Қоғам

Назарбаев мектебінің жаңа ғимараты ашылды

Назарбаев мектебінің жаңа ғимараты ашылды


Өскемендегі ерке Ертістің сол жағалауында химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің бүгінгі заман талабына сай жаңа ғимараты ашылды. Білім күні қарсаңында есігін айқара ашқан мектептің Ата Заң мерекесімен қатар келген қуанышын ұстаздар қауымы, оқушылар және ата-аналармен бірге аймақ басшысы Даниал Ахметов те бөлісті.

Көркі алыстан көз тартатын әсем де зәулім ғимаратты төрт жылдың ішінде елімізге белгілі «BI Group» құрылыс компаниясы сапалы етіп салып шыққан. Олар республикада осымен төртінші Назарбаев зияткерлік мектебін іске қосып отыр.

Мектеп директоры Гүлфарида Раисованың айтуынша, Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алуға ниетті облыс жастарының қатары артып келеді. Биыл мұнда 675 тәлімгер жаңа оқу жылын қарсы алмақ. Жаңа білім ошағы 720 оқушыға шақталған. Бұдан өзге 120 орындық жатын корпусы, спортзал, телестудия, кітапхана шәкірттердің озық біліммен жан-жақты қамтамасыз етілуіне қызмет етпек. Тіпті, жеке медициналық орталығы да бар. Білім теңізіне желкен керген жас өрендерге 120-дан астам білікті ұстаздар сабақ берсе, елуге тарта оқытушы-тәрбиелеуші құрам тәлім-тәрбие бермек.

Ұжымның халықаралық білім сайыстарында алған жүлделі орындары да аз емес. Өз қызметін бастағалы бері Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары түрлі олимпиадалар мен байқауларда 1500-ден астам жүлдеге қол жеткізген. Әр алтыншы түлек «Алтын белгі» иегері болса, түлектердің 96 пайызы білім беру гранттарын жеңіп алған. 116 өрен Назарбаев мектебіне грантқа оқуға түссе, 38 өскемендік түлек АҚШ, Канада, Жапония, Қытай және Еуропа елдеріндегі үздік университеттерде білім алуда. Сонымен бірге жаңашыл оқушылардың өздері қорғаған өнертабыстық патенттері де жетерлік.

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан аймақ басшысы Даниал Ахметов ХХІ ғасырдың талабы мен сұранысына төтеп бере алатын заманауи білім ордалары дәл осындай болуы керектігін, өзге білім нысандары да бұдан үлгі алуы қажеттілігін нақты атап айтты.

– Бүгін еліміздің басты мерекесінің бірі – Конституция күнімен бірге Назарбаев зияткерлік мектебінің қатар ашылуы шын мәнінде қуантып отыр, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов. – Қазіргі заман озық білім мен бәсекеге қабілеттіліктің ғасыры. Сондықтан біздің оқушылар терең білімді және шығармашылық әлеуетті болуы тиіс. Бұл болашақтың ХХІ ғасырдың зияткерлік мектебі болады. Облыстың білім саласына үлкен қолдау жасалып отыр. Барлық мектептер көлікпен қамтылды. Робот техникалар сатып алынды. Оқытушыларымыз Кембридж университетінің бірегей бағдарламасы және жаңа әдістемесі бойынша ағылшын тілін білуден тілдік курстардан өтті. Үштілділік оқытуды енгізу үшін осындай тәжірибе жасап отырмыз. Шығыстан шыққан бұл алғашқы тәжірибені кейін барша еліміз қолданатын болады.

Жаңа оқу жылының басталуымен ұстаздарды, оқушылар мен ата-аналарды бүгінгі жиынға арнайы келген «НЗМ» ААҚ Қамқорлық кеңесінің төрағасы, Назарбаев университетінің президенті Шигео Катсу қазақ тілінде құттықтап, Өскемендегі мектептің аз уақыттың ішінде үлкен жетістіктерді бағындырғанын және түрлі деңгейдегі академиялық жарыстарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгенін айтып, болашақтың білімді жастары осында өсіп жатқанын айтып өтті.

Келесі ретте «Назарбаев зияткерлік мектебі» ААҚ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова сөз алып, зияткерлік мектеп қол жеткізген табыстар облыс мектептеріндегі мұғалімдердің, аймақтың білім жүйесінің табысы екенін айтты. Сондай-ақ ол бұрынғы зияткерлік мектептің материалдық-техникалық базасы, зертханасы бәрі түгелімен қалада жаңадан ашылған жалпы білім беретін мектепке қалдырылғанын айтып, жаңа қазақ мектебіне бірқатар роботты техникаларды сыйға тартты.

Ал «BI Group» холдингі басқарма төрағасы Арман Ахметов мектеп директоры Гүлфарида Раисоваға салтанатты түрде білім ордасының символикалық кілтін табыс етсе, мектеп алаңында оқушылар «ЭКСПО: Болашақтың энергиясы» тақырыбында флешмоб ұйымдастырып, домбырашылар ансамблі өнер көрсетті. Жаңа мектеп табалдырығын алғашқы болып білім ұясының халықаралық, республикалық жарыстарда жүлдегер болған оқушылары аттады.

Бұдан кейін облыс әкімі және мәртебелі меймандар білім ордасының ішін аралап, заманауи ғимараттың материалдық-техникалық базасын көрді.

Өңір басшысы Даниал Ахметов облыстық білім басқармасының басшылығына мұндағы озық дүниелерді, жаңашыл тәжірибелерді, материалдық-техникалық базаны облыстың басқа мектептерінің басшыларына да үлгі ретінде көрсетуге, семинар-жиындар ұйымдастыруға тапсырма берді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button