Қоғам

\”Нұрлы жол\” саябағындағы салтанат

"Нұрлы жол" саябағындағы салтанат


Тәуелсіз еліміздің басты құқықтық құжаты – Ата Заңымыздың 22 жылдық мерекесі кеше Шығыста ерекше рәуіште тойланды. Конституция күніне арналған салтанатты іс-шаралар легі жылдағыдай орталық алаңда емес, жақында өңірге жасаған сапары аясында Елбасының өзі ашып, оң бағасын беріп кеткен «Нұрлы жол» саябағында өткізілді.

Жасыл желекке малынған жаңа саябақ аспанын алуан түсті шарлар көмкеріп, әуеде қалықтаған әсем әуендер, ұлтына, тіліне, дініне қарамастан бір-бірін мерекемен құттықтаған көңілді адамдар тобы қала халқын мерекені жаппай, бірлікте достық көңіл күйде тойлауға шақырып тұрғандай әсер қалдырды. Сонымен бірге мерекеге орай саябақтың безендірілуі де жылдағыдан ерекше болды. Күн шуағын молынан төгіп, өскемендіктер мен қала қонақтары саябаққа лық толған мезетте салтанатты жиын ресми түрде басталып, аспан түстес Туымыз ортаға әкелініп, мемлекеттік Әнұран шырқалды. Барша жиналған қауымды Конституция күнімен облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтады.

– Құрметті жерлестер, қадірменді қауым! Бүгін Ата Заңымыздың қабылданғанына 22 жыл толып отыр. Тәуелсіз Қазақстанның тірегі болған Ата Заң еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылған басты құжат. Конституция – елімізді демократиялы зайырлы ел ретінде қалыптастырды. Адам өмірі мен құқықтары мемлекетіміздің басты құндылығы екенін айқындап берді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясатының арқасында Ата Заң бүгінгі жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Мемлекетіміздің алтын қазығы, келешегіміздің кепілі Конституция күнімен Сіздерді құттықтаймын. Ата Заңның арқасында біз ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы кең байтақ қазақ жерінде бейбітшіл азаматтық қоғам қалыптастырған, еркіндік пен келісімнің, бейбітшіліктің жарқын үлгісі болған мемлекет құра отырып, әлемдік қауымдастық ортасынан ойып тұрып орын алған, әлем мойындаған, өткен және қазіргі ұрпақтың алдында жоғары жауапкершілігін сезінген мемлекетке айналдық. Аталған тарихи құжатта еліміздің тәуелсіз құқығы айқындалып, халқымыздың кемеңгерлігі мен мейірімділігі көрініс тапқан, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы осыдан 22 жыл бұрын 1995 жылдың 30 тамызында өткен жалпы халықтық референдумда көпұлтты еліміздің 90 пайыздан астамы Ата Заңды қолдап дауыс бергенін атап өтті.

– Қазақстан халқы биліктің бірегей көзі екені даусыз. Атақты француз ойшылы Шаль Монтень «Халқын тұтастай сақтаған мемлекет қана ең жақсы мемлекеттік құрылым» деп атап өткен болатын. Уақыт сынағынан өте келе, басында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тұрған бұл мақсаттың толықтай орындалғанын сеніммен айта аламыз.

"Нұрлы жол" саябағындағы салтанат

Қымбатты жерлестер! Елдік пен берекенің бастауы, тыныштық пен ынтымақтың негізі болған Ата Заң аясында бақытты болашақ үшін еңбек етейік. Сіздерге денсаулық, амандық, бейбітшілік пен келісім тілеймін! Бүгінгі жаңа «Нұрлы Жол» саябағында атап өтіп жатқан Конституция күні құтты болсын! – деді облыс әкімі Даниал Ахметов өз құттықтауында.

Мұнан соң кезек концерттік бағдарламаларға беріліп, жиналғандар белгілі әншілер мен өнер ұжымдарының өнерін тамашалап, бір серпіліп қалды.

Д.Қасенов

Осы айдарда

Back to top button