Журналистік зерттеу

Мен Күләш Байсейітова көшесінде тұрады екенмін… Жылағым келгені, мұнда көше тұрмақ, жол жоқ қой!

Өскемендегі жүздеген көшенің саусақпен санарлығының ғана атауы қазақша екендігі басты кемшіліктеріміздің бірі ретінде көп айтылады.

Мен Күләш Байсейітова көшесінде тұрады екенмін... Жылағым келгені, мұнда көше тұрмақ, жол жоқ қой!Нанбасаңыз санап көріңіз. Қазақстан, Алматы, Астана, Абай, Қабанбай, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Қасым Қайсенов, тағы басқа. Тіпті, Тәуелсіздік атты бас даңғылымыздың аты 50 пайыз ғана қазақша. Сөйтіп, бар-жоғын оннан асыра алмай жүргенде жуықта тағы бір қазақ атаулы көшені естіп, қуанарымды да, жыларымды да білмей, дал болдым.

Неге екіұдай болғанымды артынан айта жатармын, әуелі өзім тұратын ауылдың жай-күйіне тоқтала кетейін. Біз Өскемен қаласының іргесіндегі Ахмер ауылының бір шетінде он жыл тұрып келеміз. Ол Өскемен – Астана тас жолынан небәрі 500 метр қашықтықта. Түтін саны 60-тан асып жығылады. Бірақ бұрын бармаған адам оны оңайлықпен таба алмайды. Өйткені, шағын ауылда ат жоқ, көше түгіл, жол жоқ. Үйіміздің жылжымайтын мүлік басқармасынан берген техникалық төлқұжатында «пәленінші жер телімі» деп көрсетілген. Сондықтан ұғу да, ұқтыру да мүмкін емес. Әбден тарыққанда «осы бауыры бүтін пенде жоқ, дүниеден бір туысқаны өтіп, мұсылмандар зиратына жерленген шығар» деген оймен: «Ахмердегі зиратты білетін шығарсыз?» деп сұраймыз. Өйткені, біздің ауылдың бүйірі Өскемен қаласындағы мұсылмандардың үлкен зиратына тиіп тұр.

Бірақ біздің ауылды қала басшылары жақсы біледі. Өйткені, «балалар қыста қардан, көктемде батпақтан мектепке жете алмайды, болмағанда топырақ жол төсеп беріңіздер» деп, қала әкімінің жыл сайынғы есеп беру жиынында есін шығарып, қала берді қарттарымыз есігін тоздырып, ығыр болдырғанбыз. Оның сыртында «біз зират күзетшісі немесе түрік сериалындағы «Қыналы қарлықтар» емеспіз», тоқсан үйлі тобыр, алпыс үйлі арғынға айналдық, бізге Қамбар сияқты батыр емес, қар күрейтін қара трактор қажет» деген сынды мұң-зарымызды жыл сайын «Дидар» газетіне жазып қоямыз. Газет сынына орай, 2010 жылы қала әкімінің орынбасары осы ауылдың жолға, суға, жарыққа қатысты басшыларының басын қосып, «нақты тапсырма» бергені де бар. Бірақ, қайыр жоқ.

Осылайша, «ауылымыздың заты болса да, аты, көшесі жоқ» деп өкпелеп жүрсек, қателесіппіз. Жуықта үйімнің техникалық төлқұжатын ауыстыру үшін жылжымайтын мүлік басқармасына барғанымда олар қала құрылысы және сәулет басқармасынан «көшенің атауы жоқ» деген анықтама әкелуді талап етті. Ондағыларға мән-жайды түсіндіріп, жерімнің мемлекеттік актісін көрсетіп, анықтама сұрадым. Міне, қызық! Сарыла күтіп жүріп, екі аптадан кейін қолыма тиген тілдей анықтамада «Сіздің үйіңіз Ахмер ауылындағы Күләш Байсейітова көшесінде орналасқан» деп жазылыпты.

Қуанарымды да, жыларымды да білмеуімнің себебі енді түсінікті болған шығар. Қуанғаным, мен жай ғана бір көшеде емес, қазақтың теңдесі жоқ бұлбұл әншісі, КСРО халық әртісі Күләш Байсейітова апамыздың атындағы көшеде тұрады екенмін. Аруағыңыздан айналайын! Жебей жүріңіз! Басқа жерде жүріп, біреулерге мекенжайымды ұқтырғанда «Өскемен қаласының Күләш Байсейітова атындағы көшесінде тұрамын» десем, ол адамның сәнді қаланың орталығындағы сәулетті көшелердің бірі екен деп ойлайтынына күмән жоқ. Жылағым келгені, мұнда көше тұрмақ, жол жоқ қой!

Сонда қалай болғаны? Ауыл тұрғындары мазақ па, атақты әнші апамыз мазақ па?

Бодаухан Тоқанұлы

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button