Қоғам

Металлургтерді мақтан тұтамыз

Металлургтерді мақтан тұтамыз


Жарма ауданы, Әуезов кентінің тұрғындары үшін Металлургтер күні керемет мереке ұйымдастырылды. Батылдық пен табандылықты талап ететін мамандық иелерін ұлықтауға арналған мұндай кең ауқымды мерекелік іс-шаралар «Полиметалл» компаниясының өзге де бөлімшелерінде өтті.

«Бақыршық кен байыту кәсіпорыны» ЖШС күшімен барлық жастағы тұрғындарды қамтитын естен кетпес шаралар легі өтті. Мерекелік шараларға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысып, өңір басшысының атынан «Бақыршық кен байыту кәсіпорыны» ЖШС ұжымын құттықтады.

– Бұл мереке отандық металлургиялық өндірісінде еңбек ететін барлық қазақстандықтарды біріктіреді. Сіздер құрметке лайықсыздар. Бұл мамандық жан-тәнімен беріліп еңбек етуді, батылдық пен табандылықты талап етеді. Сіздер еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосып келесіздер. Шығыс Қазақстанды еліміздің индустриялық мақтанышы деп тегіннен-тегін айтпаған. Бұл орайда сіздердің еңбектеріңіз ерен. Сіздерге еңбекте жаңа табыс, мықты денсаулық, бақыт пен отбасылық береке-бірлік тілеймін!-делінген облыс басшысының құттықтауында.

Нұрымбет Сақтағанов металлургия саласының үздік өкілдеріне медальдар мен мақтау қағаздарын салтанатты түрде табыс етті. Олардың қатарында «Бақыршық кен байыту кәсіпорыны» ЖШС карьер бастығы Дмитрий Шевченко, бульдозер машинисі Владимир Кузнецов, экскаватор машинисі Василий Ковтун бар. Олар Инвестиция және даму министрлігінің шешімімен ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» медальдарымен марапатталды.

Жарма ауданының әкімдігі мен қоғамдық ұйымдары да металлургтерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, әлеуметтік әріптестіктеріне жылы лебіздерін білдірді.

«Бақыршық кен байыту кәсіпорыны» ЖШС бас директоры Юрий Овчинников «Полиметалл» компаниясы басқармасының атынан әріптестерін құттықтап, еңбектерімен көзге түскен қызметкерлерге құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтарды табыс етті.

– Бүгін біздің басты жетістігіміз ретінде жоспарланған жобаның табысты жүзеге асырылуы екендігін атап өткім келеді. Сонымен қатар, біз көптеген әлеуметтік бағдарламаларды іске асырып, облыс, аудан әкімдіктері мен халықтың алғысына бөленіп келеміз,-деді Юрий Овчинников.

Лаура Нарузбаева

Осы айдарда

Back to top button