Ауыл шаруашылығы

Өнімнің өзіндік құнын түсірсек, баға реттеледі

Облыста мал басы өсіп, сүт өндіру көлемі артып келе жатқанымен, еліміздегі ең қымбат сүт Өскемен қаласында болып отыр. Облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелев өткізген баспасөз мәслихатында Өскемендегі сүт өндіруші «Восток молоко» мен «Эмиль» ЖШС-тері сияқты қайта өңдеушілер сатып алынған сүтке 100 пайыз көлемде баға қосып, қымбатқа шығарып жатқанын айтты.

Өнімнің өзіндік құнын түсірсек, баға реттеледіҚазір сүт өндірушілердің бағаны қымбаттату әрекеттеріне тексеру жүргізілу үстінде. Облыс Әкімі орынбасарының айтуынша, сүттің бағасы бүгінгідей 200 теңге емес, әрі кеткенде 150-160 теңге болуы керек.

Сүттің қымбаттығы сүт өндіру көлемінің төмендігімен түсіндіріліп отыр. Осыған орай ағымдағы жылдың соңына дейін облыста тағы да төрт заманауи сүт фермалары ашылмақ.

Сүт өндіру бойынша Семей қаласында да ірі жоба қолға алынып отыр. Оған қоса қала маңында Татарстандағыдай (РФ) үлгіде шағын отбасылық сүт фермалары салынбақ.

– Біз сүт өнімдерінің бағасы қайта өңдеушілер есебінен қымбаттап отыр деп есептейміз. Жазда сүт бағасы біраз төмендейді. Күзге қарай жаңа сүт фермалары есебінен сүт өндіру көлемін арттыра түсеміз. Сүт өндірушілер арасындағы монополистік әрекеттерді қарап жатырмыз. Ет жөнінен Ресей мен Белоруссиядан келіп жатқан өнімдерге бәсеке бола алмаймыз. Ол жақтан келіп жатқан ет өнімдері біздікінен арзан. Біздің шаруалар мынаған көңіл бөлуі тиіс: бағаны қумай, өнімнің өзіндік құнын түсіруді ойлауы керек. Ал қой еті бойынша біздің фермерлердің болашағы бар, – деді Владимир Кошелев.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбат болуы шаруаларға қолайлы болғанымен, табысты бағаны көтеру арқылы емес, өнімді өндіруге кететін шығынды азайтып, жаңа нарыққа жол ашып, өндірісті тиімді ұйымдастыру жолымен табу қажет. Биыл сиыр еті мен құс етін өндіріп, шетелдерге шығаруға бағытталған ет комбинаты іске қосылғалы отыр.

Оған қоса бірнеше айдан соң ЖМК ықшам ауданында мал өнімдерін саудалайтын толайым сауда орталығы ашылмақ. Қазір ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілермен өз өнімдерін делдалсыз осы сауда орталығында саудалау жөнінде келісімдер жүргізіліп жатыр.

Мал азығына мән беріледі

Баспасөз мәслихатында облыс шаруашылықтарының көктемгі егіс науқанына ерекше дайындықпен келгені атап өтілді. Биыл егіс алқаптары былтырғыға қарағанда 60-90 мың гектарға арттырылғалы отыр. Бұған шаруашылықтардың экономикалық әлеуеті жетеді. Пайдаланылмай жатқан әлі 154 мың гектар егістік жер бар.

Егін шаруашылығын әртараптандыру бағытында басты мән беріліп отырған жәйт – мал азығындық дақылдар өсіруді көбейту. Бұршақ тұқымдас дақылдар мен мал азығындық өсімдіктер, шөптер егуге үлкен мән берілуде. Оларға берілетін субсидия көлемі де қомақты. Сонымен қатар, майлы дақыл, мал азығындық дақыл ретінде жоғары бағаланып келе жатқан соя, рапс дақылдары да көптеп егілуде. Осы дақылдар өсірілетін егіс алқаптары енді екі-үш есеге көбеймек. Дақылдарға берілетін субсидия мөлшері биыл гектарына 10 мың теңге болып көтеріліп отыр.

Құдық қазсаң, 80 пайызы субсидиямен қайтарылады

Өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығы саласына барлығы 6,3 млрд. теңгенің субсидиясы берілсе, биыл 8,5 млрд. теңге көлемінде қарастырылып отыр. Мемлекеттен берілетін осы қаржылай көмекті жыл сайын алып жатқан шаруашылықтар аз болмағанымен, одан қағажу қалып отырғандар да жетеді.

Субсидияның көмегін көре алмай келе жатқандардың басым бөлігі – ұсақ шаруа қожалықтары. Ірі шаруашылықтар үшін тапсырыс қабылдау, өнімді сату, өндіру, өзге де шаруашылық істерін жүргізу әлдеқайда жеңіл болса, шағын қожалықтардың ондай қауқары жоқ. Бүгінгі күні облыста 16,5 мың ауыл шаруашылығы құрылымы бар. Жыл сайын 400-500 ұсақ шаруашылық өзара бірігіп, іріленіп келеді. Дегенмен, аймақта ұсақ болса да берекесі кіріп, бірлігі артып отырған шаруашылықтар да көп. Бұл ісін ұтымды ұйымдастыра білгендердің ештеңеден ұтылмайтынын көрсетсе керек. Осы орайда облыс Әкімінің орынбасары:

– Көлеңкелі экономикада жұмыс істемейтіндер үшін құжат әзірлеп, субсидия алудың ешқандай қиындығы жоқ. Сондықтан қазір кез келген шаруа қожалықтары субсидияны құжаттандыруды, көлеңкелі бизнеске бой ұрмауды ойлағандары жөн. Мемлекет беріп жатқан қай көмекті де пайдаланып қалу қажет, – деп шаруашылық иелерінің субсидия алып, жағдайын жақсартуға бүгінгі күні мол мүмкіндік туып отырғанын жеткізді.

«Агробизнес – 2020» бағдарламасы бойынша биылдан бастап мал жайылымдарынан құдық салған шаруашылықтар шығынының 80 пайызы субсидия есебінен қайтарылып берілетін болады. Сөйтіп, 1 млн. теңгеге құдық салған шаруаға 800 мың теңгесі қайтарылмақ. Ол үшін салынған құдықтың жобалық-сметалық құжаттары болуы шарт.

Аталған жаңа бағдарлама бойынша 2020 жылға дейін ауыл шаруашылығын субсидияландыру көлемі төрт есеге көбеймек.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button