Қоғам

«Моабит дәптері» немесе қапаста жазылған жырлар

Татардың күрескер ақыны Мұса Жәлел қазақтың астанасы болған, қазіргі Ресей құрамындағы Орынбор облысындағы Мұстафа ауылында 1906 жылы дүниеге келген. Кішкентайынан ауылдағы қазақ балаларымен ойнап өскен ол қазақшаға жетік болған. Алғашқы өлең-жырларын бозбала кезінен жаза бастаған ақын 1931 жылы Мәскеу мемлекеттік университетін үздік бітіреді.
Содан кейін Мәскеуде шығатын татар тіліндегі «Жас достар» және «Октябрь перзенті» журналдарының редакторы болады. Осы уақытта айналасына татардың және түркі елдерінің оқып жүрген жастарын жинап, олардың дұрыс жолға түсіп, қажырлы жұмыс істеулеріне септігін тигізеді. Сондай-ақ туған еліне келіп, 1939-1941 жылдары Татарстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып қызмет етеді. Соғыс басталғанда қаламмен, қарумен фашистерге қарсы ұрыстарға қатысады. Соғыс біткен соң, марқұм болып кетсе де, 1956 жылы майдандағы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Дегенмен, осы атаққа дейін 1948 жылы жалынды жырлары үшін КСРО мемлекеттік сыйлығымен марапатталады.
Ақын өзінің «Таразы», «Өткен жолдар», «Екпінді партизан», «Көктем сапары», «Орденді миллиондар» жыр кітаптарымен және «Алтыншаш», «Ильдар» операларымен кең танылады. Оның жау қапасында жазған атақты «Моабит түрмесінде» өлеңдер жинағы Кеңес одағында жоғары бағаланып, кейін оған Мұхтар Әуезовтің дәнекер болуымен халықаралық Ленин сыйлығы беріледі.
Сол жау қолында тұтқын бола жүріп:
«Ашшы мынау қараңғылық сарайын,
Бой жазайын, бостандыққа барайын!
Қайда сонда еркін өскен кең далам?
Көз жіберіп биік шыңнан қарайын!» деп жырлайды.
Жоғарыда айтқанымыздай, Мұса Жәлел қазақша жақсы сөйлеп, қазақ әндерін нақышына келтіре орындаған. Қазақ елін ерекше құрметтеген.
Соғыс кезіңде майдандық «Отвага» газетінің тілшісі Мұса Жәлелдің иығына оқ жарқыншағы тиеді. Дарияның асау толқыны соққандай оны редакцияның арнайы машинасынан жұлып алып, біраз жерге лақтырып тастайды. Сол жақ бұғанасы зақымданған оның сол қолы салбырап бос қалады. Бұл 1942 жылдың шілде айы болатын. Бұның қалай болғанына ақынның «Моабит дәптеріндегі» «Кешіре гөр, Отан» өлеңі жауап береді. Қатты жараланып, қансыраған жауынгер ақын өзін атып тастай жаздайды, бірақ қолындағы қаруы от алмай қалады. Сөйтіп, жау қолына түседі.
Мұса Жәлел тағдыр тәлкегімен әуелі Двинск түбіндегі, содан соң Рига, Каунас маңайындағы, кейін Хельм, Орш, Седльц, Вустрау елді мекендеріндегі лагерьлерді кезеді. Бірнеше ай осылай біраз жерді шарлатып, сандалтқан соң фашистер оны Польша жеріндегі Демблин қорғанындағы қапасқа әкеледі. Еділ аймағынан шыққан ұлттарды, негізінен татарлар мен башқұрттарды фашистер осы жерге жинай бастады. Өйткені 1942 жылдың сәуір айында Гитлер түрлі ұлттық бөлімдерді, сондай-ақ тамызда Еділ-Орал халықтарының (оның ішінде қазақтар да бар) легионын құру жөніндегі бұйрыққа қол қояды. Түркістан ұлттық комитетіне Вали Каюм-хан жетекшілік етсе, Еділ татарлары комитетін Шафи Алмазов басқарады. Мұса Жәлел достарымен бірге тұтқынға түскен кеңес жауынгерлеріне листовка таратып, құпия жағдайда жасырын қарсыласу топтарын құрады. Бірақ араларынан шыққан сатқындар кесірінен жау бұлардың әрекетін біліп қойып, Мұса Жәлел 1943 жылдың тамызында Радомда қатаң қадағалаудағы абақтыға жабылады. Сонымен қатар келесі күні Радом, Едлин, сондай-ақ Берлин, Познань, Гамбург, Вустрау, Свинемюн лагерьлеріндегі бұлардың жақтастары түгел тұтқынға алынады. Қатты қинаудан өткен ақынның қолдары сындырылып, саусақтары уақталады. Бірақ ақын мен оның жақтастары өздерінен басқа ешкімді ұстап бермейді. 1944 жылдың тамызында өткен әскери сот бұларды ату жазасына кеседі. Сондай-ақ Мұса Жәлелмен бірге отырған Моабит, Тегель, Шпандау және Дрезден түрмелеріндегі мыңдаған татарларды бұлармен қосып, бір уақытта атып тастайды.
Енді «Моабит дәптерінің» бізге қалай жеткенін айта кетейік.
Тұтқын болып жүрген Мұса Жәлел жауға қарсыластардың астыртын тобына қатысып, көптеген іс-шараларға жетекшілік етеді. Осы топтың құрамындағы досы, татар ақыны Абдолла Әліштің өлең дәптері мен өз дәптерін қосып, сол түрмедегі Ғаббас Шарипов дегенге табыс етеді. «Біздің бұл тозақтан шығу-шықпауымыз екіталай, ал сені босатуға тиіс. Сондықтан сен бұл дәптерлерді аман сақтап, көшіріп жазып алып, елге жөнелте алатын сенімді біреуге тапсыр» дейді ол Ғ.Шариповқа. Айтқандай, Ғаббас Шарипов түрмеден босатылып, 1944 жылы Францияға жөнелтіледі. Онда ол әлгі дәптерлерді Нығымет Төреғұлов дегенге береді. Сол Н.Төреғұлов 1946 жылы мұны Татарстан Жазушылар одағына табыс етеді. Ал екінші дәптері түрмелес бельгиялық досы Андре Таммермонс арқылы жеткені белгілі. Дегенмен, Мұсаның үшінші дәптері болған деген де лақап бар. Бірақ әзірге оның тағдыры белгісіз.
Дәптердің бірінде 60, екіншісінде 33 өлең бар. Біріншісінің соңғы мұқабасына ақын өз өсиет-тілегін жазған.
«Татарша оқи білетін және дәптерді оқып шыққан досқа. Мұны жазған – татар ақыны Мұса Жәлел. Оның мән-жайы мынадай: 1906 жылы туған. Москвада да, Қазанда да пәтері бар. Өз елінде үлкен ақындардың бірі боп саналады. 1942 жылы майданда жүріп, тұтқынға түсіп қалды. Сол тұтқында азап атаулының бәрін басынан кешірді, қысқа күнде 40 өлімнен өтті, содан соң Берлинге әкелінді. Мұнда ол астыртын ұйымдарға, совет насихатын таратуға қатысты деп айыпталып, түрмеге қамалды. Енді оны өлім жазасына кеседі. Өледі ол. Бірақ тұтқын мен қамауда жүріп жазған 115 өлеңі артында қалып бара жатыр. Оның ойлайтыны да солардың тағдыры. Сондықтан ол 115 өлеңнің ең болмаса алпысын көшіріп жазып қалдыруға талпынды. Егер осынау дәптер сенің қолыңа тие қалса, мұқият, ұқыптап ақ қағазға көшіріп жазып, сақтап қой, соғыстан соң Қазанға хабарла, татар халқының қаза тапқан ақынының өлеңдері деп жарыққа шығар. Менің өсиетім осы. Мұса Жәлел. 1943. декабрь» деп жазыпты.
Соғыстан кейін ардагер ақынды туған елі қайта тірілтті. Оның есімін қаза тапқан мыңдаған адамдардың ішінен іздеп тауып, әр жырын бағалау және дүние жүзіне мақтанышпен паш ету оңай емес. Кремльден талап ету арқылы Кеңес одағының батыр атағын бергізу, Лениндік сыйлықтың иегері атандыру татар жұрты үшін оңай болған жоқ.

Бейсенғазы Ұлықбек

Осы айдарда

Back to top button