Мәңгіліктің бекетінде (драма)
Роза: Мама, әкемді қайда алып кетті? Қашан келеді?..
Нағима (көзінен жас сорғалап тұр) Келеді, құлындарым! Әкелерің әлі-ақ оралады қайтадан… (көзін сүртіп, үрпиіскен балаларын бауырына қысып тұрып қалады)
14 – көрініс
Төрт айдан аса уақыт өткен. Алматының НКВД түрмесі. Бір стол, бір орындық, кіре беріс қабырғада екі жағынан мықты бекітілген сырық, оның екі ұшында салбырай байланып, салақтаған арқан. Тергеуші орыс Мақсұттан жауап алып отыр. Мақсұт жүдеген, сақалы өскен, өкпе ауруына шалдыққаны білініп тұр, булығып жөтеле береді.
Тергеуші(алдындағы Мақсұттың ісін парақтап шығып): Сөйле, батырым, қай жақтан келдің?
Тайшыбаев: Риддерден…
Тергеуші: Этаппен Семейге, одан Алматыға жіберіпті (өзі қағазға қарап, күбірлеп) сол Риддеріңде-ақ қарамай, бірден Алматыға айдағанына қарағанда, сен осал болмадың. Шамасы, көптің бірі емес, ұйымның серкесі болған болуың керек…(үнсіздік) Неге үндемейсің?
Тайшыбаев:Не айтуым керек?
Тергеуші: Төңкерісшіл ұйымыңда қанша адам, кімдер болды?
Тайшыбаев: Газет редакциясында жеті адам жұмыс істедік, басқа ешқандай ұйым болған жоқ.
Тергеуші: Сен өйтіп жәдігөйленбе. Сендейлердің талайын көргенбіз…Советтік құрылысқа қарсы ұлтшыл ұйымдарыңның жоспары, мақсаты қандай болды?
Тайшыбаев: (әбден ашынған) Әр бұтаның түбінен «жау» іздеп, жәдігөйленіп жүрген өздерің емес пе…Совет өкіметіне қарсы ешқандай ұйым болған емес…
Тергеуші: (қаны бетіне шауып, ызадан жарыла жаздайды, атылып келіп Тайшыбаевтың ішінен бір тебеді), Әй,әкеңді!..Қайдағы бір калбит мені «жәдігөй» дейді, көрсетейін мен саған ондай қорлауды (беттен соғып, біраз тепкілеп «айызы қанған» соң, орнына келіп, қайтадан отырады. Жерде жатқан Мақсұтты айдауыл көтеріп тұрғызады. Бетін қан жуып кеткен, ауырсынып тұр, бірақ рухы түспеген, тістеніп тұр). Сенің бүкіл документтеріңді де, аудармашымен отырып, газетіңді де ақтарып шықтым. Газеттің мылтықтан да күшті қару екенін мен де білем. Міне («Жұмысшыны» сілкілеп), сенің газетіңнің тең жартысы дерлік – орыстарды жамандау…Тегінде, Совет өкіметі дегеніміз ұлы орыс халқы екендігі есіңде болсын…
Тайшыбаев: Ол пікіріңізге келісе алмаймын. Советтер Одағы – барлық ұлттардың Отаны…
Тергеуші: Әй,иттің баласы,өз пікіріңді өзің езіп іш… Мына «Аты өшкір Андреев» деп тақырыбына дейін айғайлатып қойған – сенің мақалаң ғой…
Тайшыбаев:…Иә, мен жазғам.
Тергеуші(оқиды): «…Өз қарамағындағы қазақтардың үш тобына Әндіреев жер қаздыртады, тас сындыртады, саз күретеді, арық тазалаттырады…». Әй, қолынан түк келмейтін топастарға қара жұмыс істетпегенде, сеніңше, шалқайтып креслоға отырғызып қою керек пе?
Тайшыбаев: Мені йанаттап отырсыз, жарайды. Албүкіл ұлтты қорламай, тіліңізді тарта сөйлеңіз…Кәсіби жағынан оқып, мамандық меңгергендер де бар қазақ жұмысшыларының арасында. Соларды өз мамандықтары бойынша дұрыс пайдалану керек қой. Оқытып, үйретуге неге болмасын…
Тергеуші:(тұтқынның қайсарлығына таңдана тұрып, ыза болып, қатты-қатты сөйлейді) Әй, тіл білмейтін миғұлаларды үйретіп болғанша, топан су қаптайтын шығар…
Тайшыбаев: Олай қорламаңыз, тергеуші жолдас. Ұлтқа жіктеп, ұлтшылдықты қоздырып отырған өзіңіз ғой. Әйтпесе 1924 жылғы Конституцияда қазақ және орыс тілдері бірдей дәрежеде мемлекеттік тіл болып белгіленген…
Тергеуші: Қысқарт! Білгішін қара мұның. Әкеңнің аузын…, калбит! (ұрып, өршелене тепкілейді). Мен сенің көзіңе көк шыбын үймелетермін. Конвой! (айдауылға) Ертеңге дейін мынаның әптігін басып, тілін қысқартып әкеліңдер. Әкет!
Конвой: Құп болады! (алып кетеді, Мақсұтты тепкілеп, соғып жатқаны, оның қиналысы естіліп тұрады).
15 – көрініс
Түрменің сол тергеу бөлмесі. Мақсұттың көзі көгерген, бет-аузы жара, сақалы өскен, өңі жүдеу, шашы ұйпа-тұйпа, еңкіш, жүрісі ауыр, булығып жөтеле береді. Ауырсынып, тікесінен тік тұр. Сол тергеуші.
Тергеуші: Риддердегі сенің ұлтшыл-контралар ұйымыңның мүшелері белгілі болды: комбинат директорының орынбасары Мадалиев, спецсектордың бастығы Тұрлыбаев, кадрлар бөлімінің қызметкері Насыров, инженер-геолог Толыбаев. Бәрі де әшкереленіп, қазір Семейдің абақтысында отыр. Бұларды танисың ғой?
Тайшыбаев: Білемін, барлығы да өз істерін жақсы меңгерген мамандар…
Тергеуші: Сен де бір саппас екенсің.Оларға сен баға бермейсің, біз береміз. Осылардың барлығы 19-январьдағы қазақ активінің жиналысына қатысты ма?
Тайшыбаев: Қатысқан…
Тергеуші: Онда «бүкіл қазақтар комбинатта төңкеріс жасау керек», «Шовинистердің қорлығына төзгенше Риддерден кетіп қалу керек» деген пікірлер айтылды ма?
Тайшыбаев: Жоқ, ондай әңгіме болған жоқ.
Тергеуші: «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды». Өзіңді ұлтшыл-контрреволюциялық ұйымға кім, қашан және қалай тартты?
Тайшыбаев: Мен ешқандай ұйымды білмеймін, қабылданғам да жоқ…
(тергеуші долданып, жақын келіп, жұдырықтың астына алады). Тергеуші: Ұйымдарың қарулы көтеріліске қалай әзірленді?
(Тайшыбаев үндей алмайды) Жауап?!.. (тағы соғады)
Тайшыбаев:(әзер сөйлейді, бет-аузы қан) Ешқандай ұйым болған емес…
Тергеуші: Тап жауының тұқымы, заводты қалай бүлдіріп, қандай зиянкестік жасадыңдар?
(әр сұрақтан соң бір жұдырықтап, мұқатып, қорлайды)
Ақмолада, Алматыда сендерге басшылық жасап, дем беріп жүргендер кімдер?
Тайшыбаев: (мұрнынан, бетінен қан ағып, аяғынан әзер тұр): Ондайлар жоқ…
(Тағы бір ұрғанда Мақсұт құлайды. Тергеуші айдауылға Мақсұттың екі қолынан арқанмен байлатқызып, төбеге кергізіп қояды)
Тергеуші:Жаудың сілімтігі! Осылай тұрып, ақылына келсін… Қозғамаңдар. Мен екі сағаттан кейін қайтып келемін…
(Шығып кетеді)
Екі сағат өткен. Тергеуші қайтып келеді.Мақсұт арқанның күшімен ғана аяғынан әзер тұр. Әбден қалжыраған, сағы сынған.
Тергеуші: Тайшыбаев, сенің осында келгеніңе екі ай болды, күнде көрген күнің мынау. Қасарысам деп осында өлесің ғой, бейшара. Мен қажетті қағаздың барлығын жөндеп әкелдім… Өй, мынау ұйықтап кеткен бе… естімей тұр ғой (айдауылға шелекпен су алдырып, бетіне шашады. Мақсұт есін жияды) Сен сол қағазға қол қойсаң болғаны. Мүмкін сот жазаңды жеңілдетер…(Мақсұттың қолына қалам ұстатып,қағазын жақындатады. Әділдіктен түңіліп, әбден қалжыраған Мақсұт «Мен түңілдім, сенің дегенің-ақ болсын, шошқа» деп үзіп-үзіп, әзер күбірлеп, тергеушінің көрсеткен тұсына әзер дегенде қолын қояды).
(Мақсұттың сөздеріне көп мән бермеген және ұқпаған тергеушіқуанышты, өзіне-өзі) Вот и порядок! (айдауылға) Қолын шешіп, камерасына апарыңдар!
16 –көрініс
Түрме бастығының кабинеті. Сталиннің портреті, Қызыл жалау. Стол, диван, кресло, терезеде – перде. Столды айнала – үш адам, біреуі – тергеуші.Мақсұт қолы артында, босағада тұр, жанында – мылтықты айдауыл.
Тергеуші (орнынан тұрып,қолындағы қағаздан оқиды): Тайшыбаев Мақсұт, 1904 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданының Қорғалжын ауылында туған. Шыққан тегі – бай, феодал. Партия қатарынан шығарылған. Соңғы жұмыс орны – Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қалалық «Жұмысшы» газетінің редакторы. Тайшыбаев өзіне қойылып отырған айыбын толық мойындады. (Мақсұт ұмсынып қалады)
Сот төрағасы: Айыпталушы Тайшыбаев, не айтасыз?
Тайшыбаев: Өзімді тәрбиелеген Коммунистік партияға, өзім құрысқан Советтік құрылысқа мен қалайша жау боламын. Тіпті санаға сыймайтын айыптау ғой мыналарыңыз…
Сот төрағасы: Па, шіркін, Советтер Союзын сен құрған екенсің ғой (оның кекеткеніне жанындағылар жағымпаздана күледі)
Тергеуші: Бүкіл бұратаналарды жалғыз өзі ұстап тұрғандай кесірленеді, жауап кезінде де ылғи салғыласты…
Сот төрағасы:Ерігіп отыратын уақыт жоқ, жұмыс көп. Оқы үкімді! (жанындағыға иек қағады)
Үштіктің үшіншісі:СССР Жоғарғы соты әскери коллегиясының бүгінгі, яғни 1938 жылғы 11 – наурыздағы отырысында Тайшыбаев Мақсұт РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 2-тармағы – қарулы көтеріліс әзірлеу,7-тармағы – зиянкестік әрекеттер, 8-тармағы – террористік акт, және 11 – контрреволюциялық ұйымға қатысу тармағы бойынша айыпталып, ең жоғары жаза – ату жазасына кесіледі. Сот үкімі жедел орындалуға жатады.
Тайшыбаев (жағдайдың тым ушығып кеткенінен үрейленген): Мәртебелі коллегия мүшелері, жастығымды ескеріп, үкім жазасын ауыстыруларыңызды өтінемін…Айыпты болсам, маған айыбымды адал еңбегіммен өтеуге мүмкіндік беріңіздер…
Сот төрағасы: Е, енді қалай сайрады, Совет өкіметін құрушы сабазың (қолпаштаған күлкілер). Ол өтінішің қабылданбайды (отырғандар бір-біріне қарап, бастарын шұлғысады)
Сот төрағасы: Сот үкімі жедел орындалуға жатады. Сондықтан, айыпталушы, соңғы сөзің болса, айт.
Тайшыбаев (үкімнің өзгермейтініне әбден көзі жеткен ол бойын билеген үрейден арылып, сабасына түседі): Не деген мәрттік десеңізші.
Сот төрағасы: Айтушы ма ең. Әлде жоқ па соңғы сөзіңді? (абыржыңқы, айғай салады).
Тайшыбаев: Соңғы сөз… Не деген ызғарлы, не деген қатыгез…Көрмеген құқайың жоқ, қайран қазағым-ай, кезекті бір ақтабан шұбырындыдан аман-есен өтсең екен (бөлмедегілерге назар салмай, алыс бір қиырға қарағандай, тамағын кенеп, жайлап «Елім-айды» ыңылдайды):
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Елім-ай, елім-ай..
Сот төрағасы (шошыған, айдауылға жандәрмен айғай салады) Әкет мынаны, жынданып кетті…
(Тайшыбаев өткір көзқарасын төрағаға қадап, өлеңін жалғай береді,енді олөлеңге Нағиманың әсем де зарлы әуені қосылып, төбе құйқаңды шымырлатып тұрады…Айдауыл Мақсұтты итеріп шығарып әкетеді).
Біраздан соң Нағиманың әуені кілт үзіліп, тарс еткен мылтықтың ащы дауысы шығады. Шерлі әуен біразға дейін үздіге қалықтап тұрады.
17 – көрініс
Бүгінгі Тәуелсіздік заманы. Риддер қаласы. Жаз. Риддердегі Тайшыбаев атындағы көшенің ашылу салтанаты. Көше басындағы Көк туды желбіретіп, көк галстуктарын желбіретіп сапқа тұрған жасұландықтар алдында – Роза Мақсұтқызы, журналист, Риддер қаласының әкімі, Балжан, қала белсенділері…Микрофон жанында қала әкімі сөйлеп тұр.
Қала әкімі:Құрметті қауым, айналайын балалар! Қаламыздағы мына даңғыл енді Мақсұт Тайшыбаев атындағы көше болатын болды. Бүгін біздің арамызда Алматыдан келген қадірлі қонақтар тұр. Олар – осы Шығыс өңіріндегі алғашқы қазақ газеті – «Жұмысшының» редакторы болған Мақсұт Тайшыбаевтың қызы Роза апамыз бен немересі Балжан қарындасымыз…(жұрт қошеметпен қол соғып жатыр. «Рахмет, қарақтарым, рахмет!» деп күбірлеп тұрған Роза апаның жанарынан еріксіз домалаған жастар. Оны елеп,сөз тыңдап тұрған ол жоқ, әкесінен айрылғаннан кейінгі өмірлері үзік-үзік кино ленталарындай көз алдынан өтіп жатады)
1-көрініс:
Роза (бес жаста. Константинов әкесін тұтқындаған кезде өзінің әкесінің аяғынан тас қып құшақтап алған) Папа, кетпеші..кетпеші!.. (Шырылдаған баланы Константинов жұлқи тартып, шешесіне қарай итеріп жібереді. Бала шырылдап жерде жатады. Әкесін қолын қайырып, үйден шығарып әкетеді).
2-көрініс:
(Риддердегі үйлерінде. Қолына Раяны көтерген шешесі, Бекет, Роза үрпиісіп тұр. Түн ортасында есікті тоқылдатып Әлібаев кіреді).Әлібаев: Нағима,осы қазір жиналып, қашуларың керек. Ертең кеш болады. «Халық жауының семьясы» деп сені ұстауға ордер жазылып қойды. Мен ептеп станцияға жеткізіп салайын… Тездет, ең керектілеріңді ғана ал… (Кішкентайын қолына алған шешесі, Розаны жетектеген Бекет үйлерінен жалтақтай, зәрелері ұшып, қашып шығып барады.
Өкірген отарба, зырылдаған дөңгелек, алакөлеңке елестерде «Усть-Каменогорск», «Семипалатинск», «Караганда», «Акмола» деген жазулары бар қалалар бірінен соң бірі қалып отырады. Вагон ішінде біріне-бірі жабысқан бұлар, адамдардың барлығынан қорқып, беймәлім бағытқа қашып барады…
Өкірген отарба, зырылдаған дөңгелек, бір мезет «Бозінген» күйі, бір мезет «Елім-ай» әуені…
Балжан: (қолындағы қол орамалымен шешесінің бетін сүртеді) Мама, саған не болған. Елдің бәрі бізге қарап тұрған жоқ па…
Роза (өзіне-өзі келгендей болады): Білмеймін, босап кеттім… Барлығы есіме түсіп … Болдым, жаным.
Қала әкімі(сөзі жалынды):… Диірменнің тасындай шыр айналған дүние-тарихтың 1937-38 – жылғы қызыл қырғынды бекетінде халқымыздың көптеген аяулы ұлдары қалды. Сол қызыл қырғынның сұрапылы неғұрлым алыстаған сайын Мәңгілік бекетінде қалған арыстар бейнесі, олардың киелі рухы солғұрлым зорайып, өзінің халқына ерекше жақындай түскендей. Жандарың жәннатта болсын, нақақтан күйген аяулы да асыл ағалар!..
Балалар Роза апайды құрметті ұлан қатарына қабылдап, мойнына көгілдір галстук тағады.
Роза Мақсұтқызы:«Рахмет, қарақтарым, өркендерің өссін!» (Роза олардың маңдайларынан иіскеп жатады)
Ақырындап, баяулап басталған «Көк тудың желбірегені» әнінің әуені біртіндеп зорая түседі.
Әкім Роза апаны қолтықтап апарып, екеуі үй қабырғасына орнатылған мемориалдық тақтайшаны ашады. Роза тақтайшадағы әкесінің суретіне елжірей қарап, ерекше бір тебіреніспен, баспалдақты тепкішекке көтеріліп,маңдайын әкесінің суретіне төсейді.
Роза Мақсұтқызы: Аллаға шүкіршілік! Тәубе! Әке, сені көрмей кетемін бе деп едім. Арамызға қайтадан оралдың… Енді менің арманым жоқ! (залға қырындай бұрылып, қос қолын кеудесіне айқастырып, сәл иіледі.) Рахмет, айналайындар, барлығыңа мың да бір рахмет! (Көзінен домалаған жас тамшылары. Бірақ, бұл – қуаныштың, бақыттың жастары).
«Көк тудың желбірегені» енді әуеннен әнге ауысып, залды керней шырқалады.
Айтмұхамбет Қасымов
Cоңы.