір қасымда. Қымбат деген сексен алтыншы жылғы апайым бар. Анам өмір бақи дүкенде сатушы болған. Өзіне бір шағын дүкен ашып берсем деген ойым бар. Бұйыртса, оны да іске асыру керек. Бұл бір жағынан пенделік шығар. Бірақ өмірге келген соң жақсы із қалдырып кетуіміз керек қой.

– Шүкіршіл екенсің, аузыңнан Алланы тастамай сөйлеп отырсың. Өзің құралпылас әншілердің кейбірі сәждеге жығылып, кейбірі қажы атанып жатыр. Сенің көзқарасың қалай бұған?

– Өмірлік мақсаттарымның ішінде бес парыз да бар. Соның бірі қажылыққа бару ғой. Өзім ғана бармай анамды, апамды, болашақ жарымды алып барғым келеді. Анам да намаз оқыса екен деген арманым бар.

– Бала кезіңнен әнші болуды армандапсың. Кімдерді тыңдап, еліктеп өстің?

– Медеу Арынбаевты, «МузАРТты» тыңдап, айнаның алдында қолға теледидардың пультін алып, сол кісілерге қарап ер жеткен едім.

Абайдың қара сөздерін оқып жатырмын


– Болашақ жарымды да Меккеге ала барсам деп қалдың. Таптың ба сол адамды?

– Тапқандаймын. Алла бұйырған күні тойымыз да болар. Биыл үйленсем бе деп ойлап едім, кешігіп қалған сияқтымын. Келер көктемде болып қалар, Алла қаласа.

– Шетелге шығып, демалуға қызығасың ба?

– Кейінгі жылдарға қойған мақсатым бұл. Барлық мақсаттарыма жетіп, армандарыма қол созған тұста, өзім үшін өмір сүрер кезең жеткен кезде неге бармасқа? Ондай кездің қашан келері белгісіз бірақ. Өнер адамы болған соң демалыс пен жұмыс қатар жүріп жатады ғой. Жұмыс бабымен жан-жаққа шығып жатамыз. Соның арасында біраз демалып қаламыз.

– Нұржан Керменбаев деген есімің бар. Атыңды, атағыңды пайдаланып, тамыр-таныстықпен жақындарыңа жақсылық жасаған кездерің болды ма?

– Қарайласып жатырмын деп айтпай-ақ қояйын. Өмірдегі мақсаттарымның барлығын исламнан алуға тырысам. Онда көршілеріңе дейін жақсылық жасау керектігі айтылған. Бұл тұрғыда да үлкен жоспарларым мен ойларым бар.

– Өзіңді рухани дамыту үшін не істейсің? Кітаппен, баспасөзбен достығың қалай?

– Газет оқымаймын. Кітапқа деген құлшыныс жақында ғана басталды. Абайдың қара сөздерінен бастауды жөн көрдім. Содан кейін «Абай жолын» оқысам деп жүрмін. Бастап көрген едім, толық түсіну үшін он рет қайталап оқу керек шығар деген ойда қалдым. Сондықтан бірінші қара сөздерін сіңіріп алып қана романға көшпекшімін.

– Әңгімеңе рақмет.

Сұхбаттасқан – Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button