Денсаулық сақтау

Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына жарналарды төлеу тәртібі өзгере ме?

Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына жарналарды төлеу тәртібі өзгере ме?


Денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын, медициналық қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында халыққа медициналық көмек көрсету мерзімі 2020 жылға қалдырылды. Осы орайда жұртшылық көкейіндегі «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мерзімінің 2020 жылдың бірінші қаңтарына шегерілуіне байланысты жарналар мен аударымдарды төлеу тәртібі өзгере ме?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету және жеке тұлғалар мен мемлекеттің жарна төлеу мерзімін 2018 жылдың бірінші қаңтарынан 2020 жылдың бірінші қаңтарына ауыстыру туралы заңнамалық өзгерістер қабылданды. Яғни, жеке тұлғалар жарна төлеуден 2020 жылға дейін босатылады.

Жұмыс берушілер жарнасы өзгеріссіз

Жұмыс берушілер үшін медициналық сақтандыру қорына аударатын аударымдар мөлшері өзгермейді. Медициналық сақтандыру жүйесі толықтай іске қосылғанға дейін, 2018 және 2019 жылдар ішінде жұмыс берушілер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына әрбір жұмыскердің жалақысының 1,5 пайыз мөлшерінде, 2020 жылдан бастап екі пайыз мөлшерінде жарна аударуды жалғастыра береді. Қарамағында жалдамалы жұмыскерлері бар жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелері де жарнаны осы тәртіп бойынша төлейді.

Жеке тұлғалар 2020 жылға дейін жарна төлеуден босатылады

Қабылданған түзетулерге сай, азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде табыс табатын тұлғалардың жарна мөлшері айтарлықтай азайды. 2020 жылы бес пайыздан бір пайызға төмендейді, ал 2021 жылдан бастап табысының екі пайызы мөлшерінде жарна төлейді. 2018-2019 жылдары олардың табысынан жарна ұсталмайды.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына жарналарды төлеу тәртібі өзгере ме?

Жеке кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары ЖК ретінде өзі үшін жарна аудармайды. Бірақ қарамағындағы қызметкерлер үшін жұмыс беруші ретінде жарна аударуды тоқтатпайды. Оның мөлшері 2018-2019 жылдары 1,5 пайыз, 2020 жылдан бастап екі пайыз.

Жалдамалы жұмыскерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 2020 жылдан бастап, яғни жұмыс берушілер олардың табыстарынан 2020 жылы бір пайыз және 2021 жылы екі пайыз мөлшерлеме бойынша ұстап, жарна төлейтін кезден бастап қатысады деп көзделіп отыр.

Мемлекет жеңілдік жасалатын азаматтар үшін жарнаны 2020 жылдың қаңтар айынан бастап аударады. Аударылатын жарна мөлшері оған дейінгі екі жылға бекітілген орташа айлық жалақының төрт пайызын құрайды.

Сонымен, ауыспалы кезеңде, яғни 2018-2019 жылдары азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс істейтін тұлғалар, жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер, өзін-өзі еңбекпен қамтушылар қорға жарна төлеуден босатылады. Жоғарыда көрсетілген санаттарға жатпайтын тұлғалар ең төменгі жалақының бес пайызын төлеп, сақтандыру жүйесіне қосыла алады.

Жалпы тәртіптегі жеке кәсіпкерлер былтырғы шілде-желтоқсан айлары үшін жарнаны биылғы қаңтардың 25-інен кешіктірмей аударуы тиіс. Ал жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін пайдаланатын Жеке кәсіпкерлер былтырғы шілде-желтоқсан айлары үшін жарнаны биылғы 25 ақпаннан кешіктірмей төлеуі тиіс.

Сақтандырылғандарға артықшылықтар бар

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету басталғанға дейінгі кезеңде тұрғындар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесі бойынша медициналық көмек алады. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі атап өткендей, медициналық сақтандыру жүйесіне халықтың ауырсынбай көшуін қамтамасыз ету үшін, сақтандырылмаған азаматтар 2022 жылға дейін ең төменгі әлеуметтік кепілдік ретінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қысқартылған түрде ала алады. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылғандарға, керісінше, артықшылықтар бар. Олар 2020 жылдан бастап кеңейтілген медициналық қызметтер пакетін алады, яғни жиналған жарналары содан жұмсалады.

Биылғы бірінші қаңтардан бастап қор тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерге ақы төлейтін бірыңғай төлеуші ретінде іске кіріседі. Бұл медициналық қызметтерді жоспарлау, сатып алу, сапасын бақылау және ақы төлеу тетіктерін жан-жақты ойластырып, іске қосуға, сондай-ақ төлемдік ақпараттық жүйелер мен жаңа тарифтік саясат енгізу жұмыстарын реттеуге мүмкіндік береді. Аталған шаралар қордың 2020 жылдың бірінші қаңтарынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайында жұмыс істеуге толық дайындығын қамтамасыз етеді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған азаматтарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек амбулаторлық және стационарлық жағдайда тегін көрсетіледі. Оған профилактика, диагностика, ауруларды емдеу, жүктілікті бақылау, медициналық манипуляциялар кіреді. Мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекке арнайы әдістерді қолдануды және күрделі медициналық технологияларды қажет ететін профилактика, диагностика және емдеу шаралары кіреді.

Жедел медициналық көмек шұғыл және күттірмейтін жағдайларда медициналық ұйымдардан тыс, ал келеңсіз жағдайлар, жарақаттар, улану, күрделі науқастардың кенеттен асқынуы сияқты шұғыл медициналық араласуды қажет ететін жағдайларда амбулаторлық немесе стационарлық жағдайда көрсетіледі.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button