Экология

Миллиондаған түп ағаш отырғызбақ

Азамат Темірбеков

Алдағы бес жылда өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында 76 миллион түп ағаш отырғызылады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Жауапты тұлғаның хабарлауынша, бүгінде ауаға кері әсері бар қоршаған ортаның техногендік ластану көздерінің көбі Өскемен қаласында шоғырланған көрінеді. Дей тұрғанмен табиғи ортада тарихи тұрғыда қалыптасқан мұндай экологиялық жүктеме кезең-кезеңмен әрі ұзақ мерзімді шешуді талап етеді.

– Бүгінгі күні 15 бекетте ауаның жай-күйіне мониторинг жүргізіледі, – дейді Ержан Нұрбаев. – Жалпы, облыстың бас шаһарындағы ауа ластануының негізгі үлесі «Казцинк» және «Өскемен жылу электр орталығы» кәсіпорындарына тиесілі. Соңғы 15 жылда шығарындылар көлемін 67 пайызға азайтқан «Казцинк» озық технологияларды енгізу арқылы 2025 жылға қарай табиғи ортаға түсетін жүктемені тағы 20 пайызға дейін кемітуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар ауаға шығарылатын азот оксидін азайту мақсатында «Өскемен жылу электр орталығы» қазандық агрегатын жаңғырту жобасын жүзеге асырды.

Соңғы бес жылда облыстың ірі кәсіпорындары табиғатты қорғау іс-шараларына 48 млрд теңгеден астам инвестиция құйған. Мемлекеттік экологиялық бақылау шеңберінде тексерулер жүргізіліп, бұзушылықтар анықталды. Анықталған олқылықтарды жою туралы ұйғарымдар беріліп, жалпы сомасы 297,6 млн теңгеге айыппұл салынды.

Бұдан бөлек облыста экологиялық жағдайды қалпына келтіруде елеулі үлесі бар көгалдандыру жұмыстары да басшылық назарынан тыс қалған жоқ. Атап айтсақ, бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп, елді мекендердің айналасында жасыл белдеулер құрылды.

Алдыңғы жылы 127,5 мың  түп ағаш отырғызылса, былтыр 149,4 мың түп отырғызылды. Оған қоса облыстың 2021-2025 жылдарға арналған орман алқабын кеңейту мен орман өсірудің кешенді жоспарына сәйкес, бес жылда 15 мың гектар аумаққа 76 млн ағаш көшеті отырғызылатыны белгілі болды.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде соңғы он жылда ауаға тарайтын зиянды қалдықтар көрсеткішін 13 пайызға азайтуға мүмкіндік туды.

Осы айдарда

Back to top button